Несие алу оңай, бірақ оны өтеу – үлкен жауапкершілік. Қаржылық сауаттылықтың жоқтығы көп жағдайда адамдарды тығырыққа тіреп, күйзеліске жеткізеді. El.kz интернет порталы қаржыны басқаруда жиі жіберілетін қателіктер мен одан сабақ алған жандардың оқиғаларын баяндамақ.
Қаржы мәдениеті қалыптасу жолында
Соңғы жылдары елімізде қаржы мәдениетіне деген қызығушылық артып келеді. Мемлекеттік және жеке ұйымдар қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған курстар мен жобаларды жүзеге асырып жатыр. Дегенмен, бұл бастамалардың барлығы халықтың көп бөлігін толық қамтып отыр деуге келмейді.
Экономика ғылымдарының кандидаты, қаржыгер, «Тұран-Астана» университетінің профессоры Бауыржан Ысқақ еліміздегі жағдайға төмендегідей баға берді.
Қазақстанда соңғы жылдары қаржы мәдениеті біршама өсіп келе жатыр. Алайда халықтың едәуір бөлігі әлі де қаржылық шешімдерді эмоциямен қабылдайды. Жоспарлау, инвестиция, тәуекелді бағалау сынды ұғымдарға терең үңіле бермейді, – дейді қаржыгер.
Оның айтуынша, несие алудағы шешімдер, ұзақмерзімді жоспардың жоқтығы және қарызға батып кету қоғамдағы қаржылық білімнің әлі де әлсіз екенін көрсетеді.
Несие тиімді ме, жоқ па?
Бауыржан Ысқақтың сөзінше, несие нақты табыс әкелетін іске жұмсалса, онда ол орынды. Мысалы, жеке кәсіп бастау, жылжымайтын мүлік сатып алу немесе табыс көзіне айналатын көлік алу секілді жағдайларда несие өз құнын ақтайды. Алайда тек тұтыну үшін, мысалы, демалысқа бару немесе смартфон сатып алу үшін алынған несие адамның қаржылай жағдайын ауырлатып жіберуі мүмкін.
Қазіргі инфляция мен пайыздық мөлшерлемелердің жоғары кезінде тұтынушылық несие алу тиімсіз. Егер ол нақты табыс әкелмейтін нәрсеге жұмсалса, бұл адамның өз-өзіне жасаған қиянаты деуге болады. Оның орнына жинап барып сатып алған әлдеқайда ұтымды, – дейді қаржыгер.
Сарапшының пікірінше, қаржылық тұрақтылықтың негізі – жинақ. Әр адамда күтпеген жағдайларға арналған жинағы болуы тиіс. Бұл жинақ «қаржылық қауіпсіздік жастығы» деп аталады және ол кемінде 3-6 айлық өмір сүру шығындарын жабатындай көлемде болғаны дұрыс.
Несие аларда ескеретін жайттар
Несие алу – жауапты шешім. Сондықтан оны рәсімдер алдында әртүрлі факторларды ескерген абзал. Ең бірінші назар аударатын нәрсе – тұрақты табыс. Несие бойынша ай сайынғы төлемдер сіздің табысыңыздың 30-40 пайызына дейінгі көлемде болғаны жөн. Егер бұл көрсеткіштен асып кетсе, отбасылық бюджетке айтарлықтай салмақ түседі.
Одан кейін пайыздық мөлшерлеме мен комиссияларды мұқият тексеру қажет. Банк ұсынатын қосымша қызметтердің барлығы міндетті емес. Мысалы, кейде техника сатып алғаныңыз үшін сізден сақтандыру талап етуі мүмкін. Алайда құрылғы өндірушінің кепілдігі болса, қосымша сақтандырудың қажеті жоқ.
Сондай-ақ несиенің валютасына да назар аудару керек. Егер табысыңыз теңгемен болса, несиені де сол валютада алғаныңыз дұрыс. Бұл айырбас бағамының өзгерісінен келетін қосымша тәуекелден сақтайды.
Несие не үшін қажет?
Қаржыгердің пікірінше, несие адамға пайда әкелетін, болашақта құндылыққа айналатын дүниеге жұмсалуы керек. Мысалы, жоғары білім алу, тұрғын үй сатып алу немесе бизнес ашу сияқты мақсаттар орынды болып саналады. Ал той жасау, шетелге қыдыру, сәнді техника сатып алу үшін несие алу – дұрыс емес.
Несие – бұл болашақ табыстың бүгінгі ресурсы. Ал егер табыстың өзі белгісіз болса, болашақтағы қарызыңыз өміріңізге едәуір әсер етеді, – деп ескертеді Бауыржан Ысқақ.
Сондай-ақ бұрынғы несиені жабу үшін жаңасын алу – қаржылық тоқырауға алып келетін ең қауіпті әрекеттердің бірі. Мұндай тәжірибе адамның еркіндігін шектейді.
Жинақтаудың жолдары қандай?
Ақша жинау – тәртіп пен жоспардың жемісі. Сарапшы ең тиімді әдіс ретінде автоматты жинақ жүйесін ұсынады. Бұл жалақы түскен сәтте оның белгілі бір бөлігін арнайы шотқа аударып отыруды білдіреді. Осылайша, ақша жұмсалмай тұрып бірден сақтауға кетеді.
Мақсатпен жинау – үлкен мотивация. Мысалы, 3 айда 300 мың теңге жинаймын деген нақты жоспар адамды тәртіпке үйретеді, – дейді қаржыгер.
Сонымен қатар, депозитке ақша салу, табыс пен шығынды күн сайын есептеп отыру, артық шығындардан бас тарту, жоспардан тыс сауда жасамау, мүмкіндігінше инвестиция арқылы жинақты көбейту – маңызды кеңестердің қатарында.
Қаржыгер әр адам өз ақшасын бақылап, қайда кетіп жатқанын нақты білгенде ғана қаржылық еркіндікке қол жеткізеді дейді.
Қаржылық сауаттылық – бәріне қажет
Маман кез келген адамға қарапайым әрі өмірлік маңызы бар кеңестер береді. Табысты барынша тиімді жұмсау, қалаудан бұрын қажеттілікке басымдық беру, төтенше жағдайға қор жинау, ай сайынғы бюджет жоспарын жасау, қарыз алмай тұрып, терең ойланып шешім қабылдау – мұның барлығы адамның қаржылық тұрақтылығын арттырады.
Ақша табу маңызды. Бірақ одан да маңыздысы – оны дұрыс басқару. Қаржы – тек сандар ғана емес, бұл – өмір сапасының айнасы, – дейді Бауыржан Ысқақ.
Қаржылық сауаттылықты арттыру үшін кітаптар оқу, курстарға қатысу, интернеттегі сенімді дереккөздерден ақпарат алу, мобильді қосымшаларды пайдалану – бүгінгі заманда әр адамға қолжетімді.
Алғашқы несие: Маркетингтік арбауға түскен сәт
Астана қаласының тұрғыны Диана Орынбасар алғашқы несиесін 1,5 жыл бұрын алған. Ол кезде ағылшын тілі курсынан білім алу мақсатымен 300 мың теңгеге несие рәсімдепті. Жарнамаларда ұсынылған «процентсіз бөліп төлеу» сынды хабарламаларға сеніп, ешқандай қосымша үстеме болмайды деп ойлаған. Алайда, кейін банк шартымен толық танысып, пайыздық үстеме төлемнің барын байқаған.
Маркетингтің құрбаны болдым деп айта аламын. «Процентсіз» дейді, бірақ есептеп қарасаң, бәрібір үстінен қосылады екен. Банк өзінікін алмай қоймайды, – дейді Диана.
Диана Орынбасар бұл тәжірибеден кейін несие рәсімдеудің салмағын шынайы сезініп, болашақта мұндай қадамға бармауға бел буған. Ол студент кезде алған несиесін ай сайын 21 мың теңгеден екі жылға бөліп төлеп отырған.
Кредит алғаннан кейін бірден миыңда уайым басталады. Айдың ортасы келсе де, кредит ойыңда тұрады. «Жабу керек» деген ішкі қысым болады. Ал жинап барып сатып алсаң, миың да, қалтаң да тыныш, – дейді астаналық.
Оның айтуынша, ақшаны жинап барып жұмсау – әлдеқайда тиімді. Бұл әдіс адамды қаржылық жауапкершілікке де, үнемдеуге де тәрбиелейді. Диана қазіргі таңда табысын бірнеше бөлікке бөліп, белгілі бір пайызын жинақтауға бағыттап отыр.
Онлайн оқу – үміт пен өкініш
Диананың таңдаған курсы онлайн форматта болған. Алғашында сапалы білім аламын деген сеніммен сатып алғанымен, шын мәнінде курс мазмұны күткеніне сай болмаған. Оқытушы жоқ, кері байланыс мардымсыз, материалдар ескі жазбалардан құралған.
Ақшам ауаға кетті. Куратор да, оқытушы да жоқ. Видео салып қойған, тапсырма берілген – болды. Оны ешкім тексермейді. Кері байланыс жоқ. Басында түсіндіріп айтқанда, бәлкім, сатып алмас па едім, – дейді Диана.
Кейіннен ақшасын қайтаруға тырысқанымен, келісімшарттағы шарттарға байланысты бұл мүмкін болмады. Осы тәжірибе оның болашақта қаржылық шешім қабылдағанда барлығын мұқият зерттеп, сараптап барып әрекет етуіне себеп болды.
Несиеден бас тартуға түрткі болған факторлар
Несие алғаннан кейін Диана қосымша жұмыс істеуге мәжбүр болған. Ол күн сайын әр тиынды есептеп, тек ең қажетті заттарға ғана ақша жұмсауға дағдыланған.
Қиналдым. Бірақ кредитің болса, ақша табуға тырысасың. Қосымша жұмыс істейсің. Бірақ несиенің өзі сені шектейді. Мысалы, басқа бір дүниеге жұмсағың келсе де, «алдымен кредит» деген ой басыңда тұрады, – дейді ол.
Диананың пайымынша, несие нақты пайда әкелетін заттар үшін ғана алынуы керек. Айфон немесе сәнді заттар үшін несие алу – қаржылық сауаттылықтың жоқтығын білдіреді.
Егер несиеге алатын зат табыс әкелетін құрал болса – жарайды. Ал елдің бәрінде бар екен деп ала салу дұрыс емес. Соңы несиені төлей алмай, күйзеліске ұрынумен аяқталуы мүмкін, – дейді астаналық.
«Нақты мақсат болса ғана – алуға болады»
Диана несиеге түбегейлі қарсы емес, бірақ оның нақты мақсаты мен қайтару жоспары болуы қажет деп есептейді. Мысалы, кәсіп бастау үшін немесе үй сатып алу үшін алынатын несие – орынды шешім.
Біздің елдегі банктердің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары. 20% дегеніміз – халықты қанау. Оны қайтару оңайға түспесі анық, – дейді ол.
Диана банктердің халықтың жағдайына қарай икемделіп, несие пайызын азайту қажет екенін алға тартады. Оның пікірінше, 10%-ға дейінгі мөлшерлеме – әділетті шешім болмақ.
Қолма-қол жинақтау – сенімді тәсіл
Диана өз тәжірибесінде жинақтаудың ең тиімді жолы ретінде қолма-қол жинақтауды атады. Оның пікірінше, банктік шоттағы ақшаға әрдайым қолжетімділік бар болғандықтан, оны жаратып жіберу оңай.
Депозитте ақша тұрса, оны бір минутта аударып, жаратып жіберуге болады. Ал қолма-қол ақша үйде тұрса, оған онша тиіспейсің. Ол сені шығыннан қорғайды, – дейді ол.
Сондықтан Диана Орынбасар өзіне нақты шектеулер қоя отырып, ай сайын жалақысының белгілі бір бөлігін саналы түрде жинап отыр.
Мысалы, айлығым 300 мың болса, өзімде 250 мың ғана бар деп есептеймін. Қалған 50 мыңды жинап отырамын. Бір қарағанда қатты көп ақша емес сияқты көрінгенімен, бірнеше айда едәуір сома жиналып қалады, – дейді Диана.
Балаларға ерте жастан инвестиция жасаудың маңызы
Диана баланың болашағына ерте бастан ақша жинау мәдениетін қалыптастыру керек деп есептейді. Оның айтуынша, әр ата-ана баласының 18 жасына дейін бастапқы жарна ретінде қаражат жинай алса, болашақта үй мәселесін оңай шешуге болады.
Күн сайын балаға жұмсайтын 5-10 мың теңгені қысқартып, соны депозитке жинай берсеңіз, 18 жылдан кейін үйдің бастапқы жарнасы дайын тұрады. Бұл – логикалық тұрғыдан өте тиімді жол, – дейді ол.
Осы арқылы Диана қоғамда қаржылық сауаттылықты арттырудың маңызды екенін айтады.
«Қажеттіліктен аламыз»
Аслан (есімі өзгертілген) – Ақтөбе қаласының 35 жастағы тұрғыны. Үш баланың әкесі. Жеке бизнесі де, тұрақты жалақысы да жоқ. Соңғы жылдары үзіліссіз несие төлеп келеді. Оған себеп – сән қуушылық емес, күнкөріс қамы.
Аслан бүгінде бірнеше банктен алған несиесін қатар жауып отыр. Ай сайынғы төлемі – шамамен 150 мың теңге.
Біреулер «несиеге өміріңді байлама, жина да сатып ал» деп айтып жатады ғой, бірақ шынайы өмірде бәрі басқаша. Мен несие алмасам, үш балама киім де, оқуына керек құралдар да алып бере алмаймын. Үйде бір зат бұзылса – тағы кредит. Айлығың 250-300 мың теңгеден аспайтын болса, амал қанша?, – дейді ол ашынып.
Аслан алғаш рет несиеге тоңазытқыш сатып алыпты. Содан бері несие өмірінің бір бөлшегіне айналды.
Басында 100 мың теңгеге алған кредитті 2 ай төлеп құтылған едім. Одан кейін үйге шаңсорғыш, плита алдым, кейінірек балам ауырып қалып, емге ақша керек болды. Қазір ойланып қарасам, бір несие бітпей жатып, екіншісі басталып кететін жағдайға түсіппін, – дейді ақтөбелік тұрғын.
«Тапқаным күнкөріске әрең жетеді»
Аслан отбасын өзі жалғыз асырайды. Әйелі декреттік демалыста. Екеуінің де туған-туыстары алыста, көмек сұрайтын адам жоқ.
Мен күнде таңертең тұрып, жұмысқа барамын. Бірақ тапқан табысым азық-түлікке, балалардың керек-жарағына кетеді. Қайдағы жинақ? Қайдағы жоспар? Бірнәрсе бұзылса немесе шұғыл ақша керек болса – несие алуға тура келеді, – дейді ол.
Оның айтуынша, бұл – тек өзінің емес, мыңдаған отбасының мәселесі. Ай сайын жалақыдан бұрын, банкке төленетін қарызын есептейтін отбасылар аз емес.
Кейіпкеріміз несиені ұнатпайды, бірақ басқа амалы жоқ. Несие – еріккеннің ермегі емес, еріксіздің таңдауы.
Біреулер үшін кредит – iPhone немесе шетелге шығу, ал біз үшін – баланың қысқы курткасы, үйдің керек-жарағы. Менде таңдау жоқ, – дейді ол.
Аслан ендігі қалауы – қарыздан толық құтылып, тыныш өмір сүру. Бірақ қазіргі экономикалық жағдайда бұл арманның қашан орындалары белгісіз.

