Жаңалықтар

Ассамблея арқылы қайырымдылық жұмыстары жандана түсті

Ассамблея арқылы қайырымдылық жұмыстары жандана түсті
05.07.2018 02:03 2891

Қайырымдылық қазақ халқының қанында бар қасиет. Атымтай Жомарт атанған талай азамат елімізде баршылық. Қонақжай қазақ халқының қайырымдылық жұмыстарында да белсенділігі жоғары екеніне, жыл сайын қайырымдылық ұйымдары санының үдемелі артып отыруы мен әлемдік рейтингтегі көрсеткіштеріміз дәлел. Негізінен елімізде жасалатын қайырымдылық жұмыстары белгілі бір мекеме тарапынан қадағаланып, есепке алынып отырмайды. Алайда, Халықаралық Charities Aid Formation қорының дайындаған рейтингіне сәйкес, Қазақстан қайырымдылыққа жиналатын қаржы мөлшері бойынша, 2014 жылы 140 елдің ішінде 101-орында болса, 2015 жылы 56, 2016 жылы 96-орынға тұрақтағанын байқаймыз. Жақсы-ақ көрсеткіш.

Ресми сарапшылардың есебі бойынша, Қазақстанның қайырымдылық нарығы жылына 300-400 млн теңгені құрайды екен. 2012 жылдан бастап, қайырымдылық жасаудың заңнамалық негіздері қоғамда қызу талқыға түсіп, 2015 жылдың 16 қарашасында Қазақстан Республикасының «Қайырымдылық туралы» заңы қабылданды. Мемлекет басшысы Үкіметпен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, барлық өңірлердің әкімдерімен бірлесе отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында елдегі барлық қайырымдылық акцияларын үйлестіру мәселелерін тапсырған болатын. Осыдан соң еліміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясы қайырымды істер жасауда бірден бір көшбасшы ұйым ретінде танылды. Негізінен еліміздегі 140-тан астам ұлттың басын біріктіруші, татулық пен ынтымақтастықты сақтауды мақсат тұтқан, ұлттар достығын ту еткен ұйымның басқа да міндеттері бар екенін көпшілік біле бермейді. Басқалар Ассамблеяның негізгі міндеті осы деп ұққанымен, бұл институттың 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасында қайырымдылық саласын дамыту басты міндеттерінің бірі болып саналады. Осылайша, еліміздегі Ассамблея ұйымы бүгінде қайырымдылықпен белсене айналысатын ұйымға айналды.

Ассамблеяның қайырымдылықпен айналысуы құжат бойынша еліміздегі бірлік пен ынтымақтастықты азаматтық қағидат негізінде нығайтудың бір жолы ретінде көрсетілген. Осы орайда соңғы жылдары еліміздегі этномәдени орталықтар қайырымдылық концерттерін ұйымдастырып, «Қайырымдылық керуенін», қайырымдылық акцияларын өткізіп, қайырымды істер жасауда да алда келеді. Қайырымдылық шаралары Ассамблеяның жұмыс бағыттарының бірі деп танылғаннан кейін  «20 игі іс» әлеуметтік акциясының шеңберінде талай қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің басты факторы ретінде қоғамда мейірімділікті, гуманизм мен өзара риясыз көмек жасауды орнықтыру, қазақстандықтардың, солардың ішінде балалардың, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір жағдайлары мен денсаулығына қамқорлықты күшейту мақсатында «Қайырымдылық керуені» ұйымдастырылды. «Балаларға қуаныш сыйла» және «Қамқор» акциялары арқасында мыңдаған көмекке мұқтаж балалар, мейірімге бөленді. «Ақ ниетпен» тақырып аясында қайырымды жандардың, меценаттардың арқасында балалар үйлеріне, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлеріне, оңалту мекемелеріне Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан көмек көрсетілді. Түрлі этномәдени орталықтар жыл сайын Астанада «Асар» республикалық әлеуметтік тілектестік акциясын өткізеді. Акцияның мақсаты – қарт адамдар мен ардагерлерге, көмекке мұқтаж жандарға, халықтың әлеуметтік осал топтарына қайырымдылық көмек көрсету болып табылады. Қайырымдылық акциясы барысында азық-түлік қоржындары таратылады.

 Еліміздегі түрлі этномәдени орталықтар мен түрлі ұлт өкілдерінің театры да маусым сайын қайырымдылық концерттерін өткізіп, түскен қаржыны көмекке мұқтаж жандарға береді. Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздің әр өңірінде су тасқыны орын алып, жергілікті халық қиын жағдайға түскенде де Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қайырымды ел» акциясы аясында қайырымдылық шараларын ұйымдастырды. Әлеуметтік желіде «қайырымды ел» хэштегі арқылы қолдау тапқан шараға бүкіл халық  үн қосты. Нәтижесінде азық-түлік, киім-кешек пен қажетті дәрі-дәрмек тиелген жүк көліктері су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға жіберілген болатын. Тұңғыш Президенті күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Қайырымдылық – қайырлы іс» іс-шарасы ұйымдастырылып, көмекке мұқтаж жандар мейірімге бөленген болатын. Жалпы Ассамблея мүшелерінің қатысуымен түрлі қайырымдылық шаралары, мүмкіндігі шектеулі жандарды өмірге икемдеу, заңгерлік көмек көрсету сияқты игілікті істер жалғасын табуда. Айта берсек, Қазақстан халқы Ассамблеясының түрлі форматта ұйымдастыратын қайырымдылық шараларының маңызы зор!

Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында ассамблея қоғамымыздағы біршама игі істермен белсене айналысып, елімізде 20 жылдан астам уақыт тиімді жұмыс істеп келе жатқан бірегей институт, бүгінде БҰҰ, ОБСЕ секілді халықаралық ұйымдар таң қалып қарайтын бірегей ұйымға айналып отыр. Ассамблея ұйымының ұлттар арасындағы татулықты ту етіп, 140-қа жуық ұлттың басын қосып, бірлігіне себеп болып қана қоймай, қайырымдылық секілді игі шаралардың басы-қасында жүруі өзгелер үшін таңдай қағып, қызығушылығын арттырар әрекет болып отырғаны рас.

Осы орайда мысал келтірер болсақ, Түркістан облыстық Ассамблеясы  өткен жылы осы өңірде жасалып жатқан қайырымдылық шараларының барлығының үйлестірушісіне айналған. Нәтижесінде осы аймақта 87 миллион теңгеге қайырымдылық жұмыстары жасалған. Және жасалған қайырымдылық жұмыстарына өңірдегі барлық этностың кәсіпкерлері бір кісідей қатысқан. Атап айтқанда, облыстық тәжік этномәдени орталығының мүшесі Жетісай қаласына қарасты ауылда өзінің 124 миллион теңге қаражатына балабақша салып берген. Ал, түрік этномәдени орталығының басшысы Латифша Асанов құрбан айт кезінде 20 қара мал шалып, оны жағдайы төмен 700 отбасыға таратып берген. Тізе берсек, Ассамблея өкілдерінің мұндай қайырымдылық жұмыстары өте көп. Еліміздегі барша ұлт өкілін осындай игі іске жұмылдыра білген Елбасының көргенділігі тәнті боларлықтай.

Жалпы елімізде қайырымдылық жұмыстары өте көп жасалады екен. Тұрмыс салтымызға сай оны көпшілік адамдар жасырғанымен, осы бағытты зерттеуші сарапшы мамандар еліміздегі жергілікті халықтың қайырымдылық жасау әдетіне айналғанын жасырмайды. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дегендей, қазақ халқының қайырымдылық қасиеті елімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдеріне де «жұға» бастағанын осыдан аңғарамыз. Қайырымдылық жасаудың үздік модулін қалыптастырып отырған Қазақстан қоғамында қайырымдылық жұмыстары ассамблеялықтар арқылы тіпті жандана түскенін байқаймыз. Жалпы қазақстандықтардың қайырымдылық жасау ідетіне айналған, жұмыла жасайтын тірлігіне айналғанын түсінеміз.

КСРО тарағаннан кейін қайырымдылық бірлестіктерінің функцияларын атқарып тұрған мекемелер кешені өз қызметін тоқтатқан. Алайда уақыт өте қайырымдылық практикасы қалпына келтіріліп, қоғам сұранысына сай бейімделген. Осы орайда «Асар» дәстүрі тек қазақ елінде ғана емес, сондай-ақ, Қазақстанның барлық этностары арасында кең танымалдыққа ие болып және әлеуметтік тәжірибеге айналды. Жылу, сыбаға сияқты қазақ халқына ғана тән әдет-ғұрыптар жаңа мәнге ие болды. Қазақстандағы барша ұлт өкілдері асар, жылу секілді қайырымдылық жасау бағытында қолданатын ұғымды жаппай қолданып, қайырымдылықпен жұмыла айналысты. Ұлттық ұғымдар еліміздегі барша ұлт өкілдеріне тән қасиетке айналды. Біртұтас елге, «бір халық, бір ел, бір тағдырға» айналуымыздың басты көрінісі де осы емес пе еді?!

Негізінен қайырымдылықтың даму деңгейі елдің жалпы әлеуметтік-экономикалық өркендеу дәрежесіне тікелей байланысты. Халықтың әл-ауқат деңгейі жоғары, бизнес секторы мықты және тұрақты болған сайын, қайырымдылық қызметінің қалыптасуына және дамуына тиімді жағдай болатынын байқаймыз. Осы уақыт ішінде елімізде милилиондаған теңгеге қайырымдылық жұмыстары жасалды. Талай адам шетелде ем алып, материалдық көмек көрсетіліп, қайырымдылық аясында мәдени сауықтыру нысандары халықтың пайдалануына берілді. Дегенмен де, Қазақстандағы қайырымдылық институты әлі де қалыптасу үстінде. Сондықтан, қоғамды ізгілендіре түсетін игі іс, Қазақстандағы барша ұлт өкілімен жаңа мәнге ие болып, жандана беретініне сенеміз!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға