©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Несиені алаяқтар рәсімдегенін қалай дәлелдеуге болады

Қазақстандықтарға алаяқтық жолмен рәсімделген несиелерді қалай есептен шығару керектігі және банктер қарызды қай жағдайда жоюға міндетті екені түсіндірілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Алаяқтық анықталған жағдайда алғашқы қадамдар

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) еске салды: егер өз атыңызға алаяқтар несие рәсімдегенін байқасаңыз, дереу банкке немесе микроқаржы ұйымына хабарлау қажет. Шотты бұғаттауды талап етіп, өтініш берген фактіңізді тіркетіңіз.

Келесі қадам – полицияға арыздану. Онда несие рәсімделген күнді, соманы және ұйымды көрсету қажет. Сонымен қатар дәлелдер (SMS-хабарламалар, нөмірлердің скриншоты, хат алмасу немесе шот үзінділері) қоса берілуі тиіс. Құқық қорғау органдары процессуалдық құжат береді – жәбірленуші ретінде тану қаулысы немесе шара қолдану туралы ұйғарым. Осы құжат негізінде кредитор пайыз есептеуді және қарызды өндіріп алуды тоқтатуға міндетті.

Қай кезде қарыз есептен шығарылады

Агенттік алаяқтық несиелердің автоматты түрде кешірілмейтінін атап өтті. Қарыз тек полицияның процессуалдық құжаты немесе сот шешімі негізінде ғана есептен шығарылады.

Банк немесе МҚҰ тарапынан жіберілген елеулі бұзушылықтарға мыналар жатады:

  • онлайн рәсім кезінде биометриялық сәйкестендірудің болмауы;
  • клиенттің несие алудан бас тартқанына қарамастан қарыздың рәсімделуі;
  • жас ерекшелігіне қойылған талаптардың сақталмауы (21 жасқа дейін немесе 55 жастан асқан кезде жеке келісімсіз несие рәсімдеу);
  • алғашқы онлайн-несиенің белгіленген шектен артық берілуі (банктерде – 150 АЕК-тен, МҚҰ-да – 75 АЕК-тен жоғары);
  • ақшаның белгіленген мерзімнен бұрын берілуі.

Сот пен қаржы ұйымдарының рөлі

Полиция алаяқтықты растағаннан кейін іс сотқа жіберіледі. Сот шешімі заңды күшіне енген соң банк 10 жұмыс күні ішінде:

  • қарызды есептен шығаруға;
  • ұсталған соманы қайтаруға;
  • клиенттің кредиттік тарихын жаңартуға міндетті.

Егер қаржы ұйымы талаптарды орындаудан бас тартса, ҚНРДА-ға шағымдану ұсынылады.

Полицияның процессуалдық құжаты немесе сот шешімінсіз банк қарызды есептен шығара алмайды, – деп қадап айтты агенттік.