Жаңалықтар

Әлем қауіпсіздігі — Қазақстан назарында

Әлем қауіпсіздігі — Қазақстан назарында
20.07.2018 11:33 3427

Тәуелсіздік алған кезінде-ақ мемлекетіміз өңірлік және жаһандық қауіпсіздік сыртқы саясаттың басты басымдығы болатынын бүкіл дүние жүзіне жариялаған еді. Содан бері Қазақстан осы жолдан таймай, жаһандық қауіпсіздік бастамаларымен көзге түсті әрі әлемдік саясат аренасында өзінің лайықты бағасын ала білді.

Философия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі Ақтолқын Құлсариеваның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық бастамаларының қай-қайсысы да төрткіл дүниенің тыныштығына бағытталған. «Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында халықаралық қақтығыстарды реттеп, бітімгершілік миссиясын атқаруының астында Елбасының салмақты үлесі жатыр», дейді ол.

Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік бастамаларының ішінде ерекше атап өтуге тұрарлығы — антиядролық қозғалыс мәселесі. Мемлекетіміз 1991 жылы әлемде төртінші орында тұрған ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, бұрын-соңды тарихта болмаған әрекетпен көзге түсті. Бұл шешім Қазақстанның бейбіт саясатты ұстанатынын әлемге танытып қана қоймай, ядролық қаруы бар Ресей, Франция, Ұлыбритания және АҚШ секілді елдердің ядролық сынақтарға мораторий жариялауына әсер етті.

Қазақстанның жаһандық антиядролық қозғалыстағы ерекше рөлі осымен шектеліп қалмады. 2006 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойылды. БҰҰ шеңберінде ірі ядролық державалар тарапынан осы аймақтағы мемлекеттерге күш қолданбау кепілдігі берілді. Ал, БҰҰ-ның 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялауы да еліміздің ядролық қарусыздану мен бұл қаруды таратпау мәселесіндегі маңызды рөлінің бағалануы деуге болады. Сондай-ақ 2015 жылы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдағанын ерекше атап өту керек.

Ядролық қаруы бар елдер қайсы?

 Бүгінде ядролық қару Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Үндістан, Солтүстік Корея және Пәкістан елдерінде бар. Швециядағы Халықаралық бейбітшілікті зерттеу институты мамандарының айтуынша, дүние жүзінде қазіргі таңда ядролық қару саны азайып жатқанымен, ядролық қаруы бар елдер өз арсеналдарын дамытып үстінде және олар алдағы уақытта бұл қарудан бас тарта қоймайды. Ұйымның мәліметтеріне сенсек, бүгінде тоғыз мемлекетте 4 150 ядролық қару және 15 мыңға жуық ядролық оқтұмсық бар.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дипломат, халықаралық өткір мәселелердің білгірі Әділ Ахметовтың айтуынша, бүгінгі таңда ядролық қару шығаруға техникалық мүмкіндігі жеткілікті мемлекеттердің саны 40-қа жетеді екен. «Бұл қауіпті сын-қатер, күллі өркениетті, адамзатты тегіс жоя алатын қатерлі жол. 2015 жылы МАГАТЭ-нің біздің елімізде Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімге қол қойғаны да бейбіт атомды қолдауға бағытталған бүкіләлемдік мәні бар ірі қадам болды. Қазақстанның ядролық қарусыздандыру саласында батыл бастамалар ұсынуға толық моральдық құқығы бар. Себебі, біздің мемлекет әлемдегі ең ірі ядролық сынақ полигонын жапқан еді», — дейді Әділ Ахметов. Оның айтуынша, халықаралық терроризмнің кең тарауына әлемдегі атом электр станцияларынан қауіп төніп тұр. Яғни, әлемнің 31 елінде электр қуатын өндіретін 192 атом станциясының бәрі осы сын-қатерге жатады

Айта кету керек, әлемде атом бомбасы алғаш рет АҚШ-тың Нью-Мексика штатындағы Лос-Аламос деген жерінде сынақтан өткізіледі. Оған Роберт Оппенхеймер жетекшілік етті. Ал, іс жүзінде ядролық қару алғаш рет 1945 жылы 6 тамызда қолданылды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ ұшағы алғашқы атом бомбасын Жапонияның 350 мың тұрғыны бар Хиросима қаласына тастап, 140 мыңнан астам адам қайтыс болды. Қатты жарылыс Хиросиманың 90 пайызына әсер етті. Екінші ядролық қару үш күннен соң Нагасаки қаласына тасталды. Онда 75 мыңға жуық адам өлім құшты. Жапония императоры 15 тамызда жеңілгенін жариялады.

Қазақ жеріндегі ядролық сынақтар

Кеңес Одағы 1949 жылы 29 тамызда Семей топырағында 22 тонналық ядролық бомбаны сынақтан өткізді. Мамандардың айтуынша, бұл жерде қырық жылда өткізілген сынақтардың ядролық заряды Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2,5 мың есе ауыр.

Бір айта кетерлігі, қырық жылда бұл жерде 470 ядролық қару, оның ішінде — 118-і жер үстінде, 352-сі жер астында сынақтан өткізілген. Бұл әлемдегі барлық ядролық сынақтың үштен біріне тең. Семейдегі соңғы ядролық жарылыс 1989 жылы 19 қазанда болды. Семей полигоны 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жабылды. Сөйтіп, Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекетке айналды.

«Қазақстанның Ядролық қоғамы» ассоциациясының атқарушы директоры Наталья Жданованың айтуынша, ядролық соғыс қаупі жоқ деп ешкім сеніммен айта алмайды. «Ядролық қарусыз әлем құру барлығымыздың алдымызда тұрған маңызды мәселе. Менің ойымша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың антиядролық бастамаларының ішінде «Әлем. XXI ғасыр» манифесі ерекше орын алады. Қазақстан Президенті Манифесте әлемді дамытудағы өзекті проблемалар мен қауіптерді ашып айтты әрі оларды шешудің жолын да ұсынды» дей келе, Н.Жданова Төмен байытылған уран банкін құру ядролық қаруды таратпаудың негізгі тетігі екенін, ал, оны Қазақстанда құру жобасы Елбасының әлемді ядролық қарудан босатуға бағытталған бастамаларының бірі екенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі

2016 жылы 31 наурызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммитте «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жариялаған болатын. Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігі бұл құжатты көпшілікке таныстырған соң манифест БҰҰ Бас Ассамблеясының және Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алғанын ерекше атап өту керек. Сонымен қатар, Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында Елбасының мақаласы АҚШ-тың The Hill атты саяси газетінде де жарияланғаны құжаттың әлем үшін маңыздылығын көрсетсе керек.

Манифесте Нұрсұлтан Назарбаев жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат әзірлеп, оны орындауды міндеттеудің маңызына тоқталған еді. «Соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар — ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді», — деген болатын Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

«Елбасының «Әлем ХХІ ғасыр» атты Манифесінің маңызы зор. Бұл әлемдік құжатта Президент халықаралық терроризм мен милитаризм адамзатты шығынға ұшыратып қана қоймай, жойып жіберудің алдында тұрғанын баса айтты. Нұрсұлтан Назарбаев әлем көшбасшыларын ақылға келуге шақырды. Манифест бірден әлемде кең талқыланатын құжатқа айналды. Себебі, Солтүстік Кореядағы ядролық сынақ мәселесі тек көршілерін емес, бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Бүгінде Елбасымыздың «Әлем: ХХІ ғасыр» манифесіне тең келетін бағдарлама жоқ деуге толық негіз бар. Әлем мұнда айтылған жобаларды іске асыруға кіріссе, болашағымыз жарқын болмақ», дейді дипломат Әділ Ахметов. 

Былтыр АҚШ-тың бастамасымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаппай қырып-жою қаруын таратпау және оларды жеткізу жүйелерін тарату қаупі туралы жиын өткізген болатын. Жиында Американың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон жаһандық қарусыздану ісінде Қазақстанның рөлі ерекше екенін атап өтті. «Ядролық қарудан бас тарту арқылы Қазақстан даналықтың айрықша үлгісі болды. Өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен өркендеуге елеулі үлес қосып отырған заманауи мемлекет өзінің шешімінен тек пайда көрді», — деген еді ол өз баяндамасында.

Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары біртұтастық идеяларынан басталғанын тағы бір мәрте дәлелдесе керек. Ал, оның «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі Бейбітшілік ақиқатын ұсынды.

Бүгінде бейбіт өмір сүріп жатқан ұрпақ бұл құндылыққа аса мән бермеуі мүмкін. Дегенмен, мұндай шешімдер әрі мамыражай тірлік азаматтық қоғамға алып келетіні сөзсіз. Себебі, азаматтық қоғамда жеке тұлғаның негізгі құқықтары мен еркіндіктері сақталады, кез келген азамат саяси қорғалады, мемлекеттен тыс қатынастар да үйлесімді дамиды. Ал, ядролық қарудан азат мемлекетте бұл күнделікті қалыпты тіршілікке айналған, сөйте тұра ерекше құнды дүние. Бүгінде «қауіпсіздік мәдениеті», «бейбітшілік мәдениеті» деген сөздер жиі қолданылып жүр. Нұрсұлтан Назарбаев соған қарамастан, соғыс вирусының халықаралық жағдайды ушықтыруды жалғастырып жатқанын айтқан еді. «Ол бірқатар мемлекеттерде экономиканың өлім ұрығын себетін ең қуатты саласына айналып, әскери-өнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттырып отыр» деген еді Президент соғыс туралы. Тағы бір сөзінде: «Бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдарының күш-жігерін өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен арылту үшін біріктіру қажет», деді. Яғни, бейбіт елдерде орнайтын азаматтық қоғам түбінде түбегейлі ядролық қарусыз әлем құруға атсалыса алады. Дегенмен, ол үшін сананы тазартып, ядролық қарусыздандыру туралы бастамаларды әлем де іліп әкетсе, нағыз жетістіктің сол болғаны.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға