Жаңалықтар

Неге жастар табыс көзін шетелден іздейді?

Неге жастар табыс көзін шетелден іздейді?
Фото: коллаж El.kz 17.10.2024 17:07 607

Жыл сайын шамамен 200 мың қазақстандық маусымдық және жылдық табыс табу үшін шетел асып жатады. Шет тілдерін еркін меңгерген немесе IT саласы мамандарының батыста сұранысқа ие екенін айтып, ешкімді таңқалдыра алмайсың. Соңғы уақытта шетелге табыс табу ниетімен  қарапайым мамандар, атап айтсақ, құрылысшылар, электриктер, дәнекерлеушілер және қызмет көрсету саласының өкілдері де жиі баруда. Оған себеп әртүрлі. Бірі лайықты жалақы алуды қаласа, енді бірін үлкен сомадағы қарыздарды төлеу қажеттілігі итермелейді. Көбіне жұмыс барысында көшіп кеткен азаматтар сол елде тұрақтап, қалып қоюдың амал-әрекеттерін жасайды. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі тақырыпты тарқатып көрді.

Көпшілік шетелде жұмыс істеу үшін сол елдің тілін білу қажет деп есептейді. Десе де соңғы уақытта қазақстандықтардың біразы тіл білмесе де, жақсы табыс іздеп басқа елге бас сауғалауда. Елдердің тізімі де әртүрлі.

Мәселен, бүгінде Венгриядағы Pejo автозауытына 20-50 жас аралығындағы жұмысшылар (ерлер, әйелдер, отбасылық жұптар) қажет. Орыс тілін еркін білетін азаматтар болса болды. Жұмыс кестесі: күніне 8 сағат, аптасына 5 күн. Жалақысы 240 мың форинттен басталады, бұл өз кезегінде 324 мың теңгені құрайды. Жатын орынды жұмыс берушінің өзі тегін қамтамасыз етеді. Түскі ас та жұмыс беруші есебінен төленеді.

Германияның Гамбург қаласындағы балалар ойыншықтарын өндіру зауытына барып нәпақа табатын қазақстандықтар қарасы көп. Жұмыс барысы ойыншықтарды сұрыптау, орау, белгілеу және ақауларды тексеруден тұрады. Жұмыс кестесі: күніне 8-10 сағат, аптасына 6 күн. Айына 1400-1800 еуро шамасында жалақы алады. Бұл шамамен 744 мыңнан 956 мың теңгегені құрайды. Тұратын жерді жұмыс беруші өзі қамтамасыз еткенімен, жалақыдан 100 еуро ұсталап отыратыны бар. Ал түскі ас жұмыс берушінің қалтасынан төленеді.

Данияда кәсіби тас қалаушылар мен плиткашылар айына 1,4 миллион теңгеге дейін табыс табады. Тұратын жер тегін, бірақ тамақтану өз есебінен деген шарт міндеттелген. Латвияның Рига қаласына жасы 20-50 аралығындағы әйелдерге арналған үй тазалайтын қызметші жұмысына 1800 еуро, яғни 956 мың теңге төленеді екен.

Ал Литвада жүргізушілерге 2200 еуроға дейін жалақы ұсынылады. Бұл біздің валютаға шаққанда 1 169 344 теңге.  Талаптарына тоқталсақ, үміткердің «С» және «Е» санатындағы жүргізуші куәлігі, жүргізуші ретінде жұмыс тәжірибесі, ADR куәлігі болуы қажет. Еуропа бойынша жүк тасымалдау, Вильнюстен микроавтобуспен шығу міндеттеледі. 8 апта жұмыс істеп, 4 апта демалады. Жалақы тұрақты. Уақытылы төленеді. Барлық көлікте навигация және спутниктік байланыс бар.

Қазақстандықтардың арасында Хельсинкидегі Coca-Cola зауытында өнімдерді қаптаушы ретінде жұмысқа орналасып жатқандар бар. Жұмыс кестесі: күніне 12 сағат, аптасына 5 күн. Айына шамамен 288 сағат жұмыс істейді. Жалақы сағатына 14 еуро (7 мың теңге), аптасына 5 күн. Жұмыс беруші тұратын орынды тегін қамтамасыз етеді. Бір бөлмеде 3-4 адам бірге тұрады.

Жапониядағы (Токио және басқа қалаларда) жұмысшылар айына 1,2 миллион теңге ала алады. Тек тамақтану өз есебінен, ал тұратын орын айына 200 доллар тұрады.

Түркиядағы курорттарда жұмыс істегісі келетіндерге айына 500 доллар және үш реттік тамақтану ұсынылады.

Міне, шетелдегі жұмыс талаптары мен жалақының нормасы осындай. Бұл тізімнің басы ғана. Айта берсең, көп.

Әлеуметтанушы Әсем Құсманова соңғы жылдары қазақстандықтардың еңбек миграциясының өсуі байқалады деп отыр.

«Қазақстандықтар жұмыс іздеп Еуропа елдеріне, Оңтүстік Кореяға қоныс аударуда. Әлеуметтанушы Рақышева Ботагөз Ислямқызының айтуынша, негізінен шетелге жұмыс іздеуге 30 жасқа дейінгі, елдің оңтүстік аймақтарында тұратын жас жігіттер кетіп жатады. Бұл неге байланысты? Көші-қон теориясында «итермелеу және тарту» деген теория бар. Бұл теория көші-қонның екі фактор әсерінен болатынын меңзейді. Яғни, мигрант тұрғылықты жерін ауыстыруға шешім қабылдап, басқа елдегі өмір сүру немесе жұмыс істеу жағдайларына қызығады.  Екіншіден, оның бүгінгі өмір сүру жағдайына көңілі толмауы мүмкін. Ғаламдық желіден үнемі шет елдегі жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жайлы жиі естіп отырамыз. Еңбек нарығының жаһандануына байланысты біз жалақы деңгейі, жасыл карталар және т.б. мәселелерден құтыла алмаймыз. Сол себепті қазақстандықтарды шетелге кетуге «мәжбүрлейтін» себептерге назар аудару керек», - деді ол.

Бұл қандай себептер? Еңбек мигранттарының портретіне көз жүгіртейік. Жастар ғылыми-зерттеу орталығының сауалнамасына сәйкес, жұмыс орнын таңдаудағы басты фактор «жалақы деңгейі» болып табылады (62%). Ер адамдардың басым бөлігі әскерге жарамдылық кезеңін өткізіп алу үшін кетіп жатады. Біздің қоғамда жастар арасында міндетті әскери қызметтен жалтару үрдісі айтарлықтай кең тарап отыр. Уақытша шетелде жұмыс істеу бұл мәселенің бір шешімі деп біледі.

«Бұл жерде мұндай жұмыстардың төмен біліктілікті жұмыстар тобына жататынын ескеру қажет. Олар 3Ds аббревиатурасымен сипатталады. Бұл «лас, қауіпті және ауыр» дегенді білдіреді. Яғни, бұл жұмыс - қауіпті, күрделі және лас деген сөз»,-деп түсіндірді әлеуметтанушы.

Сарапшының айтуынша, 35 жасқа дейінгі кезең тұлғалық капитал жинақталатын уақыт болып саналады. Бұл өмірдің одан арғы бағытын айқындайтын іргетас іспеттес. Осы жастағы азаматтарға барынша білім, дағды, мәдени капитал, түрлі сараптамалық тәжірибе, әлеуметтік байланыстар жинау маңызды.

«Англиядағы егістікте құлпынай теріп қазақстандық жас жігіт қандай пайда табады? Әрине, таңнан кешке дейін жұмыс істеп, жақсы табыс табуы мүмкін. Бірақ жастық шағында ауыр жұмысқа бар күш-қуатын сарпып, кәсіби немесе тұлғалық дамуы кемшін тартып қалуы ықтимал» деп қорытындылады ол.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылдың бірінші тоқсанында елдегі жұмыссыздардың саны 453,4 мың адамды құрады. Қазақстандағы шетелдік еңбек мигранттарының саны 14,7 мың адамға жетті. Сондай-ақ шетелде жұмыс істеп жатқан қазақстандықтардың саны шамамен 200 мың адам болды.

2022 жылдың соңында елден кеткендер саны 24,1 мың адамды, ал келген иммигранттар саны 17,4 мың адамды құрады. Қазақстандықтар әлі де Германия, Ресей, Польша және Түркия елдеріне жапа тармағай көшуде. Ал Қазақстанға негізінен Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ресей және Қытай азаматтары қоныс аударуда.

Шетелде білім алу жастар үшін үлкен өмірге сәтті билет тәрізді көрінуі мүмкін. Кейбір зерттеулерге сүйенсек, жыл сайын елімізден 100 мыңға жуық студент шетел асып кетеді мыс. Десе де нақты санын дөп басып айту мүмкін емес. Себебі мұндай ақпарат беретін ресми статистикалық деректер жоқ. 

Студенттік көші-қонның қиындығы сол, көбісінің елге қайтып оралғысы жоқ. Қолында халықаралық дипломы бар мамандарды алдарынан тосып тұрған жаңа мүмкіндіктер еліктіріп жатады.

Қазақстан жастары батысқа, ТМД елдеріне қашанда қызығушылық танытады.  ЮНЕСКО сарапшыларының мәліметіне сенсек, білім қуып шет елге көшкен қазақстандықтардың саны жетіп артылады.

Егер 2011 жылы мұндай студенттер саны 43 мың болса, 2017 жылы 90 мың адамға жетті. Басқа деректер 2016 жылы шетелдік диплом алғысы келген қазақстандық студенттер 102 мыңға жетті дейді. Олардың 86%-ының таңдауы Ресей мен Қытай мемлекеттеріне түсіпті.

2018 жылы Ресей Федерациясының Білім министрлігі сайтында елде 100 мыңға жуық қазақстандық студент оқып жатқандығы айтылды. Ал Қытайда 17,6 мың қазақ оқып жүр деген ресми сандар келтірілді.

Қытай мен Ресей – студенттік миграция үшін ең танымал бағыттар. Сон соң тізімде Чехия, Польша және Түркия мемлекеті тұр. Кейіннен АҚШ, Батыс Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея және Сингапур елдері сұранысқа ие. Бірақ бұл елдерге оқуға түсу – оңай шаруа емес.

Айта кету керек, студент жастардың бір бөлігі қысқамерзімді ұтқырлық мүмкіндіктерін пайдаланып, шетелде шамамен 3 пен 12 ай аралығында оқи алады. 2010 жылы Болондық жүйеге қосылған соң, Қазақстан мұндай тәжірибені қос қолдап қолдай бастады.

Қазақстан «Болашақ»  академиялық мобильділік аясында шетелдік жоғары оқу орындарына студенттерді жіберіп отырады. Олардың оқу ақысы бюджеттен бөлінеді.

Ресми деректер студенттердің 100%-нан 0,2%-ы ғана өзге елде оқып жатқанын айтады. Бұл - норма. Студенттердің жаппай шетелге қоныс аударының себептері де сан алуан. Мәселен, біреулері жұмыс жасауға түскен ұсынысты қабылдаса, енді бірі әлемдік дәрежедегі университеттерге шақырту алып жатады. Басқалары тәжірибе алмасу мақсатында шетелдік тағылымдадан өтуге тырысады.

Қазақстандықтар шетелде қалуға әртүрлі себептер бар деп отыр. Мәселен, экономикалық тұрақтылық, мансап перспективалары, орташа класс болу мүмкіндігі, жақсы экология, қорғаныш сезімі.

Қазақстанда 120-дан астам жоғары оқу орны бар. Білім және ғылым министрлігі мен жоғары оқу орындарының өздері Қазақстан университеттерінің білім деңгейін және беделін арттыру үшін үнемі жұмыс істеп келеді. Алайда біздің санамызда «отандық білім сапасыз» деген сенім тым терең орныққан. Академиялық ортада бұған келіспейтіндер бар. 2011 жылдан бастап халықаралық «Болашақ» білім беру стипендиясы бакалавриат бағдарламасы бойынша шетелде оқуды қаржыландыруды тоқтатты. «Бұған белгілі бір объективті себептер болды. Ең алдымен, елімізде халықаралық стандарттарға сәйкес мамандар дайындайтын жоғары оқу орындарының пайда болуы», - деп атап өтті «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы. Бүгінгі таңда қазақстандық бакалавр дипломы магистратура, резидентура, докторантура және тағылымдамадан өту бағдарламалары бойынша шетелдегі ең беделді жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға