Жаңалықтар

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі табысты төрағалық

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі табысты төрағалық
17.07.2018 04:18 2872

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне (БҰҰ ҚК) тұрақты емес мүше болып сайлануы — мемлекет тәуелсіздігінің жас тарихында жеткен ең бірегей жетістіктерінің бірі. Қазақстан 2017 жылы іргелі ұйым құрамында болса, осы жылдың қаңтар айында Кеңеске төрағалық еткен болатын. Осы уақыт аралығында қандай жұмыстар атқарылды, еліміз қандай мәселелер көтерді? Қазақстан бастамалары қолдау тапты ма? Осы сұрақтар төңірегінде сараптап көрсек.

Тарихи датаның хронологиясы

2016 жылдың 28 маусымы тарихи маңызы бар дата ретінде сақталатыны анық. Себебі, дәл осы күні еліміз Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланған болатын. Бұл туралы Елбасымыз: «Қазақстан Орталық Еуразиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың діңгегі болуға, бейбітшілікті орнықтыруда және халықтар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуде сенімді әріптес болуға ұмтылады. БҰҰ Қауіпсіздігінің тұрақты емес мүшесі болуға талпынудың негізінде де дәл осы мақсат жатыр», — деп айтқан еді.

Бір айта кетерлігі, бұған дейін Қазақстан ешқашан БҰҰ-ның ең беделді органының, яғни, Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына қатыспаған болатын. Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарын басшылыққа алар болса, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануы әлемдік қоғамдастықтың назарын Орталық Азия проблемаларына аударуға жағдай жасап, біздің ұлттық мүдделерімізді ілгерілетуге қызмет етті. Сондай-ақ, әлемнің барлық түкпіріндегі өткір дау-жанжалдарды реттеуге қатысу мүмкіндігін, яғни, медиатор мен бітімгер миссиясын ұсынды.

Мемлекет басшысының көпқырлы қызметінің куәгері болған дипломат, «Бітімгер. Сирия түйіні» кітабының авторы Нұрлан Онжановтың айтуынша, біз тарихта қалатын дата ретінде 2016 жылдың 28 маусымын ерекше атап отырғанымызбен, тұрақты емес мүшелікке қабылдану үшін жұмыс анағұрлым ерте басталыпты.

«2010 жылы 1 маусымда Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Қазақстан кандидатурасын 2017-2018 жылдар кезеңіне БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке ұсыну туралы ресми түрде хабарланды. Қазақстаннан басқа аталған кезеңге Тайланд та өз кандидатурасын ұсынған болатын», — дейді диломат.

Оның айтуынша, ұсынылған сәттен бастап БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілдігі еліміздің кандидатурасына қолдау алу мақсатында БҰҰ-на мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдіктерімен екіжақты кездесулер сериясын өткізуге кірісіп кеткен. Ал, 2012 жылдың соңында біздің кандидатурамызға отыздан астам жазбаша қолдау алынған.

«Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қазақстан номинациясын, позициялық құжаттарды ілгерілету бойынша сыртқы саясат ведомствосы жұмыс жоспарының жобасы дайындалды және даярлық жұмыстары жүргізілді. Ал, 2013 жылы еліміздің сол кездегі сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстанды 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлау бойынша науқанның басталғаны туралы жұртшылыққа жария етті», — деп еске алады Нұрлан Онжанов.

Тарихи кезеңнің ерекше оқиғаларына тоқталар болсақ, сол 2010 жылдан бастап Қазақстан кандидатурасы бекітілгенге дейін көп жұмыс атқарылған. Мысалы, 2014 жылы қаңтарынан сәуіріне дейін БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахманов Нью-Йорктегі тіркелген БҰҰ-на мүше мемлекеттердің барлық тұрақты өкілдеріне 192 протоколдық сапарлар жасапты. Ал, 2016 жылы күзде БҰҰ ҚК-не 2015-2016 жылдарға қатысты өткен сайлаулардың және кандидат елдердің қалыптасқан кездесулерін пайдалана отырып, тұрақты өкілдік Қазақстан науқанына одан әрі түзетулер енгізу жөнінде сайлау науқандарының талдауы мен тиісті ұсыныстар жіберген.

Шешім қабылданатын уақыт жақындаған сайын қазақстандық дипломатияның сайлауда алу бойынша жұмыстарды бұрынғыдан бетер күшейте түскені айтпаса да түсінікті. Бұл сайлау біз айтып отырған тарихи датада, яғни, 2016 жылдың 28 маусымында өткізілді. Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттердің Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке жақсы дайындалуына мүмкіндік беру үшін 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшелікке сайлау алғаш рет өкілеттілік мерзімінің басталуынан алты ай бұрын өткізілді.

 Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке сайлауда жеңіске жету үшін кандидат елдер дауыс беруге қатысқан мүше мемлекеттердің дауысының үштен екісін, яғни, 193 дауыс берушінің кемінде 129 дауысын алуға тиіс еді. Сайлау қорытындысы бойынша, Қазақстан екінші раундта 138 дауыс алып, тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланды. Тайланд 55 дауыс жинады. Бұл қазақстандық дипломатия үшін шынымен де тарихи оқиға болды.

Қалыптасқан тәжірибе бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің әрбір тұрақты емес мүшесі қандай да бір тақырыптық немесе елдік бағытқа арналған кеңестегі көмекші органдарға төрағалық ететінін атап көрсету қажет. Бұл тұрғыда Қазақстанның өңірлік ерекшелікті білетінін, барлық мүдделі тараптармен арадағы берік екі жақты байланыстарды назарға ала отырып, Қазақстанға Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғастан-Талибан бойынша комитетіне төрағалық ету тапсырылды. Бұл комитеттен бөлек, Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің басқа да санкциялық комитеттеріне төраға болды: ИГИЛ-ДАИШ, әл Каида және Сомали, Эритерия.

Тарихи оқиғаға байланысты Елбасы Үндеу жасады

2016 жылы 29 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануына байланысты Үндеу жасады.

«Бұл кеңес — БҰҰ Жарғысымен «халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің басты жауапкершілігі» жүктелген, тұрақты жұмыс істейтін орган. Еліміздің оған сайлануы – Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен еңбегінің мойындалуы деген сөз.

...Бізге әлемдік қоғамдастықтың мұндай сенім көрсетуі мемлекетіміздің қарқынды дамуына және береке-бірлігімізге байланысты. Бұл тек біздің еліміздің ғана емес, сондай-ақ, бұған дейін ешқашан халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жауап беретін органда өкілеттілік етпеген бүкіл Орталық Азия субөңірінің де табысы. Біз жаһандық проблемаларды шешудің жолдарын іздестіруге сүбелі үлес қосатын боламыз», — деді Елбасы.

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі өз міндеттеріне 2017 жылы 1 қаңтардан бастап кірісті. Ал, 10-қаңтар күні БҰҰ Қаупісіздік Кеңесінің ашық пікірсайыстарында еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстанның Кеңес құрамындағы екі жылдық жұмысындағы негізгі басымдықтар туралы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуін ұсынды.

 

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі туралы не білеміз?

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауды, бітімгерлік миссиясын атқаруды көздейді. Сондай-ақ, ұйым халықаралық санкциялар салу және Қауіпсіздік Кеңесінің қарарлары арқылы әскери іс-қимыл мәселелерін шешумен айналысады.

Негізінен, Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібінде көбінесе Таяу Шығыс мәселесі, Палестина-Израиль қақтығысы, КХДР-дың атом бомбасын сынақтан өткізуі секілді проблемалар кірген. Статистикалық деректерге сенсек, Қауіпсіздік Кеңесінде көтерілген мәселелердің үштен екісі Африкадағы қақтығыстарға арналған екен.

Сонымен қатар, Қауіпсіздік Кеңесі халықаралық терроршылар тізіміне кіргендерді анықтап, оларға санкция салып отырады. Сондай-ақ, белгілі бір ұйымдарды немесе жеке тұлғаларды, заңды тұлғаларды терроршы деп тану үшін міндетті түрде Қауіпсіздік Кеңесі құрамындағы мемлекеттердің келісімі қажет етіледі. Егер Кеңестің тұрақты мүшесі вето қойса, олар терроршы ретінде танылмайды.

Бір айта кетерлігі, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы соңғы рет 2014 жылдың 16 қазанында жаңартылған. Ол кездері 2015-2016 жылдардағы тұрақты емес мүшелікке Ангола, Малайзия, Венесуэла, Жаңа Зеландия және Испания сайланған еді. Негізінен, Қауіпсіздік Кеңесіне 15 мемлекет мүше саналады. Олардың ішінде тек бес мемлекет, яғни, АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция тұрақты мүшелер. Ал, қалған он мемлекет БҰҰ Бас ассамблеясы арқылы сайланып отырады. Кеңестің тұрақты емес мүшелері екі жылдық мерзімге тағайындалады.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстан қандай бастамалар көтерді?

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі бастамаларының негізі — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеңеске жолдаған саяси Үндеуі. Онда Президент БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына орай ядролық қарусыз әлем құру мақсатында халықаралық қауіпсіздікті нығайтып, бейбітшілікті арттыру; жер шарын соғыстар мен қақтығыстардан арылту үшін күш-жігерді біріктіру қажеттіліктеріне баса назар аударған.

Үндеуде БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстан жұмысының басымдықтары ретінде ядролық қарусыз әлемге ұмтылу, Орталық Азияда бейбітшіліктің өңірлік аймағын қалыптастыру, Ауғанстандағы бейбітшілікке ықпалдасу, жаһандық соғыс қатерін болдырмау, Африканың бейбіт дамуына жәрдемдесу секілді мәселелер айтылған. Сонымен қатар, Қазақстанның БҰҰ қамқорлығымен Жаһандық лаңкестікке қарсы коалиция (желі) құруға, БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын, бейбітшілік, қауіпсіздік және даму арасындағы ажырамас байланысты ілгерілетуге мүдделі екені атап өтілген.

Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық қалай өтті?

Қазақстан биылғы жылдың қаңтар айында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етті. Бұл — тәуелсіздік жылдарындағы халықаралық деңгейде қол жеткізген кезекті жетістіктеріміздің бірі екені анық.

Еліміздің тұңғыш сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменовтың айтуынша, Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету секілді тарихи сәтке қол жеткізіп, маңызды міндетті мойнына алғанда әлемде саяси қысым күшейіп тұрғанын ескеру керек.

«Кеңестің тұрақты мүшелері арасында келіспеушілік туындап, сенім төмендеп кетті. Бұл Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымына сынақ болды. Бірақ, Қазақстан өзінің міндетін абыроймен атқара алды, өзінің негізгі мақсаттарына қол жеткізді», — дейді ол.

Ал, Астанадағы саяси зерттеулер ассоциациясының басшысы Қарлығаш Нұғманованың айтуынша, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі — траихи маңызы бар оқиға.

«Еліміздің Қауіпсіздік Кеңесіндегі бастамалары әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға өз үлесін қосады. Біз сол Кеңесте көтерілген мәселелерді одан әрі дамытуымыз керек. Қазақстанның бастамалары бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталып, концептуалды әрекетке негізделген. Сондықтан, еліміз көтерген бастамаларды аналитикалық зерттеу де артық емес», — дейді Қарлығаш Нұғманова.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға