Үйленер алдында «неке шартын жасайық» деген ұсыныс көп жағдайда біреуге қалыпты көрінсе, енді біреуге ауыр тиіп жатады. «Сен маған сенбей тұрсың ба?» деген ой да келуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде бұл құжат не үшін керек? Ол махаббатқа сызат түсіре ме, әлде ертең болатын даулардың алдын ала ма? Осы мәселені зерттеп көрдік.
Неке келісімшарты деген не және оның заңдық күші қандай?
Неке келісімшарты – ерлі-зайыптылардың немесе некеге тұруға ниет білдірген адамдардың мүліктік құқықтары мен міндеттерін реттейтін жазбаша келісім.
Бұл құжат ҚР Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексі арқылы реттеледі және белгілі талаптар орындалған жағдайда толық заңдық күшке ие болады.
Астана қаласының нотариус қызметкері Бақытжан Егізбаевтың айтуынша, неке шарты жай ғана қағаз емес, нақты құқықтық құжат болып есептеледі.
Неке шарты жазбаша түрде жасалып, міндетті түрде нотариалды куәландырылуы тиіс. Заңға қайшы келмеген жағдайда ол сотта толық дәлел ретінде қабылданады және орындалуы міндетті, – дейді ол.
Яғни нотариуссыз жасалған келісімнің заңды күші жоқ.
Келісімшартты қашан жасаған дұрыс: некеге дейін ме, әлде кейін бе?
Көпшілікті «неке шартын қашан жасаған дұрыс?» деген сұрақ мазалайды. Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдайға байланысты.
Егер некеге дейін мүлік бар болса, оны қорғау үшін шартты алдын ала жасаған тиімді. Ал егер ерлі-зайыптылар некеде жүріп ортақ мүлік жинаса, оны кейін де рәсімдеуге болады.
Мысалы, некеге дейін пәтері бар адам үшін бұл маңызды. Шартта «пәтер тек бір тарапқа тиесілі» деп көрсетілсе, кейін дау туындамайды. Ал бірге бизнес ашқан жұптар оны пайызбен бөліп көрсете алады. Мысалы, 60% – күйеуіне, 40% әйеліне тиесілі.
Нотариус мұның бәрін алдын ала шешіп қою керек екенін атап өтті.
Неке шартын кімдер жиі жасайды?
Тәжірибеге сүйенсек, неке шартына көбіне нақты мақсатпен келетін адамдар жүгінеді.
Бақытжан Егізбаевтың айтуынша, олар – мүлкі бар жастар, екінші немесе үшінші некеге тұрған азаматтар, сондай-ақ кәсіпкерлер.
Көп жағдайда азаматтар мүліктік қауіпсіздік үшін келеді. Пәтер, көлік, бизнес, депозиттер, қарыз мәселесі – бәрін алдын ала нақтылап алғысы келеді, – деді ол.
Жас ерекшелігіне келсек, көбіне 20-35 жас аралығындағы жастар некеге дейін шарт жасайды. Ал 35-50 жас аралығындағылар бұрынғы некеден қалған мүлік пен балалар мәселесін ескеріп келеді екен.
Неке шартына не жазылады және нені енгізуге болмайды?
Көпшілік неке шартына кез келген талапты енгізуге болады деп ойлайды. Алайда заң бұл құжаттың мүліктік қатынастарды ғана реттейтінін нақты көрсетеді.
Шартта міндетті түрде мүлік, табыс, шығын, қарыз және ажырасқан жағдайда бөліну тәртібі жазылады. Мысалы, белгілі бір пәтердің кімде қалатыны немесе ортақ мүліктің пайызбен бөлінуі нақты көрсетіледі.
Ал жеке өмірге қатысты талаптарды енгізуге болмайды.
Мәселен:
– «әйелі үйде отыруы тиіс»;
– «күйеуі күнде гүл сыйлауы керек» деген сияқты тармақтар заңсыз саналады.
Сондай-ақ балаға қатысты мәселелер де бұл құжатқа енгізілмейді.
Болашақ мүлікті алдын ала бөлісуге бола ма?
Көпшілік неке шарты тек қазіргі емес, болашақта алынатын мүлікті де қамтитынын біле бермейді.
Мысалы, «некеде алынатын барлық жылжымайтын мүлік күйеуінің жеке меншігі болады» деген сияқты тармақ енгізуге болады.
Нотариустың айтуынша, бастысы – нақты әрі түсінікті жазу.
Мүлік бөлу нақты көрсетілуі керек. Кімге тиесілі, қандай үлеспен бөлінеді және ажырасқан жағдайда кімде қалады, – деді Бақытжан Егізбаев.
Ажырасу кезінде неке шарты қалай жұмыс істейді?
Неке келісімшарты ажырасу кезінде ең үлкен рөл атқарады. Себебі ол сот үшін негізгі дәлелдердің бірі болады.
Егер шарт заң талаптарына сай жасалса, сот оны міндетті түрде ескереді. Мысалы, шартта «пәтер әйелге, көлік күйеуге» деп көрсетілсе, дәл солай бөлінеді. Бұл ұзаққа созылатын даулардың алдын алады.
Қандай жағдайда неке шарты жарамсыз деп танылады?
Кез келген құжат сияқты неке келісімшарты да белгілі жағдайда жарамсыз болуы мүмкін.
Егер:
– заңға қайшы болса;
– бір тараптың құқығын тым шектесе;
– қысым немесе алдау арқылы жасалса, сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.
Сонымен қатар шартты өзгертуге немесе толық бұзуға болады. Бірақ ол тек екі тараптың келісімімен және нотариус арқылы рәсімделуі тиіс.
Неке шарты – сенімсіздік пе, әлде саналы шешім бе?
Психолог Салтанат Төлегенова бұл сұраққа мүлдем басқа қырынан қарайды. Оның айтуынша, неке шарты – сенімсіздік емес, керісінше, жауапкершіліктің белгісі.
Психологиялық тұрғыдан неке келісімшарты сенімсіздіктің белгісі емес, нағыз саналы, жауапкершілігі жоғары адамдардың іс-әрекеті, – деді ол.
Маманның сөзінше, бұл құжат екі адамның шекарасын, құндылықтарын және бір-бірінен не күтетінін нақты айқындауға көмектеседі.
Ашықтық бар жерде сенім нығаяды
Көп жұп неке шартын сенімге сызат түсіретін құжат ретінде қабылдайды. Сөйте тұра психолог бәрі оны қалай қабылдап, қалай талқылайтынына байланысты екенін алға тартады. Егер бұл келісім қорқынышпен емес, ашық диалог арқылы жасалса, керісінше, қарым-қатынастағы сенімді күшейтеді.
Ашықтық бар жерде адамдар өз қажеттіліктерін, ақшаға қатысты көзқарасын еркін айта бастайды, – дейді Салтанат Төлегенова.
Яғни мәселе құжаттың өзінде емес, оны қандай ниетпен жасайтыныңызда.
Ақша – ең көп дау тудыратын тақырып
Психолог отбасындағы жанжалдардың көпшілігі дәл қаржылық мәселеден басталатынын атап өтті.
Көп шиеленістің түбінде ақша мәселесі жатады. Әр адамның ақшаға деген көзқарасы әртүрлі. Біреуі жинайды, біреуі шашады, – деді ол.
Сондықтан бұл тақырыпты неке құрмай тұрып талқылау өте маңызды.
Салтанат Төлегенова өз тәжірибесінен де мысал келтіреді.
Күйеуім маған «сенің ақшаң – сенің ақшаң» деді. Мен өз қажеттіліктерімді өзім жабамын, ал оның табысы – ортақ. Бұл шиеленістің алдын алуға әсер етті, – деді психолог.
Неке шарты ажырасуды алдын ала ойлау ма?
Қоғамда неке шарты ажырасуға алдын ала дайындық деген пікір жиі кездеседі. Алайда психологтың айтуынша, бұл түсінік дұрыс емес. Ол мұны неке алдындағы келісімдердің жазбаша түрде бекітілуі деп түсіндіреді.
Бұл – неке алдындағы ауызша келісімнің қағаздағы нұсқасы ғана. Жазбаша келісім жауапкершілікті арттырады, – дейді ол.
Маманның сөзінше, әсіресе ер адамдар мұндай құжаттан жиі бас тартады. Өйткені көп жағдайда «қағазға түсірудің қажеті жоқ» деген көзқарас басым.
Қоғамдағы көзқарас өзгеріп келе жатыр
Қазақстанда неке шартына деген көзқарас біртіндеп өзгеріп келеді. Жастар арасында бұл қалыпты тәжірибеге айналып барады.
Қазіргі жаңа буын қаржылық сауаттылыққа, жеке шекараға, сау қарым-қатынасқа мән береді. Соның арқасында неке шартына көзқарас та өзгеріп жатыр, – деді ол.
Әлеуметтік желілерде де жұптар неке шартын жасасқанын ашық айтып, бөлісетін болған.
Психологтың айтуынша, неке шартында жеке шекара мен қаржылық тәуелсіздікті ескеру өте маңызды.
Бұл адамның психологиялық тұрақтылығының негізі. Неке шартында бұл ескерілсе, адамдар бір-біріне тәуелді емес, саналы түрде бірге екенін түсінеді, – деді Салтанат Төлегенова.
Жұптарға кеңес: неке шартын қалай дұрыс талқылау керек?
Маманның айтуынша, ең бастысы – дұрыс коммуникация.
Неке шартын ұрысып, ренжіскен соң емес, екеуіне де жайлы жағдайда талқылау керек. Әркім өз позициясын «мен өзімді қауіпсіз сезінгім келеді» деп ашық айтуы тиіс, – деді психолог.
Сондай-ақ жұптар бір-бірін айыптамай, жағдайын, мүмкіндігін ескеріп, талапты шектен асырмауы керек.