Жаңалықтар

100 нақты қадам: Экономикалық өсім қай бағытта өрбімек?

100 нақты қадам: Экономикалық өсім қай бағытта өрбімек?
11.08.2018 09:56 2490

«100 нақты қадам» Ұлт жоспары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыру үшін қабылданған болатын. Президентіміз атап өткен ұзақ мерзімді бес реформаның бірі — Индустрияландыру және экономикалық өсім. Онда қамтылған еліміздегі экономиканың өсімін қамтамасыз етіп, индустрияландыруды жүзеге асыру, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында атқарылып жатқан іс-шараларды тереңдетуді көздейтін осы бағыт бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Салықтық және кедендік жүйе оңтайландырылады

Сарапшылардың айтуынша, индустрияландыру мен экономикалық өсім шығынсыз экономикаға негізделетін болады. Оның ішінде салықтық және кедендік басқаруға қатысты шараларға өзгерістер енгізу басты назарға алынып отыр. Бұл ретте салықтық және кедендік жүйелердің кіріктірілетінін атап өтуге болады. Сондай-ақ, салықтық және кедендік тексерулер де оңтайландырылмақ.

Қарастырылып отырған жеңілдіктер ішінде салық декларациясын, өңдеудің орталық желісін ерекше атап өтуге болады. Бұл шара салық төлеушілерге электронды құжат арқылы бірыңғай мұрағатқа кіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл шаралардың ішінде жанама салық салуды жетілдіру, қолданыстағы салық режімін оңтайландыру да жолға қойылған.

Тағы бір атқарылып жатқан жұмыстардың бірі — экспорт пен импорттық кеденге «Бір терезе» қағидасын енгізіп, осыған қатысты құжаттар мен оны рәсімдеу уақытының қысқартылуы.

Экономиканың перспективалы секторларына басымдық беріледі

Ұлт жоспарында электр энергиясы, энергетикалық тиімділік, ауыл шаруашылығы, көлік тасымалдары жүйесі, туризм салаларына басымдық берілген. Мысалы, 35-қадамда ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану үшін оларды нарықтық айналымға енгізу керектігі айтылған. Сонымен қатар, жер телімдерін мақсатты пайдалану түрін өзгерту үшін рұқсат алу процесін жеңілдету, мониторинг жүргізу, пайдаланылмаған жерлерді мемлекеттік қорға беріп, кейін жекешелендіруге мүмкіндік беру секілді шаралар қамтылған.

Атап айтар болсақ, электр энергетикасы саласында өңірлер арасында электр энергиясының әртүрлі тарифтері реттелетін болады. Бұл «100 нақты қадам» қабылданған бетте іске асырылуы басталып кеткен шаралардың бірі. Яғни, елуінші қадам бойынша әртүрлі тарифтерді реттеу арқылы «Бірыңғай сатып алушы» моделі енгізіле бастады. Сондай-ақ, өңірлік энергетикалық компанияларды ірілендіруге де басымдық беріліп келе жатар. Бұл да электр энергиясы шығынын төмендетіп, ақысын азайтуға мүмкіндік беретін іргелі қадамдардың бірі ретінде өз бағасын алып үлгерді. Сонымен қатар, электр энергетикасы саласына инвестиция тартып, жаңа тариф саясатын енгізу де қолға алынды.

Экономиканың өсімін қамтамасыз ету үшін, сонымен қатар, экономиканың перспективалы секторларындағы халықаралық стратегиялық серіктестермен бірлескен кәсіпорындар құру ісі де жолға қойылды. Ал, экономикалық өсімге тікелей әсер ететін маңызды салалардың бірі – туризмге келер болсақ, бұл ретте туристік кластерлер құрған үздік тәжірибесі бар инвесторларды тарту жұмыстарына басымдық беріліп келе жатыр. Сонымен қатар, индустрияландыру және экономикалық өсім бойынша реформалардың ішіндегі нақты қадамдардың бірі — халықаралық әуе тасымалын арттыру да туризм үшін оң ықпалын көрсететіні анық.

Ауыл шаруашылығы саласына келер болсақ, сүт және сүт өнімдері өндірісіне, сонымен қатар, ет өндірісі мен өңдеуді дамыту инвесторлар тарту секілді ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

«100 нақты қадам» — экономиканы модернизациялайтын реформа

Жалпы, сарапшылардың көпшілігі аталған құжат Қазақстанның әлем нарығында бәсекеге қабілетті болуына септігін тигізетінін айтып келеді. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті кітапханасы стратегиялық зерттеулер және болжаулар бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Анар Рақымжанованың айтуынша, бұл нақты қадамдар еліміздің тұрақты дамуына ықпал ететін болады.

«100 нақты қадам» экономикалық саясатты және индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырумен тығыз байланысты. Бұл құжатты көптеген салаларды, оның ішінде экономиканы модернизациялайтын реформа ретінде қарастыруға болады. Себебі, республикамыз бүгінгі таңда әлемдік экономикамен тығыз байланыс орнатқаны белгілі. Сондай-ақ, еліміз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен елдік бағдарламаға қол қойды. Бұл ұйым әлемдік ішкі жалпы өнімнің 60 пайызын қамтитынын ерекше атап өту керек» дейді Анар Рақымжанова. Оның айтуынша, нақты қадамдардың ішінде экономикалық өсім саласы мемлекеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне байланысты туындайтын негізгі міндеттердің біріне айналған. «Бұл сала бойынша атқарылатын жұмыс ауқымды, тіпті, экономиканың халық шаруашылығы мен басқа да салаларының барлығы жаңғыртылатын болады» дейді ол.

Ал, Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновтың айтуынша, Ұлт жоспарының «Индустрияландыру мен экономикалық өсімге» бағытталған нақты қадамдары бұған дейін бастау алған экономикалық реформаларды тереңдетіп, әлемдік мықты экономикалық жүйеге қосылуға негіз бола алады. «Бес институционалдық реформаның бір бағыты ретінде экономикалық өсімге баса назар аударылып отыр. Бұл еліміздегі индустриалды-инновациялық дамуды қамтамасыз ететін болады деп ойлаймын» дегенді алға тартады ол.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға