Жаңалықтар

Нетто-тұтынушылар электр энергиясына ақы төлеуден босатылады - депутат

Нетто-тұтынушылар электр энергиясына ақы төлеуден босатылады - депутат
Фото: ©pixabay.com 13.03.2024 17:02 748

Депутат Дүйсенбай Тұрғанов халықтың, шағын және орта бизнестің жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы проблемаларды көтерді, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау, электр энергетикасы және табиғи монополиялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын депутаттар әзірледі.

Заң жобасының мақсаты халықтың, шағын және орта бизнестің жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы проблемалық мәселелерді шешу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысының 2021 жылғы 26 мамырдағы электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмасын орындау болып табылады, - деді депутат.

Заң жобасында Кәсіпкерлік кодекске, «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне және «Электр энергетикасы туралы», «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» және «Табиғи монополиялар туралы» заңдарға түзетулер көзделеді.

Атап айтқанда, заң жобасы мынадай тұжырымдамалық нормаларды көздейді:

  • «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша шағын ауқымды объект» деген термині енгізілді. Бұл норма жаңартылатын энергия көздерінің шағын генерациясының мәртебесін неғұрлым нақты айқындауға
    (ең алдымен өзі тұтынуы үшін) және оны жаңартылатын энергия көздерінің ірі коммерциялық бизнес-жобаларынан ажыратуға мүмкіндік береді. Кейіннен мемлекет жаңартылатын энергия көздерінің шағын генерациясына қатысты дербес саясат жүргізіп, қажет болған жағдайда қосымша нысаналы қолдау шараларын әзірлей алуы бұл тәсілдің практикалық құндылығы болып табылады.
  • Жаңартылатын энергия көздерінің шағын ауқымды объектілерінің ең жоғары қуаты 200 кВт дейін ұлғайтылды (қазіргі уақытта нетте-тұтынушылар үшін 100 кВт шектеудің орнына). Түзету ірі бөлшек тұтынушыларға өздерінің шағын ауқымды жаңартылатын энергия көздерінің объектісі есебінен электр энергиясына деген өз мұқтажын барынша қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
  • Нетто-тұтынушы жеке тұлғалар дара кәсіпкер ретінде тіркелу міндетінен босатылады. Бұл толықтыру азаматтардың жаңартылатын энергия көздерінің шағын ауқымды объектілерін пайдалану процесіндегі бюрократияны айтарлықтай азайтады және тіркеуші органдармен өзара
    іс-қимыл жасау қажеттілігін болғызбайды.
  • Энергия беруші ұйымдардың электр желілеріне нетто-тұтынушылардың еркін қол жеткізуін және қосылуын қамтамасыз ету міндеті бекітілген. Норма энергия беруші ұйымдар тарапынан болатын теріс пайдаланушылық пен қарсы іс-қимылдан нетто-тұтынушылардың мүдделерін құқықтық қорғау тәсілдерін кеңейтуге бағытталған. Мұндай жағдайда нетто-тұтынушының уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуден басқа, энергия беруші ұйымды заңнамалық актінің талабын орындауға мәжбүрлеу үшін сотқа жүгіну құқығы пайда болады.
  • Нетто-тұтынушылар электр энергиясын беру қызметтеріне ақы төлеуден босатылады, бұл қосымша және негізсіз шығындардың болмауына мүмкіндік береді.
  • Бірыңғай құқық қолдану практикасын қалыптастыру, шарттасу алдындағы даулар мен ұзақ талқылауларды болғызбау үшін нетто-тұтынушы мен энергиямен жабдықтаушы ұйымдар арасында электр энергиясын сатып алу-сатудың үлгілік шартын әзірлеу көзделген.
  • Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың нетто-тұтынушымен электр энергиясын сатып алу мен сатудың үлгілік шартын жасасу міндеті бекітілген. 4) тармақшаға ұқсас (энергия беруші ұйымдардың міндеті) бұл норма нетто-тұтынушыға оның құқықтары бұзылған жағдайда энергиямен жабдықтаушы ұйымды электр энергиясын сатып алу және сату шартын жасасуға мәжбүрлеу мақсатында сотқа жүгінуге мүмкіндік береді.
  • Шағын ауқымды жаңартылатын энергия көздерінің объектісі өндірген электр энергиясының артық мөлшерін энергиямен жабдықтаушы ұйым шекті сату бағасы бойынша сатып алатыны айқындалған.
    Біріншіден, бұл норма артық электр энергиясын нетто-тұтынушыдан сатып алу бағасын айқындау жөніндегі даулы мәселелерді болғызбауға мүмкіндік береді. Екіншіден, түзету жаңартылатын энергия көздерінің шағын ауқымды объектілерінің өзін-өзі ақтауын жақсартуға мүмкіндік береді.

Депутат заң жобасын қабылдау күнделікті өмірде жаңартылатын энергия көздерін белсенді енгізуге, қызмет көрсетудің перспективалы жаңа бағытын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға (халыққа шағын және орта бизнес көрсететін қызметтердің жаңа түрі құрылуда), желілік инфрақұрылымды одан әрі эволюциялық дамытуға, елдің энергетика секторына инвестициялар тартуға ықпал ететіндігін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға