Жаңалықтар

«100 жаңа есім»: Жанымызда жақсы адамдар жүр

Қазақстанның 100 жаңа есімі
«100 жаңа есім»: Жанымызда жақсы адамдар жүр
15.12.2017 11:38 5191

Ең бір қуантарлығы, Қазақстандықтар бұл жобаға белсене ат салысты. Айтулы сайтта ұсынылған әрбір үміткердің өмірбаянын, жетістіктерін ең кемі ондаған, жүздеген адам қарап, «лүпіл» басса, кейбір азаматтарға мыңдаған рет дауыс беріліп, қолдау көрсетілген.

Бәсекеге қабілеттіліктің, прагматизм мен табыстың, терең білім мен патриотизмнің үлгісіне айналатын тұлғалар қатарында қатардағы полиция қызметкерлері мен спортшылар, ғылым мен білім, медицина мен бизнес өкілдері, меценаттар мен иллюзионистер, тіпті адам құтқарған жасөспірімдер де бар. Мұның өзі байқаудың сан саланы қамтып отырғанын көрсетеді.

Жобада бізді көптеген азаматтардың ерлігі мен күш-жігері таң қалдырды. Оның ішінде балалардың ерлігі ерекше атап өтуге тұрарлық. Мәселен, 2003 жылы дүниеге келген ОҚО, Сарыағаш ауданының кішкентай тұрғыны Демежан Алтай суға батып бара жатқан бір жарым жасар бүлдіршінді құтқарып, алғашқы медициналық көмек көрсете білген. Оның ерлігіне таң қалған құтқарушылар, тіпті ересек адамның өзі дәл бұлай істей алмас еді деп қайран қалған. Демежан баланың кеуде тұсынан басып, дем алуына көмектескен. 12 жасар Құрақ Мұхамедәли демсіз қалған 3 жасар баланы судан алып шығып, алғашқы көмек көрсетіп үлгерген. Адамның жүрек тұсына массаж жасауды жас бала кинодан көріпті. Ерлігі үшін Құрақ Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Құрмет грамотасымен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Бұл екі оқиға жобаға ұсынылған үміткерлердің ішінен балалардың да ерлік жасауға даярлығынкөрсетіп тұрғандай.

Нияз Сүндетәлиев деген азамат 2012 жылы абайсызда 4 қабат терезесінен құлап, мүгедек арбасына таңылған еді. Қарағандылық жігітті емдеу үшін достары мен туыстары акциялар ұйымдастырып, оның есепшотына 5 миллион 584 мың теңге жиналған болатын. Бірақ ол бұл ақшаның жақын арада оған қажет еместігін біліп, қомақты қаржыны Аружан Сайынның «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорына аударып, шұғыл емге зәру балаларға өз тарапынан осындай сый жасаған. Қайырымдылықтың үлкен нышанын көрсетіп отырған Нияздың өзі: «Бұл ақшаны жамбастың астына құр басып отыру адамгершілікке жатпайтын қылық болар еді. Сондықтан мен қаржыны дәл бүгінгі күнде емге зәру балаларға көмек ретінде Аружан Сайынның қорына аудару жөнінде шешім қабылдадым», – дейді. Бұл оқиға да дауыс берушілердің жүрегін тебірентіп, ризашылыққа бөлендірген. Қазақстандықтар дауыс беру барысында осындай мысалдарға зор ілтипатын білдіріпті.

Сондай-ақ отандастарымыз өзі тұрып жатқан ауыл-аудан, қала-облыс шеңберінде ізгі амалдар мен қажырлы еңбек етіп жүрген мәслихат депутаттары, меценаттар мен жастар ұйымдарының өкілдеріне де белсене дауыс беріпті. Әсіресе, жастардың заман ағымынан қалмай, старт-ап жобалармен айналысып, қайырымдылық шараларына да мән беріп жүргені қуантты. «Нұр Отан» партиясының мүшесі болып отырған азаматтар да бірінші кезекте ауыл жастарына көңіл бөліп, олардың мотивациясын арттырып, тұлғалық қасиеттерін шыңдау қажеттігіне сенімді. Мәселен, Sheberbuild құрылыс компаниясының бас директоры Олжас Сүлейменов балалар үйінің тәрбиеленушілері мен жалпы жастар арасында тегін тренингтер өткізеді. Сондай-ақ ол Шанхайда қазақ тілі мен мәдениет орталығының ашылуына мұрындық болды. Белсенді жастардың ішінде «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Электронды партия» интернет-порталы медиа-редакциясының жетекшісі Максим Споткай да бар. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген Максим латын әліпбиінің енгізілуіне байланысты үлкен қолдау көрсетіп, әлеуметтік желідегі парақшасында өз ұсыныстарымен бөлісіп отырады. Қазақстандық бірегейлікті қолдайды.

Үлгі тұтатын жастардың арасында журналист, блогер, «Болашақ» стипендиясының иегері, «90-минут синдромы» кітабының авторы Абай Отар да бар. Сондай-ақ старт-ап жобалардың авторлары, жаңа медиа өкілдері де қолдауға тұрарлық азаматтар екенін көрсетіп отыр.

Отандастарымыз италиялық маман Болдри Робертоның үлгісін де жобаға лайықты деп ұсыныпты. Өмір бойы БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуроодақ сияқты халықаралық ұйымдарда жұмыс істеп, тіпті Африкада ауыз су мәселесімен ұзақ жылдар айналысқан маман Қазақстанға алғаш рет 1997 жылы табан тіреген. БҰҰ бұйрығымен Арал экологиясының түйткілдерімен айналысқан. Бүгінгі таңда қазақ келіншегімен төрт өкіл баланы бағып-қағып отыр. Ұл-қыздарына өнегелі тәрбие берумен қатар, шетелдік білімнен сусындауға да жол ашып жатыр.

Жобаға мемлекеттік тіл мен патриотизмді ел ішінде барынша насихаттап жүрген Қазақстан Халқы ассамблеясының өкілдері, сонымен қатар белсенді блогерлер мен «Болашақ» бағдарламасының стипендианттары, әлеуметтік желі жұлдыздары да ұсынылған.

Жалпы айтқанда, аталған порталда 2000 астам үміткердің ұсынысы жарияланған еді. Жұмыс тобы 515 үміткердің қатарынан 300-ге жуық үміткерді онлайн дауыс беруге іріктеп жіберген еді. Бұл жобаға елдің ынта-ықыласы зор болған соң, әлеуметтік желі белсенділері оның жалғасын күтетінін алға тартады. Себебі, сарапшылар да 18 миллион халқы бар елге «100 жаңа есімнің» аздық ететінін айтып, оның ұзақмерзімді жобаға айналарына сенім білдіреді.

Қалай десек те, бұл жобаға қатысқанның бәрі жеңімпаз. Олардың еңбек жолын, ерлігі мен қайсар мінезін сайт арқылы бүкіл қазақстандықтар біліп, үлгі етті. Мемлекет басшылығының да көздегені осы еді: жанымызда жақсы адамдардың жүргенін көрсету, патриотизмді насихаттау, кез келген қарапайым адамның батыр болуға лайық екенін паш ету, еңбек түбінің – зейнет екенін үлгі ету, ұлттық бірлік пен біргейлікті сақтау.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға