©Pixabay.com

Непалдың жаңа премьер-министрі ант беріп, елді сабырға шақырды

14.09.2025 21:07

2025 жылдың 14 қыркүйегінде Непалдың жаңа премьер-министрі Сушила Карки қызметіне ресми кірісіп, ел азаматтарын тәртіпсіздіктерден кейін сабыр сақтауға және елді қалпына келтіруге бірлесіп атсалысуға шақырды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Каркидің айтуынша, қаза тапқандардың отбасыларына 1 млн рупийден (шамамен 3,8 млн теңге) өтемақы беріледі, ал жараланғандарға медициналық көмек көрсетіледі. Ол өз кабинетінің басты мақсаты – елді «дұрыс жолға қайтару» екенін атап өтті.

«Z ұрпағы» деп аталған жаппай наразылықтар 8 қыркүйекте әлеуметтік желілерге уақытша тыйым салынғаннан кейін басталған. Кейін ол саяси элита арасындағы жемқорлық пен артықшылықтарға қарсы қозғалысқа ұласты. Ашулы топ парламент ғимаратын және ықпалды әулеттердің үйлерін шабуылдады. Полиция оқ атып, салдарынан кемінде 72 адам қаза тапты. Осы оқиғадан кейін премьер-министр Кхадга П. Оли отставкаға кетті.

73 жастағы Сушила Карки – Непал Жоғарғы сотын басқарған алғашқы әрі жалғыз әйел (2016-2017). Жаңа парламент сайлауы 2026 жылдың 5 наурызына белгіленді.