Жаңалықтар

Ұлттарды ұйыстырушы ұйым

Ұлттарды ұйыстырушы ұйым
05.07.2018 01:55 1626

Ұлттар арасындағы достық пен татулықты талмай дәріптеген кешегі кеңестік билік осынау «интернационализм» идеологиясы арқылы одақ құрамындағы он бес республиканың ұлтын «будандЯкорьастыра» отырып тұтас «кеңес халқын» жасағысы келгені тарихтан аян. Ол төменнен бастап жоғарыға дейінгі барлық саяси баспалдақта белсенді жүргізілді. Екі ұлттың өкілінен құралған интернационал отбасылардың көп насихатталатыны сол күндердің көрінісі. Мамырдың 1-інде барша одақтас республикалардың халқын қызыл жалаушамен көшеге парадқа шығарып, бір үйдің баласындай болып өмір сүріп жатқанын көрсетуге тырысып бақты. Соңында бәрі керісінше болып, одақтың шаңырағы ортасына түсіп, «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» екенін уақыттың өзі әйгілегендей.

Әлбетте, бұған бірқатар тарихи, саяси себептерді алға тартып жатамыз. Десек те, коммунистік партияның ұлттар достығын бетперде ете отырып, жария түрде болмаса да іс жүзінде оған қайшы әрекеттерге барған тұстары жоқ емес. Оның бір мысалы — өзге ұлттарға қысым көрсету, жер аудару және басқа жайттар. Кең пейіл қазақ халқы сол кезеңдерде жер аударылып келген алаң көңіл талай ұлт өкілдерін бауырына басқанын айта кету керек. Қала берді, қызыл империя өзіне бағынышты ұлттардың діні, тілі, дәстүрі секілді құндылықтарын жоя отырып тұтас кеңес халқын жасамақ болды. Ал, бұл үлкен қателік еді.

Тарихтан, ондағы қателіктерден сабақ алмау да қателік әрі қай мемлекет үшін болсын – сын. Тоқсаныншы жылдары тәуелсіздігін алған жас Қазақстан бұл қателікті қайталамауды жөн деп тапты. Олай дейтініміз, біз бір ғана ұлттан тұратын мемлекет емеспіз. Сандаған ұлт өкілдері өмірін, болашағын осынау мемлекетімізбен байланыстырып отыр. Оның үстіне Қазақстан да мұндағы басқа ұлт өкілдерінің тарихи отаны. Мұнда қазір бір кездері солақай саясат салдарынан жер аударылып келген немесе басқа да себептермен табан тіреген ұлттар ұрпақ жалғастығын тауып отыр.

Сондықтан, елімізге ұлтаралық татулықтың, достық пен ынтымақтастықтың жаңа, заман талабымен үндесетін моделін табу қажет болды. Сөйтіп, өмірге ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделі келді. Бұл Елбасының бүкіл халық қолдауына ие болған сарабдал саясатының арқасында мүмкін болған дүние. Оның ішінде түрлі ұлт өкілдерінің басын қосқан Қазақстан халқы ассамблеясының құрылуын айрықша атап өткен жөн. Осынау ұйым өзінің қызметі арқылы жеріміздегі ұлттар достығына ұйытқы болып келеді. Бұл қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы қазақстандық моделдің негізгі өзегі, діңгегі.

Ассамблеяның құрылуы да Елбасының ерен бастамасымен байланысты. Мұндай ұйым құру туралы ой Елбасы тарапынан сонау 1992 жылы тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында айтылған болатын. Ал, 1995 жылы 1 наурызда ол ақиқатқа айналып, Президент Жарлығымен мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде құрылды. Содан бергі 23 жылдың көлемінде ассамблея көпұлтты мемлекетіміздің дамуына тұғыр болып келеді. 2008 жылы 20 қазанда Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңының қабылдануы аталмыш ұйымның қызметіне, қоғамдағы рөліне жаңаша реңк, серпін бергені сөзсіз. Өйткені, құқықтық мемлекетте қандай ұйым болсын, оның іс-әрекеттері заңмен реттеліп отыруы тиіс. Осылайша, мәртебесі заң жүзінде бекітілген ұйым қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге қомақты үлес қосып келеді. Қазақ халқын негізгі топтастырушы, ұйыстырушы ете отырып, Қазақстан қоғамындағы азаматтық бірегейлікті, қазақстандық патриотизмді дәріптеу, этносаралық келісімді қамтамасыз ету Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі мақсатына, айнымас қағидасына айналды.

Ұйымның ұлттар татулығын нығайтудағы рөлін, мүмкіндігін арттыру үшін оған бірқатар құзыреттер берілуі де бұл бағыттағы мемлекет саясатының дұрыстығын көрсетеді. Ұлтаралық келісімді сақтауға негізгі сеп болатын дүниенің бірі — олардың мүддесін ескеру, талап-тілегін тыңдау екені хақ. Осы ретте Қазақстан халқы Ассамблеясына Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің 9 депутатын өз арасынан сайлау құқығының берілуі қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы қазақстандық үлгінің айшықты басымдықтарының бірі десек, қателеспейміз. 2007 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістер нәтижесінде мүмкін болған бұл тәжірибе, яғни этностық топ өкілдерінің мүдделерін жоғары заң шығарушы орган – Парламентте білдіруі Ассамблеяның ерекшеліктерінің бірі һәм бірегейі. Өйткені, Парламентте Ассамблеядан сайланған депутаттардың елдегі барлық этностардың талап-тілегін жеткізуі Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері ұлтына, дініне, тіліне қарамастан, тең құқылы екенін еске салады.

Татулықты, бірлікті, ынтымақты дәріптеп қана қоймай, осы мақсатта мемлекет саясатымен үндесе қызмет ететін Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы Елбасының жерімізді мекен еткен түрлі ұлт өкілдерін ұйыстыру мақсаты жемісті орындалып келеді. Былтыр 26 сәуірде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен аталмыш ұйымның «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбында ХХV мерейтойлық сессиясы өткен болатын. Оның 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында және Бейбітшілік пен келісім сарайында өткізілуі де тегіннен-тегін емес еді. Ұйымның мерейтойлық жиыны таңдалған уақыты мен орны арқылы да мемлекеттің ұстанымын меңзеп тұрғандай әсер қалдырған-ды.

«Биылғы Ассамблеяның сессиясы ерекше мезгілде өткелі отыр. Еліміздің үшінші мүшелге аяқ басумен бірге бұл аса күрделі кезең. Қазіргі әлемдегі ахуал ел тыныштығы тұрақты дамудың ең маңызды шарты екендігіне көзімізді тағы да жеткізіп отыр. Қиын кезеңде бірлігіміздің ұйытқысы, бастауы ретінде құрылған Ассамблеямыз өзіне жүктелген қастерлі миссияны өте үлкен дәрежеде орындап келе жатыр. Бүгінгі Ассамблея тарихы ол тұрақтылықтың, татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің шежіресі болып саналады. Бірліктің киелі бесігі, елді ортақ мақсатқа жұмылдыратын бірегей тетігі», — деді сонда сессияның ашылу салтанатында Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Иә, ұйымның ұлттарды ұйыстырудағы еңбегіне Елбасыдан асып баға бере алмасымыз анық.

Елбасының бұл бағыттағы ұстанған саясатының басты ерекшелігі елімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдерінің тілін, дінін, ділін, дәстүрін сақтай отырып, тіпті олардың аталмыш құндылықтарын дамытуына қолдау білдіре отырып, ұлтаралық татулықты сақтау болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, кеңестік билік жіберген қателікті тәуелсіз Қазақстан мемлекеті өз саясатының артықшылығына айналдыра білді және бұл жеміссіз де емес.

Қазақ келген қонақ өзін өз үйіндегідей сезінуі үшін барын, жанын салатын ұлт. Мемлекеттің бүгінгі ұстанымы да халқымызға тән осы қасиеттен бастау алып отырғанын аңғару қиын емес. Құба-құп. Алайда, соның қадіріне жете алу Қазақстандағы өзге ұлт өкілдеріне серт. Жайылып жастық, иіліп төсек болғанымен, шаңырақ иесі – қазақ екені әмбеге аян.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға