Жаңалықтар

Неліктен алматылықтарға жер сілкінісі туралы хабарлама кеш жетті?

Неліктен алматылықтарға жер сілкінісі туралы хабарлама кеш жетті?
Фото: Коллаж El.kz 24.01.2024 16:30 1196

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек Алматыдағы зілзала кезінде SMS хабарламалардың кеш жіберілуіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды  El.kz  ақпарат агенттігі.

Вице-министрдің сөзінше, төтенше жағдайға дейін байланыс операторлары хабарлама жіберіп үлгерген. Дегенмен абоненттерде ақпараттың жетуінде техникалық мәселе болған. Қазіргі таңда жүйедегі ақаулар шешіліп жатыр.

Алдағы уақытта біз жылдам хабарламалар жүйесін енгіземіз. Бүгін Мәжіліс отырысына қатыстық. Онда байланыс туралы заң жобасы бірінші оқылымда таныстырылды. Кеше депутаттармен сөйлескенде бұл норманы осы заң жобасының екінші оқылымына енгізу ұсынылды. Әзірге жоба қашан іске асатыны белгісіз, - деді Асхат Оразбек. 

Цифрлық даму вице-министрі ұялы байланыс операторларында SMS хабарламаларды жылдам жіберу бойынша техникалық мәселе бар және хабарламаны уақытылы жібермегені үшін оларға айыппұл салу тетігі қарастырылмағанын жеткізді.

Сөзінше, «Азаматтық қорғаныс туралы» заңның 6-бабына сәйкес байланыс операторлары жаппай SMS жіберуге міндетті. Бұл операторлардың шоты есебінен жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, Асхат Оразбек байланыс операторлары жер сілкінісі кезінде тұрғындарға SMS-ті неге уақытылы жібермеген деген сұраққа жауап берді.

Олар уақытылы жіберген. Операторлар Төтенше жағдайлар министрлігінен ақпарат түскеннен соң бірден хабарлама жіберген. Келесі мәселе – телекоммуникациялар желісі бойынша хабарламалардың кеш жетуінде. Бұл да проблема. Оны басқа технологиямен шешетін боламыз. Жылдам хабарламалар жүйесі бірнеше секунд ішінде әр абонентті қажетті локацияда ақпараттандыруға мүмкіндік беретін болады. Бұл – мәселенің шешімі. SMS туралы олай деп айта алмаймыз, - деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек.

Бұған дейін мәжілісте төтенше жағдай туралы хабарламаны неліктен тек Android қолданушылары алғаны айтылды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға