Жаңалықтар

Бахаргүл Төлегенқызы: Біз өз тауарларымызға жақсы тілектер жазып қоямыз

Қазақсттанның 100 жаңа есімі
Бахаргүл Төлегенқызы: Біз өз тауарларымызға жақсы тілектер жазып қоямыз
15.12.2017 11:33 5216

- Қол өнер бұйымдарын кәсіпке айналдыруды қашан бастадыңыз?

- Қазақтың қол өнерін жинап келе жатқаныма 25 жылға жуықтап қалды. Алғаш бастаған кезімде, 90-шы жылдары бұйымдар арзан болатын. Еліміз енді еңсесін жиып келе жатқан кездегі баға аса қымбат емес-тін. Бірақ сол кездің өзінде біраз затты уысымнан шығарып қойдым. Қазір сол заттарды іздесем, таппаймын. Халық арасында сиреп кетті. Соған қарағанда асыл бұйымдардың ел арасында аса бағалы екені білініп тұр.

Жас күнімнен қазақтың тұрмыс-тіршілігін өз бояуында көргеннен кейін, өсе келе ұлттық құндылықтарды әспеттеуге, оларды жұрт назарына ұсынуға асық болдым. Біздің дүкендердің сөрелерінде басқа жұрттың кәдесыйлары толып тұр. Сонан соң коллекция жинаумен қатар, соларды кәдесый ретінде жасап, оны халыққа ұсынуды жөн деп таптық. Ойымды жұбайым марқұм Мұратқа айтып едім, ол бірден қолдады. Содан 2000 жылға дейін біз бұрын-соңды болмаған қазақтың бір топ кәдесый топтамаларын жасап шықтық.

Райымбек, Бәйдібек, Махамбет, Исатай секілді батырларымыздың кішкене бейнесін жасап, кәдесый ретінде жасадық. Егемендік алғаннан кейін бой көтерген монументтерді авторларымен бірлесе отырып дайындадық. Мәселен, Бәйтерек тек Астанада тұр. Басқа қалаларда ондай монумент жоқ. Ол біздің елдігіміздің символы. Ал ондай символ әр қазақтың үйінде тұру керек деген оймен, олардың да кішірейтілген нұсқасын жасап шығардық. Онан бөлек Түркістандағы тайқазан, Қожа Ахмет Иассауйдің кесенесі де әрбір қазақ баласының үйінде тұрса, қандай жарасымды. Патриоттық сезімді оятатын, жастарға ұлттық тәрбие беретін киелі қобызды, домбыраны, асық пен жауырынды кәдесый ретінде дайындап, жарыққа әкелдік. Бұл заттарға халықтың сұранысы жақсы. Сондықтан бизнеске айналдырдым.

- «Әдемі-ай-дан» шыққан қазақи сипаттағы заттар өте сүйкімді етіп жасалады, оларды қалай ойластырып жасайсыздар? 

- Әр заттан ұлттың келбеті көрініп тұруы керек. Ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді көрсетуі қажет. Онан кейін таңбаланған тарихтан сыр шертіп тұруға тиіс. Біздің басты ұстанған мақсатымыз осы. Көбіне көшпелі өмірдің келбетін жасауға тырысамыз. Мысалы, «қыз қуу» дейтін ойын бар ғой. Соның өзін кәдесый қылып дайындадық. Сондай-ақ, қазақтың торсығы неге тек қайыстан немесе теріден жасалуы керек. Оны да қоладан құйып, сыртын алтындатып жасап шықтық. Ер-тоқымның, шаңырақтың өзін кәдесый ретінде жасап жатырмыз. Қысқасы, біз кәдесыйлар арқылы қазақы өмірдің тұтастай бір бейнесін жасауға тырысамыз. Әр жасаған затымыз ұлт өмірінен, өткенінен хабар беріп тұрады. Шеттен келген адамдар біздің кәдесыйлар арқылы қазақтың тұрмыс-тіршілігін танып кетуі керек деген ойдамыз.

Көптеген кәдесыйлардың авторы өзіміз. Ал жекелеген кәдесыйлардың авторлары бар. Біз олармен қоян-қолтық араласып, жұмыс істейміз. Олардың бірі Қарағандыда тұратын мәдениет қайраткері, көрнекті суретші Мұрат Қалқабаев. Айтып отырғанымдай, біз көп дүниенің кішірейтілген нұсқасын жасап шығамыз. Ал домбыра, қобыз, асық, жауырын секілді композицияларды өзіміз ойлап табамыз. Негізінен, кәдесыйдың көбі өзіміздің ойымыздан туған дүниелер.

Ұлттық нақыштағы заттарды жасайсыздар, оларға деген сұраныс қалай?

- Жақсы тілек тілеген дұрыс. Сөредегі заттан жақсылықтың иісі аңқып тұрғаннан кейін халықтың да назары ауады. «Әдемі-ай» тек қана ақша табуды ғана көздемейді. Біз осы арқылы өз тұтынушыларымызға тілектес екенімізді білдірдік. Оның үстіне сыйлық беруші де, сыйлық алушыда қуанып қалады. Біз осының бәрін ойладық.

«Асығың алшысынан түссін…» Осылай аталған кәдесыйды қоғамдағы барлық адамға ұсынғаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Мәселен, жаңадан жұмысқа тұрған кісіге, дүниеге келген нәрестеге, туған күн, мерейтой иелеріне, қоныс тойын атап өтіп жатқандарға, жаңадан отбасын құрғандарға жақсы тілекпен сыйлауға болады. Біз асықтың бір ғана түрін жасап қоя салған жоқпыз. Алдымен жалғыз асықтың алшысынан түсіп жатқанын жасадық. Онан соң жеті асықтың жантайып жатқан түрін айналымға шығардық. Кейіннен 16 асықтың басын бі­ріктірдік. Ең соңынан 24 асықтан тұтас композиция жасап шықтық. Жалпы, қай нәрсені болмасын дизайнер, суретшілермен келісе отырып түрлендіріп шығаруға мүмкіндік мол. Айта кететін жай, кейбір кәдесыйлардың қасынан «Асығың алшысынан түссін», «Жолың болсын», «Амандық тілеймін» дейтін жазуларды оқуға болады.

Сұхбаттасқан: Әсем Алшынбай- 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға