Жаңалықтар

Үңгіртас — ғажайып сырлы тас

Үңгіртас — ғажайып сырлы тас
17.07.2018 05:58 3602

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында қоғамдық сананы заманауи биікке көтеруге септігін тигізетін алты жоба ұсынылғаны белгілі. Соның төртіншісі — Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасы. Елдің әр өңірінен киелі деп табылған мекендердің тізімі де 500-ден асты. Қазақтың қасиетті топырағында Жер кіндігі аталып, шетелдіктердің қызығушылығын туғызған Үңгіртас мекенінің өзіндік сыры мен киесі бар.

«Ғажап, етегіне қарашы, ирелеңдеген өзеннің өзі «Алла» деген жазуды жазып ағады екен, ә?»

Жотаға желіп шыққан бір топ қыз әлгі дауыстан елең етіп, Үңгіртастың етегіне көз жүгірттік. Расында да, араб әрпімен жазылған жаратушының есіміне келеді екен.

Ой, тәйірі, шынымен-ақ, мынау жұмыр жердің қақ ортасы, дәлірек айтқанда, жердің кіндігі болса ше?

 Жел болмаса шөптің басы қайдан қимылдасын. Жердің кіндігіне телудің де мәні бар шығар. Кім білсін? Дей тұрғанмен, осынау киелі қазақ топырағында тағы бір сырға тұнған таудың бары тамаша емес пе?

Жер кіндігі — Үңгіртас! Құпияға тұнып тұрған ғажайып тас. Қызық.

Әй, дегенмен, табиғатты «өлі және тірі» деп, қақ айырған пәншілдер қара тастың  қапталында сыр бар дегенге сене де қоймас. Ал, дүмше діншілдер ше? «Ширк» деп, қысқа ғана қайыра салар, бәлкім.

Бірақ, бірді емес, мыңды үйіріп, құпиясына үңілдіріп тұрған тауда қандай жұмбақ жатыр?

Соңғы 6-7 жылда, тіпті, жаһаннан жаппай саяхатшылардың дәл осы тауға табан тіреуі  тегін бе?

Қолдағы алтынның қадірін білмей жата берген жарамас. Жүз мәрте естігенше, бір рет көзбен көргенге не жетсін? Тәу етіп, қалайда жету керек.  Ниеттің оянғаны сол еді, тағат та сағат санап, әуестікті түрте берді.

 Әйтеуір, жексенбі жеткенде жақын құрбылар боп тауға да жеттік-ау.

Алматының іргесінен орын тепкен бұл мекеннің бар-жоғын білмей де кетер ме едік, кім білсін, абырой болғанда, Үңгіртастың шипа дарытар қасиеті жайлы жаңалықтан біз түгілі, ресей ғалымдары құлағдар болған екен.

Үңгіртас қай жақта деймісіз? Айтайын.

Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Үңгіртас ауылының маңында. Ол Алматы шаһарынан батысқа қарай 100 шақырым жерде орналасқан.

Осы тауға сал болып, жүруден қалғандар арбамен келіп, аяғымен нық басып кеткен дейді. Жылдар бойы нәресте сүймеген жандар таудың шипасы дарып, құрсақ көтерді деп жатады. Ісі кері кеткендердің жолы оңғарылып, тасы өрге домаласа, қайғы құшқандар жанына демеу табатын көрінеді.  Қойшы, әйтеуір, санай берсе саусақ жетпейтін мұғжизалар көп.

Ертегіге елтіген балғын ұқсап, қиял миен қызыққа құнығып, біз де жетіп бардық.

Тылсым жұмбағы бар деп естігеннен бе, әлде, расында да, адамның бойына қуат ене ме, кім білсін, әлдебір тоқтық пен шаттық сезімі тұла бойыңды билейтіндей көрінді.

Әу дегенде таудың етегінен орын тепкен шағын ғана там үйге беттедік. Көпшілік осы шаңыраққа тоқтап жатты. Амандық сұрап, аялдаған жұрттың көшінен біз де ілесе бердік. Орамалы желмен тербелген қарт ана батасын беріп, әр адамға жеке тіл қатып жатыр екен. «Сәлеметсіз бе» деп, сызылып қатарға қосыла кеттік. Әлгі апамыз темір ожауға толтырып алған суын аузына құйып, әлдебір құран аяттарын оқып, бетіме бүркіп жібергенде селт ете түстім.

Марқұм өз әжем көз алдыма келді. Баламын ғой, тез ұшынатын болсам керек. Тіл тимесін деп, маңдайыма күйе жағушы еді. Кейде той-томалақтан оралған соң, ауырып қалатыным бар еді. Дел-сал күй кешіп, жер тартып, жатып қалатынмын. Жүзіме бір қарай салысымен әжем «Әй, мынау қызға көз тиіпті ғой» деп, жүгіріп барып су әкеліп, өзі білетін ықылас, фатиха, нас, фәләқ сүрелерін оқып, әлгі суды аузына толтырып алып, бетіме бүркіп жіберуші еді. Селт ете түсетінмін. Бір ғажабы, сәлден соң-ақ құлындай шауып кете беруші едім. Әжемнің бойында емдік қасиеті болғанына еш шүбәм болмаған. Дәл осы сәтте де сол марқұм әжем қарсы алдымда тұрғандай сезілді. Тұла бойым тітіркеніп барып, жадырап салған.

Ал, Үңгіртастағы әженің есімі Би-Фатимә екен. Осынау киелі Үңгіртастың шырақшысы. Ол кісінің осы тылсым мекеннің күзетшісі болуының да өзіндік сыры терең көрінеді.

Хақтың қалауымен, аян түскені туралы айтылады. Әрі Фатима апаға таудың сыры мен мәні, шипа берер қасиеті жайлы хабар түскен деседі. Оны қойшы, мені таңқалдырғаны мынау: Осы тауға келіп, ғажап сырына тәнті болғандар көп қой, соның бірі – Еркін Әбілханов есімді кәсіпкер екен. Ол кісі: «Жолым болмай, сәтсіздіктен басымды тауға да, тасқа да ұрып жүрген кезім. Үңгіртасқа келдім. Би-Фатима апаны көрдім. Бұл кісінің көріпкелдігі барына сенемін. Маған: «Алладан жәрдем сұра, қиындығыңнан құтыласың» деп еді. Жолым жүре бестады. Бірақ, сол кездері апаның аузынан «Бронникпен кездесуім керек» деген сөзді талай мәрте естіп едім. «Ол кім?» десем, апаның өзі бейхабар екен. Бар болғаны «маған сондай хабар келді» деп, қысқа қайыратын. Кейін мәлім болғаны, Бронников деген орыс ғалымы бар екен. Табиғаттың осындай тылсым құбылыстарын зерттейді.

Би-Фатима апаға деген алғысымды білдіргім келді. Содан бір күні Фатима апаны алып, Ресейге жол тарттым. Мәскеуден Бронниковты іздеп таптық. Фатима апамен жүздестірдім. Енді, мына қызыққа қараңызшы. Әлгі ғалым «Білесіз бе, мен де сіздерді күткен едім. Талай жыл бойы табиғаттың тылсымын зерттеп келемін. Осы шығыс өңірден әлдебір адам маған бата беру керектігін сезетінмін. Сөйтсем, күткенім Фатима апа екен ғой» деп, бірден разылығын білдіріп, кәлимаға тілін келтіріп, сол сәттен бастап ислам дінін қабылдап, сәждеге бас қойыпты. Керемет демей көріңіз мұны.

Мен академик ғалымның айтқандарына қайран қалдым. Негізі, ол кісінің өзі әуелі Алматыға ұшып келіп, апаға барған екен.

Жағдай былай болыпты. Би-Фатима апамыз Түркістандағы Арыстан бап әулиенің басына тәуеп етіп бармай ма. Тылсымнан күш келіп, ол кісіге: «Бронникті тап, батаңды бер» деп хабар жетіпті. Бір жыл бойы тентіреп, әлгі Бронникті іздеумен болады. Кім ол, қайда ол, өзі де білмейді. Негізі Фатима апа хат танымайтын адам. Содан Арыстан бапқа зиярат етіп барған Шолпан есімді жанды көріп, іші әлденені сезіп, әлгі кісіге жетіп барады. «Маған Бронникті тауып бер, мен сені бір жыл күттім ғой» дейді. Ештеменің мәнісін түсінбеген Шолпан есімді бейтаныс әйел қашып кеткен екен. Әйтсе де, сол 2000 жылдары Фатима апа Шолпанды бір жыл бойы іздеп, ақыры Алматыдан тауып алған екен. Сол баяғы өтінішін айтыпты. Амалы құрыған Шолпан танысы арқылы Ресейдің әйгілі ғалымы Бронниковқа қоңырау шалыпты. Осы қоңырауды академик те күтіп жүрген екен. «Неге кештеттіңіздер, дереу хабарласпадыңыз ба?» деп, сол мезетте ұшаққа мініп, Фатима апаға жетіпті.

Білесіз бе, апамен жүздесіп, тілдескен соң, маған әлгі ғалымның не дегенін: «Сенесің бе, мен 20 жыл бойы адам қабілетінің шегін зерттеумен келемін. Осы уақыт аралығында зағип жандардың мидың түйсігімен көруінің сырын ашуға ұмтылдым. Өзіңіз білесіз, аң-құстар көзсіз-ақ, түйсік арқылы көре алады. Мәселен, дельфиндер, жарқанаттар. Түйсіктің осынау тамаша сырын ақтарып, қабілеттің 4-інші сатысын 20 жылда әрең игердім. Ал, Би-Фатима әже болса, менің зерттеу нысанымның әлдеқайда биігінде, мен жете қоймаған 10-ыншы сатысында тұр. Бұл кісіні мен «Рухани анам» деп атаймын» – деді. Және Фатима апаның айтуымен ғалым ислам дінін қабылдаған екен.

Осылайша, кәсіпкер Еркін Әбілханов та қайран қалып, ғажайып оқиғалардың себебімен иманға келіп, дінге бет бұрыпты.

Айтпақшы, әлгі Бронников деген кім дейсіз ғой?

Вячеслав Михайлович Бронников – Кеңес Одағы бойынша биоэнергетиканың негізін салушы. Философия ғылымдарының докторы, Халықаралық Информатизация академиясының академигі, Халықаралық Адам дамуы академиясының президенті.

Осылайша академик Бронников Үңгіртастың қасиеті туралы құлағдар болады. Қаншалықты қасиетті екенін тексеріп көрмекке бел буады. Сөйтіп, жерден шығатын қуат көзін өлшейтін арнайы құрылғыларын әкеліп, тексеруді бастайды. Үңгіртастың кереметі расталады. Тексеру барысында осы аймақтан жоғары энергетикалық қуат көзін анықтайды. Көк пен жерді жалғап, тап-таза қуат құйылып тұратынына нақ көзі жеткен.

Өзге ғалымдар тобы бұл маңда жер астындағы анықталмаған металдың магниттік өрісі бар болуы мүмкін деген болжамын ұсынады. Қуат көзі болғандықтан, Үңгіртас шипа мен қасиет қайнарына айналыпты. Қалай болғанда да, мәскеулік ғалымның биоэнергетикалық зерттеуінен кейін Үңгіртасқа келушілердің саны ұлғайған.

Ой, Алла-ай, шынында да, мынау сыйқырлы тас па сонда?

Құдай айдап, ат басын тіреп, қазақтың тағы бір киелі өңірінің есігін ашқанымызға іштей разы болдым. Содан не керек, Фатима апаның батасын алып, ұзыннан жазылған кең дастарханға жайғастық. Дәм ауыз тиген соң, бізді үйге шақырды. Құран оқыған бүлдіршіннің суретінен бастап, түрлі сүрелер мен аяттар керегеге ілінген екен. Бізді жертөлеге түсірді. Дәл жоғарғы бөлмедегідей сырлы жазулар мен таңбалар керегені көмкеріп тұр екен. Сәждеге бас қойдық.

Осылайша, іштей дұғамызды айтып, сыртқа шықтық. Ендігі кезекте, өзіміз ниеттеніп келген тауға да шығуға рұқсат. Содан Үңгіртастың жотасына да көтерлідік қой.

Әуелі жота басына көтерілгенде құлпытас тұрады. Оның бетінде «Биба апа, Бейшана Сүйекті әулие, Буынды әулие, Перделі айдаһар» деген жазу бар. Көптің айтуынша, осындай әулие жандардың жатқан жері осы.

Әрі қарай бет алғанда алдымыздан тұмар тас шықты. Әдеттегідей тас қапталына құран аяты жазылған екен, нақты айтқанда ықылас сүресі. Осы тастың жанына аялдағанда жерге тізерлеп отырып, екі бүйіріндегі қос тасты қолмен ұстап, тілек тілеу қажет екен. Әлгі екі бүйіріндегі тастың бірі жүректің белгісі іспетті келіп, махаббатты меңзесе, екіншісі тұмар тас көрінеді. Одан әрі қарай қарсы алдымыздан Үлкен қоңыр ескерткіш тас көрінді. «Айдарлы Айдаһар ата» деген жазу бар. Фатима апаның айтуынша, осы тұсқа келгенде қолды жоғары көтеріп, «Иә, Аллам, жүзімді жарық қыла көр» деп, ықыласпен тілек тілеп, басты сәждеге қою керек екен. Және бір қызығы, осы үңгірдің бір қапталында Мейірім есімді әулие бала-шағасымен жатыр дейді.

Содан соң әлгі көптің аузының суы құрып айтып жүрген ой-шұңқырлы үңгірге де баруға жол ашық. Бас, мойын, жүйке, бел, бүйрек, өзге де аурулардан айығу үшін әртүрлі тасқа таяп, ауырған жерді тосып, 5-10 минут отыру керек екен.

Ғажабы да сол, құлан-таза айығуың әбден мүмкін.

Сірә, осы үңгірдің айналасы сонау бір замандарда құлшылығы құдайға ұнап, әулие болған жандармен толыққандықтан да киелі болған шығар.

«Әсілінде солай, – дейді осы үңгірдің шырақшысы Би-Фатима апа, –  біле білсең, тарихтың сонау бір кезінде, нақтырақ айтқанда, 48 кизде сол әулиелер тас болып қалыпты. Және осы күндері 1180 әулие тірі. Мен Арыстан бап бабамыздың желеуімен тылсымнан хабардар болдым. Енді осы қасиетті таудағы әулие-әнбиелердің атын атап, құран бағыштап, есімін жаңғыртуға тырысып жүрген жанмын».

Шынында да, бұл тау тәубеңе келтіріп, ақыретті ойға салатын мекендей көрінді.

 Қысқасы, бір біріне жалғасқан талай тастың өзінше қасиеті бар екен.

Сірә, Бронников көкпен байланыстырған тылсым қуаттың алуан сәулесі болатынын да айтқан шығар. Қалай дегенде де, бойды тазартып,  өне бойыңа күш дарытатын ғажап жер екендігіне күмән жоқ.

Ол ол ма, әлгі «Алла» деп иерелеңдеп аққан өзенге түсу де уәжіп дейді бәз біреулер. Көктемнің қоңырсалқын райына қарамастан, бір топ қыз суға күмп бердік. Сізге өтірік, маған шын, ауыру былай тұрсын, жанымыз жадырап, көңіліміз серпіліп қалды.

Осыншама қасиет дарыған бұл не тау? Қайдан келген кие?

Аңыздарға сүйенген біреулер бүй дейді.

«Кезінде әлемге әйгілі әулие Қожа Ахмет Яссауи бабамыз осы аймаққа пайғамбар жасынан асқанда келген. 63 жастан өткенде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) дүниеден осы жасында озды. Ал, менің тайраңдап жерде жүргенім болмас» деп, жер астына түскен жер, осы – Үңгіртас дейді.

Менің көз алдыма Фатима апаның шаңырағындағы жертөле елестеп кетті. Яссауи бабамның қылуетін еске салайын деді ме екен. Расында да, Хаққа құмар болған қадірлі әулиеміз Яссауи бабамыздың құрметіне қасиет біткен тау ма екен?

Ал, Фатима апа бұл таудың киесін осы жердегі бір емес, талай әулиенің жатқанымен байланыстырады.

Қойшы, қайсібірін айтасың. Әйтеуір, жүрегім тылсымның барына шүбәсіз сенгенімен, ақылым дәлел сұрады емес пе? Ал, оған анау Ресей ғалымы Бронниковтың зерттеуінің өзі жеткілікті шығар. Қалай десек те, астарында талай құпия жатқан киелі мекен екені рас.

Жер шарлап, жерұйық іздегенше, құт қонған қазақтың Үңгіртасынан қуат алғанға не жетсін?!

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға