Жаңалықтар

Мақсат — бірлікті бекемдей түсу

Мақсат — бірлікті бекемдей түсу
30.07.2018 10:46 1396

Әр халықтың бітім-болмысы, мінезі туған жерінің, атамекенінің табиғатынан тамыр тартып жататындай және мұны қазаққа қарата айтуға әбден болады. Ұлтымыздың қашаннан мінезі тауларындай тарпаң, ал көңілі Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан даласындай дархан келеді. Нешеме зұлматты бастан өткерсе де, тар заман көрсе де, қазақ кең пейілін жоғалтқан жоқ.

Мұндағы айтпағымыз, алаш жұрты қазір де осынау байтағымызды қатар мекендеген өзге этностарды сол дархандығымен, мәрттігімен, жомарттығымен көңіліне сыйдырып отыр. Әрине, Елбасы бастамасымен қолға алынып келе жатқан сарабдал саясаттың арқасында қоғамымызда ұлттар татулығы, тұрақтылық пен тыныштық салтанат құрып келеді. Осынау құндылықтардың баянды болуында қазақтың кең пейілдігінің рөлі, маңызы одан бір мысқал да кем емес. Еркелікті кешірсе де, есерлікті кешірмейтін еліміз түрі, тілі, діні мен ділі басқа болса да, тілегі, жүрегі бір екенін аңғарта алған жұртты қашан да жатырқаған да, жатсынған да емес.

Өзге мемлекетке табан тіресеңіз сол елдің заңына мойынсұнасыз. Қайсы бір шаңырақтың қадірлі қонағы болсаңыз, сол үйдің құндылықтарына құрметпен қарайсыз. Бұл біз шығарған қағида емес, әлімсақтан келе жатқан заңдылық. Ендеше, иә, Қазақстандағы сандаған ұлт өкілдері осы мемлекеттің тең құқылы азаматы, тілін, дінін және басқа рухани байлықтарын сақтауға, дамытуға қақылы. Алайда, мемлекеттің негізін құраушы қазақ екені шығар күндей шындық болса, оның құндылықтарын өз құндылықтарынан кем білмеу, оған құрмет көрсету әрбір қазақстандықтың парызы. Бұл мүлдем жоқ үрдіс деуден аулақпыз. Бірақ, кейде ақсап жататын тұстары да жоқ емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы қолға алған «Қазақтану» жобасы осы олқылықтың орнын толтыру бағытындағы елеулі қадам.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазақ халқының рухани әсемдігі мен ішкі жан дүниесі тереңдігінің барша кеңістігін көрсетті. Дәуірлер тіріліп, ескерткіштер сөйледі. Қазақ халқының даналығы бірыңғай халықты байланыстырушы негіз болып отыр. Ассамблея «Қазақтану» жаңа жобасын ұсынып отыр, бұл өз кезегінде барша қазақстандықтарға қазақ мәдениетінің, тарихының, философиясының біріктіруші күші, қазақ халқының құндылықтары жөнінде түсінік беру үшін жасалуда. Осы орайда біздің философтар, жазушылар, ойшылдар бұл жайында әрбір Достық үйінде, мәдениет үйінде айтып жүргені дұрыс». Бұл биылғы сәуірде Ассамблея мүшесі, Шымкент оқушылар сарайының директоры Наталья Романованың Астанада өткен ҚХА-ның ХХVI сессиясында жаңа жоба жайлы ұсыныс төңірегінде айтқан сөзі.

Ұлттар татулығын нығайта түсуге ұстын болатын аталмыш ұсыныс ұйым мүшелері тарапынан қызу қолдау тапқан болатын. Қазақстан халқы Ассамблеясы оны жүзеге асыру жолдарын айқындауға қызу кірісіп, көп ұзамай-ақ ол жайлы Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханада ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысында сөз етті. Ұйымның сәуірдегі сессиясының тапсырмаларын орындау мәселелері талқыға салынған жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко «Қазақтану» жобасы қазақ халқының құндылықтарын барлық қазақстандық этностар арасында дәріптеуге арналғанын еске салды. Сондай-ақ, оның сөзінше бұл жобаны ғылыми мағына бермей жүзеге асыру мүмкін емес және осы себепті ҚХА кафедралары базасында оны іске асыру үшін тиісті алаңдар құрылады.

Сонымен, жоба сөз жүзінде қалмай, іс жүзіне асатынын уақыт көрсетті. Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша өткізілетін республикалық лекторий аясында Ассамблеяның ұйымдастыруымен қолға алынған «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасының тұсаукесер шарасын өткізуге Бурабайдағы Абылай хан алаңы таңдалды. Хан Абылай үш жүздің басын қосқан хандығын паш еткен тарихи мекенде Ассамблея мүшелерімен қатар ғалымдар, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, ЖОО, Қоғамдық келісім кеңестері және басқалардың қатысуымен өткен шара жобаны республика бойынша жүзеге асыру жұмыстарының басталғанын білдіреді. Соның негізінде басталған Қазақстан халқы Ассамблеясы лекторийінің аясында ҚХА лекторлары еліміздің түкпір-түкпірін араламақ. Ондағы діттеген мақсат біреу ғана, қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, ұлтымыздың өзге де құндылықтарын барынша кең көлемде насихаттау. Осы арқылы халықтың бірлігін, қоғамдағы тұрақтылықты нығайта түсу. Бұл үшін еліміздің айтулы ағартушы ғалымдары, қоғам қайраткерлері жұмылдырылмақ. Сондай-ақ, жастар мен жастар ұйымдары да елдік шараны іске асыру жұмыстарынан тыс қалмайды. Бұл пікірімізді Бурабайдағы тұсаукесерде ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының атқарушы директоры Тимур Жұмырбаевтың «Жоба жастарымыздың еліміз тарихы мен мәдениетіне жете үңіліп, терең түсінуіне көмектеседі. Осы орайда мектептерде және жоғары оқу орындарында қазақ мәдениетінің, ғылымы мен өнерінің жарқын өкілдері туралы пікірталастар өткізіліп, тарихи экскурсиялар ұйымдастырылады», - деген сөзі салмақтай түспек.

Қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың қолдауына ие болып отырған жоба аясында жоспарланған дүние көп. Соның бірі «Жер тарихы – ел тарихы» экспедициясы мен «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» жобасы. Осы дүниелердің шеңберінде ұйымдастырылатын шараларға этнос өкілдерінің көшбасшыларын қатыстыру да көзделіп отыр. Өйткені, Абылай хан алаңындағы тұсаукесерде «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали айтқандай, «басқа этнос өкілдері Қазақ елінің тарихын, тілін білсе, бұл еліміздегі тұрақтылықты одан әрі нығайта түседі. Бұл – тұрақтылық кепілі. Ал, қазақ мемлекетті құраушы ұлт болуы қажет».

Бас-аяғы 3 жылға есептелген жобаны өміршең етуге Ассамблея мүшелерімен қатар 4 министрлік пен өңірлік әкімдіктер атсалыспақ. Жақын күндері 10 бағыт бойынша бірқатар іс-шаралар ұйымдастыру көзделген. Демек, үш жыл бойы жоба шеңберінде Қазақстан этностарының арасында қазақтың дәстүрі, әдет-ғұрыптары, тарихы, адамгершілік принциптері, тағысын тағы құндылықтары тоқтаусыз насихатталмақ.

Ал, мұндағы негізгі меже қазақ халқын басқалардан артық етіп көрсету емес. Керісінше, қай ұлт өкілі екеніне қарамастан, барша қазақстандықтардың бірлігін бекем ете түсу.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясыпорталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға