Жаңалықтар

Кітап — білім қазынасы

Кітап — білім қазынасы
03.07.2018 11:52 5790

«Кітап — маған тақтан да қымбат» деген екен Шекспир. Ұлттық кітапхананың табалдырығын аттаған сайын осы ой еріксіз оралады. Әлбетте, аға буын іспетті жата-жастанып кітап оқитын замманнан сәл алшақ болғандықтан ба, әйтеуір, кітаптың орнын интернет желісіндегі сансыз ақпаратпен алмастырғанымыз сезіледі. Десе де, Шекспирдің сөзі жадыдан шығар емес. Иә, солай, мен үшін де, кітап таразыға бір қап алтын салып салыстырса, салмағы басып түсер құнды дүние қатарында. Сірә, қандай кітаптың өмірді өзгертіп, көкіректі оятуында болса керек. Тағдыр сынына түсіп, сүрінген сәттерде мені психология саласының озық туындылары суырып алып шыққанына әлі разымын. Сырлас дос, ақылшы туғаның да кітаптың білімін бере алмасы хақ. 

Осы жолы да Елбасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасымен қазақ тіліне аударылған тың туындыны қолға алып, санаға қашағым келді. Бір ғажабы, әлемдегі ең озық деген оқулықтар төл тілімізге аударылады екен.

Дуэйн Шульц пен Сидней Эллен Шульцтың «Қазіргі психология тарихы» кітабын іздеп барғам. Қазақ тіліне редактор Зауреш Башбаева тәржімалапты. Игі іс емес пе?

Әлі есімде, осыдан 15 жыл бұрын журналистика факультетінде оқитынбыз. Оқулықтардың дені орыс тілінде болатын. Саусақпен санарлық қана қазақ тілді кітаптар болды. Енді, міне, қазіргі жастардың төл тілімізде әлемнің озық оқулықтарын оқуына мүмкіндік ашылып отыр. Ғажап емес пе? Осы ойымды іргеде отырған бір жігіттің даусы бөліп жіберді.

«Осы, мұғалімдерді айтамын, неменеге кітапханаға жөнелте береді? Қажетті оқулықты үйде отырып-ақ, интернеттен қарап аламын ғой» дегені. Дәл жанында отырған егде жастағы ер адам сәл ғана жымиып, «Балам, біле білсең, кітап — рухани қазына. Сенің анау қара жәшігің ақпарат беруі мүмкін, бірақ, рухани ләззат бере алмайды. Кітаптың сиқырлы сырын сезінгің келсе, кітапхана жағала. Ұстазың дұрыс жасаған» деп, қысқа қайырды.

«Әй, қайдағы, менеджмент саласы бойынша қазақша оқулық жоқ қой. Жалпы, экономика тақырыбындағы қазақша кітаптар саусақпен санарлық. Ақыры орысша оқимыз, интернетте толып тұр ғой ақпарат, мұнда келіп, әуре болу не қажет?» — деп жігіт те қиғылық салып болар емес.

«Балам-ау, сендер жаңа, жаһандық заманның өкілісіңдер, білем. Біздің замандағыдай жұмыстан сүріне-қабына жетсең де, түн қараңғылығына қарамастан көз шырымын алмай, білте шамның астында кітап оқитын құмарлығымызды сезбейсіңдер де, өкінішті-ақ. Киелі кітап ордасы көкірегіңді түртпеді ме?

Айтпақшы, балам, менеджмент саласы бойынша озық оқулықтардың ағылшын тілінен қазақ тіліне аударыла бастағанын естіп едім.  Әнеубір кітаптың аты қалай еді, Томас Гриффиннің «Менеджмент» оқулығын, сондай-ақ, Майкл Мэсконның «Менеджмент негіздерін» және Стивен Робинс пен Мэри Коултердің «Менеджментін» қазақ тіліне аударып еді ғой. «Қазақ тіліндегі 100 кітап» жобасы аясында, естуің бар ма? Сол еңбектерді шет тілде емес, өз тіліңде оқыған анағұрлым тиімді, әрі сіңімді емес пе?» деп қария ақылын айтып, үнсіз ғана алдына жайылған кітабына үңілді.

Көпті көрген, көпті оқыған адамның сөзі де өтімді емес пе, ләм деп тіл қатпастан жас жігіт басын изеп, отыра берді.

Кітапхананың сиқырлы сыры мені тағы тың жаңалық пен ғажайып сезімге бөлейтіндей иіріп әкете берді. Әсілінде, адамзат баласының мынау тіршілік диірменінде қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі — білім қазынасы емес пе? Көне дәуірдің терең ойларын ұрпақтан ұрпаққа жалғап, ақыл-ойдың заман ағынымен жетіле түсіуіне жол ашқан да сол, кітап қой. Тарихтың тереңіне көз жүгіртсек, сонау Платон, Аристотель, Сократ ілімдері күні бүгінге дейін жетіп, жұртты руханиятпен сусындатып келеді. Ойымның осы тұсында әлгі жігіт  тағы да тіл қатты.

«Әрине, біз шетел аудармаларын оқимыз. Керемет болсақ, қане? Қазақ тіліндегі оқулықтар шет тілдерге аударылмай ма? Сол, қазақ байғұс мал баққан, қараңғы халық болды ғой» деп, жерден жеті қоян тапқандай жанындағы кісіге жалт қарады.

Көзілдірігін шешіп, жаймен үн қатқан қария: «Е,е қарағым, кітапханаға сол үшін келіп отыр емессің бе? Білімің мен өреңді өсіріп, кітап жаз, оны өзге тілге аудар. Бірақ, қазағыңа, ұлтыңа тіл тигізуге хақың жоқ. Санаңды торлаған осы қараңғылықтан сені дәл осы кітапханадағы қазыналы кітаптар ғана құтқара алады. Ал, енді тыңда, балам. Сеніңше, қазақ жұрты қараңғы ма? Көшпелі тірлік пен мал соңында жүруі көкірегінің сайрауына еш кедергі келтірген емес. Әсілінде мұндай жаңсақ көзқарас отаршылдық дәуірлерінен санаға дендеп сіңірілді. Жұрт жүрегіне ілім ұялатар ойшылдардың жаны қай заманда да қыршындай қиылды. Оған алаш зиялыларының да талайлы тағдыры куә».

Ал ертеде ше?

Сонау сақ, ғұн тайпалары көрген-білгенін тасқа таңба етіп түсірсе, бертін келе теріден тігілген кітаптар да жан-жақты тарала бастаған. Ал, әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фараби ше? Әлемнің 70 тілін меңгергені былай тұрсын, әйгілі Отырар кітапханасының негізін қалады емес пе? Сол тұста бабаларымыз көне түркі, шағатай, парсы, араб тілдерін игеріп қана қоймай, том-том кітаптарды Ұлы Жібек жолы арқылы сатып алып, кітапхана қорын толтырып отырды. Әрі қазақ кітаптары өзге тілдерге де аударылып, таратылды.

Мұның барлығы әманнан қазақтың рухани бай халық екендігінің дәлелі.

Әлбетте, әлемнің алпауыт Александрия кітапханасынан қоры басым түскен Отырар кітапханасын жалын орамағанда, қазақ туындылары әлі талай жаһанға жария болар да еді. Әсілінде, елді елге паш ететін осы кітап емес пе?

«Кітап дегеніміз — алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», — деп Ғабит Мүсірепов дөп басып айтқан.

Содан бері талай ғасырлар өтті. Кемел туындыларды тұмшалауға талай амал жасалды. Жазба әдебеиттің жолы кес-кестелгенімен, ауыз әдебиеті арқылы талай жауһар дүниелер бүгінге жетіп те үлгерді. 

Әлбетте, өткенді қайтару мүмкін емес. Болашақтың қамын күйттеу қажет-ақ. Әрі жарқын болашаққа сенім мол.

Бүгінде тәуелсіздікті ту еттік, білім көкжиегі айқара ашылғаны да рас. Бабалар мұрасының мол қоры толығымен осы күнге  жете алмаса да, қолда бар қазынаны шет тілге аударып, әлемге таратып, паш етудің мүмкіндігі туды. Әрі шетелдің озық туындыларын төл тілімізде сайратудың да мүмкіндігі шексіз.

Таяздығың сол кітап тереңіне бой алмауыңнан деп түсінем. Баус атты ойшыл бір сөзінде «Наданмен қас болғанша, кітаппен дос бол» деген, ендеше, балам, кітаппен дос болған адамның ой-өрісі кең, сөз мәдениеті жоғары, саналы, жан-жақты болып тәрбиеленері сөзсіз. Себебі, білімнің көзін ашып, ең алғаш ғылым саласын таңытқан, оқытып, үйреткен — кітап. Әр ұлттың, елдің келешегі мен болашағын баян еткен, тарихы мен өткенін жыр еткен де – кітап болатын. Сондықтан да, «кітап әлемдегі құпиялы ұлы ғажайыптардың бірі», — дейді Горький. Онда біз әлі білмейтін, естіп-оқымаған қыр-сыры көп. Оны тек кітаппен дос болған адам ғана құпиясын ашып, ғажабын танып біле алады. Достар, «Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге», — деп ұлы ақынымыз Абай жырлағандай, ерінбей білім алуға асығайық. Ертеңінен үміт күтер ерен азаматтардың қатарына қосыларыңа үміттімін. Батамды бердім” деп, алақанын жайған ер адам бетін сипады.

Саяздығы мен таяздығын сезінген жігіт үнсіз ғана орнынан тұрып жөнеле берді.

«Мен еш уақытта өз оқушыларыма еш нәрсе үйретпеймін, тек қана олардың оқуы үшін жағдай жаратамын» депті Альберт Эйнштейн.

Ер адам да шәкірттің оқуына түрткі болып бақты.

Осыны ескерген Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы тың бастаманы көтерген екен.

«100 кітап» бастамасы негізінде жоғары оқу орындарына арналған 11 гуманитарлық пән бойынша қазақ тіліндегі 18 жаңа оқулық жарық көріпті. Бұл – әлемнің 42 елінде 34 тілде жарияланған, жалпы таралымы 47 миллион дананы құрайтын философия, әлеуметтану, психология, экономика және басқа да пәндер бойынша әлемдік ойлардың алтын қорына енген еңбектер. Бұл пәндерге қоса, Батыс философиясының тарихы, лингвистика, семантика, жаңа педагогика, интернет психологиясы, халықаралық құқық, дипломатия, журналистика, өнер тарихын қамтыған тағы да 9 пәннен оқулықтар аудару кезекті жұмыс кестесінде тұрғаны да қуанта түсті.

Және әр оқулық баспа бетінен 10 000 данамен жарық көріп, республикадағы барлық мемлекеттік кітапханаларға таратылмақ екен.

Аударылатын кітаптарды таңдау үшін еліміздегі барлық оқу орындарынан ұсыныс жиналып, барлығы 800-ден аса оқулық атауы келіп түсті. Жинақталған тізімдердің негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап болуы қажет деген талаптарға сүйене отырып биылға 18 оқулық таңдалған екен.

Жалпы, өткенге көз жүгіртсек, мұндай мәселе Алаш автономиясы құрылған сәтте де туындаған екен. Әліпби мәселесі, жаңа оқулық құрастыру, аударма мәселесі күн тәртібінде тұрды. Осы кезеңде Алаш қайраткерлерінің барлығы дерлік оқулық аударумен айналысқан. Мәселен, Мағжан Жұмабаев — «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытов — «Психология», Халел Досмұхамедов — «Биология» пәнін аударса, жиырма жастағы Мұхтар Әуезов «Жеткіншек» деген оқулық жазды. Қаныш Сәтбаев — алғашқы «Математика» оқулығын жазған авторлардың бірі. Мұның бәрі ХХ ғасырдың басында жаңалық болып саналды. Қазіргі дүниеге келер болсақ, жаһандану дәуірі басталды. Ғалам ғарыштап дамып барады. Әлемдегі экономиканың, өндірістің, адамзаттың ақыл-ойының дамуы ерекше. Сондықтан, біздің де «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” жобасының ел үшін, жастар үшін берері мол.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға