Жаңалықтар

Абай мұрасы – барша адамзаттың руханиятына ортақ мұра

Туындылары ғасырлар өтсе де, өз маңызын жоймақ емес
Абай мұрасы – барша адамзаттың руханиятына ортақ мұра
16.04.2020 15:27 5405

Жыл басынан бері еліміздің түкпір-түкпірінде қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың мерейтойын ауқымды деңгейде тойлау туралы жарлыққа қол қойғаны баршамызға белгілі. Соған байланысты дайындық пен ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік комиссия да құрылған болатын. Былтыр ұлы ақынның шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы өткізілген еді. Ел деңгейіндегі шара барысында Ләйлім есімді оқушы қыз жолдаған эстафетаны Қасым-Жомарт Тоқаев қабыл алып, белсене қатысқан болатын. Көпке тигізер пайдасы мол челленджге мектеп оқушыларынан бастап ел азаматтарына, тіпті халықаралық деңгейдегі атақты тұлғаларға дейін қатты қызығушылық білдіріп, белсенділік танытты. Нәтижесінде әлемді шарлаған бұл бастама бірнеше айға ұласты. Қазіргі кезде жер бетіндегі барша елге таралған қауіпті індетке қарамастан Абай мұрасын көпшілікке насихаттау жұмыстары жалғасып келеді. Оған жақында өткізілген «Абай және рухани мұра» атты халықаралық онлайн конференциясы дәлел бола алады.

   Абай мұрасы – барша адамзат баласының рухани азығы

Абай - ұлттық мәдениетіміз бен тарихымыздан ерекше орын алатын тұлға. Оның ғұмыры мен ғибраты, шығармашылығы қазақ халқына ғана емес, әлем жұртына да өнеге екені рас... Қазақ жерінде әділеттілік пен адамгершілікті, ғылым мен өнерді, еңбекті қастерлеген өзге де ақындар аз болған емес. Бірақ та Абайдың артына қалдырған өшпес мұралары әдебиетімізге, мәдениетімізге тың ой-пікір, көркем сезім әлемін ашқаны даусыз.

Ол шығармалары арқылы заманның зарын айтып, әділетсіздіктің мұңын шаққан, арқасына тұрмыстың ащы таяғы тигендердің ішкі шерін жеткізді. Бойына халқының ұлылығы ұлағаттылық дарытып, нәтижесінде жалпақ жұрттың туы бола білді. Оның азаматтығы өзінің еңбектерінен көрініс тапты. Оған «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» - деп арнау, зарлау емес, жарлай жұртшылыққа бұрылуы дәлел бола алатыны сөзсіз.

4b9ee6d2c65fd004cbfe21fd07d243ab.jpg

«Бас-басына би болған өңшең қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?» -

деген сарындағы өлеңдері арқылы өз заманының көкейкесті тақырыптарын көтергені баршаға аян.

Өлеңдерінен оның нағыз еңбекқорлықтың мотиваторы екенін байқауға болады. Тіпті туындыларында осы еңбек тақырыбы үлкен орын алатыны рас.

Еңбек етсең, ерінбей,

Тояды қарнын тіленбей,

немесе

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегін мен ақылын екі жақтап, - дейді.

Өз шығармаларында масылдықпен күрес тақырыптарын арқау етуді де ұмыт қалдырмаған. Абай әрдайым арзан ойын-күлкіге, салғырттыққа салынбай, үнемі сергек болуға шақырады. Оны өз кезегінде еңбек арқылы әрдайым шыңдап отыруды жөн көреді. Сонымен қоса, ағартушы туындыларында кәсіпті нәсіп еткендерді, еңбекқорлықты өзгелерге кеңінен насихаттайды. Және күнделікті тұрмыс салтын жақсарту үшін әрдайым еңбек етудің жаңа формаларын үйренуге бағыттайды.

Әдебиетімізге көз жүгіртетін болсақ, қазақ руханиятында Абайдан көп зерттелген, Абайдан көп жазылған, Абайдан шығармалары көп шыққан тұлға жоқтың-қасы. Оның шығармаларындағы басты нәрсе – адам баласын тану. Еңбектерін оқу барысында адамзатты екіге бөліп қарастыратынына көз жеткіземіз. Яғни адамға адам болу үшін және кемелдікке жету үшін қандай қасиеттерге ие болуы да сөз етіледі. Одан бөлек, ақын сүю мәселесі турасында ой қозғауды да ұмыт қалдырмайды.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті, - деп адамға ең алдымен Құдайды сүю керектігін айтады. Одан кейін Құдай махаббатпен жаратқан адамды сүюді және адам үшін ең қажетті әділетті сүюге шақырады. Мінеки, осы үш дүниені яғни сүюді көпшілікке өлеңдері арқылы жеткізген.

Жалпы, Абай сөз өнерін өмір бойы қадір тұтып, оның мән-мағынасын, маңызын терең түсіне білген ғұлама. Өз өлеңдерін қоғамдық күш деп білді. Қазақ поэзиясының тәрбиелік мәнін жетік ұғынып, оған адамның мінезін, өз заманын түзетудің құралы ретінде қарады.

Ұлы кемеңгердің адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта және т.б. турасында айтқан ойлары, тұжырымдалары, ғасырлар өтсе де, маңызын жойған емес. Өйткені оның асыл мұрасы барша адамзат баласының рухани азығы іспеттес.

«Ақын шығармалары ұлттық идеологияның түп қазығы»

Қазақтың бас ақынының мерейтойына арналған алғашқы онлайн форматтағы халықаралық конференцияға әлемнің түкпір-түкпірінен абайтанушылар, әдебиеттанушылар, тарихшылар, ғалымдар, профессорлар, журналистер сынды 100-ге жуық адам қатысып, өз ойларын айтып, пікір алмасқан еді. Солардың арасында Маңғыстау жерінің тумасы, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржан да бар.

- Бұл конференцияда менің негізгі қозғаған тақырыбым – Абай өлеңіндегі бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол концепциясы. Бәріміз де ақынның осы «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқып,жаттап өстік. Бірақ та бәлкім көбіміз соның астарына тереңірек мән бермеген шығармыз. Бұл жердегі бес нәрсе бұл адамзаттың адам болу теориясы. Бұл концепцияда бүкіл адамзаттың тіршілігінің бастауы жатыр, - дейді Оңайгүл Тұржан.

92168410_1921390291327949_7354564004666146816_o.jpg

(Суретте: Оңайгүл Тұржан)

Ақын «Қазіргі таңда Абай шығармаларын барша әлемге насихаттау барысында маңызды бір дүниені ескермей жүрген секілдіміз» дейді.

- Абайдың шығармаларымен қоса, оны жан-жақты тереңірек зерттеген зерттеушілердің еңбектерін де өзге тілдерге аударып отыру қажет деп есептеймін. Оған қоса, Хәкім Абай еңбектерін тәржімалаған ғалымдарды да көпшілік оқырманға таныстырып отыру керек. Өйткені әлемдегі барша әдебиетсүйер қауым қандай да бір тілге аударылған кезде бірден оны кім және қай тілге аударған деген жайттарға үлкен қызығушылық танытады.

Сол себепті ақын жазба әдебиеттің негізін салушы Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін, жалпы еңбектерін күллі елдің тілдеріне аудару жұмыстың тек жартысы ғана екендігін айтады.

- Мысалы, әйгілі Шекспир туралы әлемнің күллі ғалымдары мен фольклоршылары, археологтар мен тарихшылар тіпті адам жанын арашалайтын дәрігерлер де жан-жақты зерттеді. Неге? Өйткені оның шығармаларында осы салаларға қатысты барлық дүниелер бар. Дәл сол сияқты Абайда да ғылымның түрлі саласын ұстап тұрған концепциялар бар. Сондықтан Хәкім Абайдың шығармаларын зерттеген зерттеушілердің шығармаларын әлемнің көптеген тілдеріне аудару қажет деп ойлаймын. Зерттеушілер ақынның шығармаларын жан-жақты талдап береді ғой... Әдетте біз әлемдік деңгейдегі шығармаларды оқыған кезде алдымен, сол автордың шығармаларының зерттелуіне ерекше назар аударатынымыз рас. Демек, біз Абайдың еңбектерімен қоса, зерттеген зерттеушілердің жұмыстарын да өзге тілдерге аударып отырғанымыз жөн.

Ұлтымыздың шамшырағы Абай мұрасы тек қазақ әдебиеті үшін ғана емес, бүкіл адамзаттың руханиятына ортақ мұра болып саналады.

- Халықаралық деңгейде рухани құндылық екендігіне бүгінгі таңда көпшілікке назар аудартуға көптеген мүмкіндіктер жетіп артылады. Бұл рухани құндылықты Шекспирдің, Гетенің, Франческо Петрарканың шығармалары сияқты деңгейде күллі әлемге шығарып, жалпақ жұртқа паш етуіміз қажет. Жалпы Абай шығармалары ұлттық идеологияның ең түпкі қазығы бола алады. Өйткені мұның ішінде ұлттық құндылық деген не, ұлттық идеологияны қалай сақтаймыз, өскелең ұрпақты қалай тәрбиелейміз сынды маңызды мәселелердің барлығы Абай шығармаларынан көрініс табады.

Әлем елдерінде «Абай орталықтары» құрылуда

Иә, расымен де Абайды қазақ халқының ғана емес, барша елдің ойшылы ретінде санаған жөн.

Ақынның мерейтойы елімізде ғана емес, шетелдерде де ауқымды деңгейде өткізіліп жатыр. Солардың бірі жақында Түркияның астанасы Анкарада конференциялар ұйымдастырылды. Мұнда бауырлас түркі елінің студенттері Абайдың өлеңдерін оқыса, ендібіреулері оған арналған арнайы білім сайыстарына қатысып, таным көкжиектерін кеңейтуде. Сонымен қоса, қазіргі кезде бауырлас елде Абай туралы Қазақстанда шыққан кітаптар мен мақалаларды түрік тіліне аударып, тақырыпқа сай мақалалар жазып, 1000 беттік жинақ ретінде көпшілік назарына ұсыну жоспарланып отыр.

Абай Құнанбайұлының тұлғасы мен асыл қазынасын дәріптеу мақсатында Ресей, Франция, Ұлыбританция сынды көптеген мемлекеттердегі Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтары» құрылады. Мысалы, Қазақстанның Чехиядағы елшілігінің қолдауымен жақында Чех Республикасында «Абай мәдени ақпараттық орталығы» ашылды. Бұл орталық қос ел халықтарының мәдениетінің өркендеуіне, чех жұртының қазақ әдебиетін тереңірек білуіне көп септігін тигізбек. Тіпті бұл орталыққа Латвия, Германия, Польша, Франция, Бельгия, Канада сынды және т.б. елдерден бір топ азаматтар келіп, Абайдың өмірі, шығармашылығы турасында мол ақпараттармен сусындауға таптырмас мүмкіндік алды. Орталықтың ашылғанына риза болған бір топ студенттер ақын еңбектерінен өлеңдер оқып, әдеби сазды кештер ұйымдастырды. Сонымен қоса, қазақ студенттер қауымдастығы арнайы челленджерді өзге елдегі студенттерге жолдау дәстүрін бастап кеткен.

Абайдың асыл мұрасының өскелең ұрпаққа тигізер пайдасы орасан зор. Қазақтың ойшылының еңбектері қазіргі күні де өзінің маңызын, өзектілігін жоғалтқан емес. Сондықтан бүгінгі күнге жеткен ой-тұжырымдары барша адамзатқа қашанда рухани азық болатыны сөзсіз.

Хәкім Абайдың шығармалары 10 тілге аударылады

Жалпы биыл мерейтойға орай аймақтық, республикалық, халықаралық көлемде 500-ден аса түрлі іс-шаралар өткізілмек. Ал тамыз айында ақынның туған жері Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп «Абай мұрасы және әлемдік руханият», қазан айында елордада «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» тақырыптарында халықаралық конференциялар өткізу жоспарланып отыр. Бұл іс-шараларда қазақтың ұлы ақынының тұлғасы, мұрасы жан-жақты зерделенбек.

2414249e976111a10e69c890d2ae797e.png

Одан бөлек, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлының тапсырмасымен Абай Құнанбайұлының шығармалары 10 тілге аударылып, баспадан басылып шығарылмақ. Нақтырақ айтқанда, ақынның еңбектерін ағылшын, араб, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз елдерінің тілдеріне тәржімаланады. Ал бұл жұмыстармен Ұлттық аударма бюросы айналысатын болады. Библиографтардың айтуы бойынша қазіргі таңда ақынның еңбектері әлемнің 34 тіліне аударылыпты. Абайтанушы-ғалымдардың пікірінше, Абайдың еңбектерін бұрынғы КСРО құрамында болған халықтың тілінде оқуға мүмкіндік бар екен.

Сонымен қоса, алда көптеген ауқымды шаралар өткізілмек. Президенттің тапсырмасымен қазақ халқының ұлы ақынының өмірі мен шығармашылығы, қазақ елінің өркендеуіндегі рөлі жайында деректі фильмдер мен «Абай» телесериалы түсірілмек. Өнер иелерінің қатысуымен республикалық, халықаралық деңгейлерде театр және музыкалық фестивальдер де ұйымдастырылады. Бір айта кетерлігі, биылғы жылы өтетін бәйгелер Хәкім Абайдың шығармашылығына арналады және әдебиет пен өнер саласындағы ең үздік туындыларға ұсынылатын мемлекеттік сыйлық Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп өзгертілетін болады.

Одан бөлек, Шығыс Қазақстан облысындағы Ақшоқы елдімекенінде ақынның әкесі Құнанбай Өскенбайұлының қорымы мен көпшілікке белгілі Жидебай қастерлі мекенінде абаттандырылу жұмыстары да жүргізмек. Тағы бір айта кетерлігі, Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңестің мүшесі, жазушы Ақбар Мәжіт биыл Абайдың өлеңдерін қытай тіліне аударып, көлемді жинақ ретінде басып шығарылатынын жеткізді. Осындай елеулі әрі маңызы зор шаралардың басты мақсаты Хәкім Абай жайында ой-өрісімізді одан сайын кеңейтіп, рухани жағынан даму. Абайды тек қазақ жұртының рухани қазынасына үлес қосқан ойшыл ғана емес, сонымен қоса ол қазақтың ел болуы жолында еңбек еткен данагер ретінде де есептегеніміз жөн.

«Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған - »

демекші, абыз, ойшыл Абайдың поэзиясы, сөздері мәңгілік өлмек емес. Қазақ халқы бар да, ол да жасай бермек.

Жазба әдебиеттің негізін салушы Абай өмір сүрген қоғамның қайшылықтарын, теңсіздіктерін, қазақ жұртының экономикалық әрі мәдени тұрғысынан артта қалушылығының себебін көре білді. Дұрыс жолға жеткізер жалғыз бағыт өнер мен білімді жоғары бағалау екендігін әрдайым шығармалары арқылы жеткізіп отырды. Жұртын ғылымға, білімге, өнерге үндеп, «мыңмен жалғыз алысқан» Абай надандықпен бірге күресуге шақырды. Ұлтын алға жетелеген тұлғаның еңбектері ұрпақтан-ұрпаққа қалар асыл қазына. Осы байлықты қадір тұтып, қастерлеу бүгінгі өскелең ұрпақтың міндеті әрі парызы екені рас...

(Суреттер Оңайгүл Тұржанның жеке мұрағатынан және ашық дерек көздерінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға