Неліктен тұскиіздің шетін қайырып тікпейді? Белгілі этнограф түсіндірді
Бір кездері ұлттық киім мен қолөнер бұйымдары тек Наурыз мерекесі қарсаңында ғана сандықтан шығатын. Ал бүгін ою-өрнекпен көмкерілген киімдер күнделікті сәннің бір бөлігіне айналып, алаша мен кілем, кестелі камзол мен ұлттық сөмке заманауи өмірдің тынысына қайта сіңіп жатыр. Ұмыт бола бастаған көне мұраны қайта тірілтіп, бүгінгі буынға жеткізіп жүрген – «Alasha art» өнер орталығының жетекшісі, этнограф Бұлбұл Кәпқызы.
Біз өнер орталығына арнайы барып, өткен мен бүгінді жалғап тұрған осы өнердің қалай жаңғырып жатқанын көзбен көріп, суретке түсіріп қайттық.
Өрмек тоқу
Шебердің айтуынша, қазақтың ең қарапайым және ең ғажайып құрылғысы – өрмек ағашы.
Бұл – менің тоқып жатқан өрмегім. Жалпы құрылғыны өрмек ағашы деп айтады. Қазақ аттың жалы, түйенің қомында көшіп-қонып жүргенде өзімен бірге алып жүрген. Осы құрал арқылы киіз үйдің барлық жабдықтары – басқұр , туырлық бау, үзік бау, түндік бау, желбау, алаша, тұс алаша бәрін тоқыған, – дейді Бұлбұл Кәпқызы.
Ең қызығы, өрмек ағаш арқылы тек алаша емес, ер азаматтардың сырт киімі шекпен де тоқылады.
Шекпеннің өзі тек түйе жүнінен тоқылады. Оның да бірнеше түрі бар. Небәрі үш қазық пен екі ағаштың көмегімен қазақ осындай керемет дүниелерді тоқыған, – дейді этнограф.
Қарапайым көрінгенімен, өрмек ағашының әр бөлшегінің өз атауы бар:
- мосы
- қылыш
- адырғы
- серу ағашы
Ежелден бар қазақтың қарапайым құралы арқылы керемет дүниелер жасаған, – дейді шебер.
Шеберханада ақ басқұр, қызыл басқұр, бұқар алаша көздің жауын алады. Барлығы да осы өрмек ағашта тоқылған.
Өрмек тоқуда нақты «неше жіп болуы керек» деген заңдылық жоқ. Шебер қандай өрнек салғысы келсе, жіп санын соған қарай құрады.
Ені бір жарым-екі сантиметрден бастап, елу сантиметрге дейінгі жалпақтықта тоқуға болады. Ал үлкен алаша тоқу үшін оны кесінділерге бөліп, кейін құрап тігеді. Қазақта «Кілемге бергісіз алаша бар, ханға бергісіз қараша ба» деген сөздің мәні де осында, – дейді этнограф.
Ши тоқу
Этнограф Бұлбұл Кәпқызы келесі кезекте ши тоқудың қыр-сырын көрсетіп, бірнеше түріне тоқталып, оның тұрмыстағы орнын тарқатып берді.
Ақ ши кереге мен киіздің ортасына тұтылады. Яғни, сырттан кіретін шаң-тозаңнан, құрт-құмырсқадан қорғайды. Одан кейін керегенің киізді тесіп кетпеуі үшін де қажет. Сондай-ақ шиді өреге де пайдаланады, – дейді шебер.
Қазақта өре немесе өреше деген ұғым бар. Бұл – құрт жаюға арналған арнайы орын. Өрешені де ақ шиден тоқиды. Шидің арасынан жел еркін өтіп, құрттың асты-үсті бірдей кебеді. Табиғи желдету жүйесі іспетті. Сондықтан құрт таза әрі сапалы сақталады.
Тағы бір түрі – шыпта ши. Ол сүзбе, ақ ірімшік, қызыл ірімшік секілді сүт тағамдарын сүзуге пайдаланылады. Шидің экологиялық тазалығы басты артықшылық болып саналады.
Бұл – табиғи өнім. Адам денсаулығына зияны жоқ. Сондықтан сүт тағамдарын дайындауда шиді қолданған, – дейді Бұлбұл Кәпқызы.
Шидің тағы бір ерекше түрі – ораған ши. Жүнмен, түрлі-түсті жіппен оралып, өрнектеліп тоқылады. Ораған ши киіз үйдің босаға жағына, тұскиіз ілінбейтін тұстарға, киіз есіктің ішкі бетіне сәндік үшін пайдаланылады. Сонымен қатар шаң-тозаңнан қосымша қорған болады.
Этнографтың айтуынша, шидің ең маңызды қолданысының бірі – киіз басу.
Киіз басуға арналған ши өте мұқият дайындалады, қабығы аршылып, беті тегістеледі. Жүн ілініп қалмауы үшін майда әрі ұқыпты тоқылады. Біз киізді бір кесек, екі кесек деп басамыз. Оның көлемі шидің көлеміне байланысты, – дейді шебер.
Ши тоқылғанда жіптерді бекітіп, шиді бір-біріне тығыз ұстау үшін арнайы тас байланады.
Тас шиді нығыздап береді. Бір-біріне тартып ұстап тұрады. Тоқылу сапасына тікелей әсер етеді. Яғни, тас – әрі салмақ, әрі бекіткіш. Ол болмаса, ши босап, арасы ашылып кетуі мүмкін, – дейді Бұлбұл Кәпқызы.
Бізкестемен тұскиіз тігу
Бұлбұл Кәпқызы тігіп отырған туындысын көрсетті.
Менің қазір тігіп жатқаным – тұскиіз. Тұскиіз арнайы бізкесте әдісімен тігіледі. Құрал ретінде «қармақ біз» қолданылады. Әртүрлі жіпті пайдаланамыз. Тұскиіздің ортасын алдымен кестелеп, ең соңында көмкереміз. Осы жіптердің үйлесімі арқылы өрнек бедерленеді. Негізгі матасы – таза, сапалы мақта немесе жібек болғаны дұрыс. Себебі тұскиіз – тек сәндік бұйым емес, үйдің төрін айшықтайтын өнер туындысы, – дейді қолөнер шебері.
Этнографтың сөзінше, тұскиізге салынатын өрнектер ай мүйіз, қошқар мүйіз, гүл, жапырақ тәрізді сан алуан болады.
Тұскиіз – қазақ өрнегінің жиынтығы. Бірақ композициясы өте әдемі құрылуы керек. Көп жағдайда тұскиіздің ортасына ай, жер, киіз үй, шаңырақ секілді дөңгелек пішін салынады. Біз дөңгелекті жақсы көретін халықпыз. Неге десеңіз, төртбұрыш дүниенің шетінен адам өзі шығатын жол табуы керек, – дейді Бұлбұл Кәпқызы.
Тұскиіздің етегі неге жадағай болады?
Тұскиіздің бір ерекшелігі – етек жағын жадағай етіп, ашық қалдырады.
Кейбір өрнекті толық бітірмейміз. Өйткені оны менің ұрпағым жалғайды, «өмір жалғасады», «ұрпақ сабақтастығы үзілмейді» дегенді білдіреді. Қазақ жолын тұйықтамаған халық. Шеткі бөлігін көмкеріп, қайырып тікпейді. «Өзім мың жасамасам да, ұрпағым мың жасайды» деген мағына осында жатыр, – дейді.
Қазақ қабырғаға ілінетін бұйымдардың – алаша, тұскиіз, басқа да сәндік дүниелердің етек жағын тұйықтамай жасаған. Ал бас жағы айқын көмкеріледі. Себебі өмірдің басталуы бар, бірақ рухани жалғастығы тоқтамайды.
Ұршық иіру
Қазақ қолөнерінің ең қарапайым, бірақ ең маңызды құралының бірі – ұршық. Бүгінгі шеберханада этнограф Бұлбұл Кәпқызы ұршықтың тек жүн иіруге ғана емес, жіптің сапасын арттыруға да қызмет ететінін көрсетіп берді.
Көпшілік ұршықты тек жүннен жіп иіруге арналған құрал деп ойлайды. Рас, ең әуелі жүнді жіпке айналдыру үшін иіру қажет. Бірақ шебердің айтуынша, ұршықтың қызметі мұнымен шектелмейді.
Қазір мен таза мақта жіпті қайтадан ширатып отырмын. Кей адамдар ұршық тек жүнге керек дейді. Бірақ жіп ширақ, мықты болуы үшін оны міндетті түрде иіреміз. Бұрын біз жібек матадан жіп суырып алып, соны иіріп тігетінбіз. Қазір жіп көп, оны бәрібір ширатып аламыз, – дейді Бұлбұл Кәпқызы.
Қазақ оюының қолданылуы
Шеберханада біз кестемен көмкерілген ұлттық киімдер көз тартады. Этнограф Бұлбұл Кәпқызының айтуынша, бүгінгі жаңғыртылып жатқан қазақ киімінің барлығы дерлік біз кесте арқылы тігіледі.
Киімге арналған оюлар нәзік, сүйкімді, гүлді-жапырақты болып келеді. Көбіне жеңге, етекке, жаға мен жиекке салынады.
Сырмақ, текемет оюлары – ай мүйіз, қошқар мүйіз, арқар мүйіз секілді айбынды, айшықты және көзге анық көрінетін батыл өрнектер.
Оюды істеп жатқан дүниеміздің ыңғайына сай пайдаланамыз. Әрбір оюды қалай қолдану шебердің қиялына байланысты. Шеберлер қыздарына тігетін киіміне құсмұрын, құсқанат оюын көп салады. Өйткені «қызым тәуелсіз, еркін болсын, құс сияқты биікке самғап ұшсын» деген мақсатта қолданады, – деді.
Ұзатылатын қыздың киімі
Шебер таныстырған киім – ұзатылатын қыздың киімі. Қазақ қызды қызыл көйлекпен ұзатқан. Қызыл – жастық пен шаттықтың белгісі. Бұл киімде сәукеле, бешпет, көйлек – барлығы бір композицияға құрылған. Шебер аққу мойын өрнегін қолданған.
Аққу мойын – аққуға тән ою болғасын қыз баланың аққудай нәзік, бір-бірін іздеп тұратын алапат махаббат иесі болсын, аққу сияқты ешкімге тәуелді болмасын деген ниетте салдым», – дейді шебер, – дейді.
Пұшпақ тымақ
Бұл – пұшпақ тымақ. Түлкінің сирақ терісінен тігілетін бас киім.
Бір түлкіден бір пұшпақ тымақ тігетін болса, сегіз түлкінің немесе он түлкінің сирағынан бір пұшпақ тымақ шығады. Өйткені мұны сал-серілер қысы-жазы киген. Іші жібекпен астарланып, сырты құндызбен көмкеріледі, – деді Бұлбұл Кәпқызы.
Неліктен қазақ асық ойнаған?
Қазақ халқы үшін асық ойыны – жай ғана балалық шақтың ермегі емес, терең тәрбиелік мәні бар ұлттық мектеп.
Этнограф Бұлбұл Кәпқызы асық ойынының мәнін былай түсіндіреді:
Қазақ не үшін асық ойнаған? Ең алдымен бұл – баланы кішкентай күнінен мал-мүлікке жақын өсірудің жолы. Асық – біздің байлығымыздың белгісі. Сондықтан қазақ бір асықты бір қойға теңеген, – дейді.
Айтуынша, кезінде балалар ойын барысында «бір тайынша байладым», «екі тайынша ұттым» деп ойнайтын. Егер бір асықты ұтып алса, оны бір тайыншаға балап, байығандай қуанып үйге әкелетін болған.
Сақа мен асықтың айырмасы
Бүгінде көп бала асық пен сақаны ажырата бермейді.
Сақа жылқыдан болмайды. Көбіне тана немесе сиыр асығынан жасалады. Сақа – атуға арналған, салмақты асық, – дейді Бұлбұл Кәпқызы.
Асық қой, ешкіден алынады. Бұлбұл Кәпқызының айтуынша, асық ойнау – жай ғана ойын емес. Ол – дала педагогикасының бір бөлігі.
Асық арқылы бала:
- малдың қадірін таниды,
- ұту мен ұтылуды қабылдайды,
- есеп жүргізуді үйренеді,
- ортада өзін ұстауға машықтанады.
Құдағи жүзік
Қазақта қыздың сәукелесін ата-анасы тігіп, ұзатып шығарады. Қыз ұзатылғаннан кейін сәукеле төркініне қайтарылады. Сол кезде қыздың анасы жігіттің анасына арнайы құдағи жүзік сыйлайды.
Бұл жүзіктің ерекшелігі – бауыры қосарланған, яғни екі саусаққа қатар тағылатындай етіп жасалады. Яғни, екі рулы елді бір шаңырақтың астына тоғыстырып отырған «құдағи сізге рақмет» деп қыздың анасының ұлдың анасына деген ризашылығын білдіреді, – дейді.
Жүзіктің бетінде көбіне жеті қазынаны меңзейтін өрнектер салынады. Бұл – «жеті қазына сіздің шаңырағыңызда болсын» деген тілек.
Шашбау мен шолпының айырмасы
Бүгінде шашбау мен шолпыны жиі шатастырып жатады.
Шолпы – көбіне жас қыздарға арналған шаш әшекейі. Ол бұрымның ұшына тағылады, жүргенде сыңғырлап дыбыс шығады.
Ал шашбау – барлық жастағы әйелдерге ортақ әшекей. Оның арнайы бауы болады, сол бау арқылы бұрымның ішіне өріліп тағылады. Шашы бар әйелдің бәрі тағуға лайық.
Мен қазір алпысқа келсем де шашбау тағамын. Өйткені бұл – барлық жастағы әйелге тән бұйым, – дейді Бұлбұл Кәпқызы.
Шашбау күмістен жасалып, жібек баумен өріледі. Кей үлгілерінде янтарь, түрлі асыл тастар қолданылады. Бұл – әйел затының сымбатын арттырып қана қоймай, ұлттық болмысты айқындайтын белгі.
Бүгінде Бұлбұл Кәпқызы – технологиялық колледждің кафедра меңгерушісі. Кілем, ши, алаша тоқу, біз кесте тігу, сырмақ сыру бағыттары бойынша арнайы стандарт бекітіліп, алдағы жылы осы салаға арналған технологиялық колледждің факультетіне студент қабылдауды жоспарлап отыр.

