El.kz

NEET: жалқаулық па, әлде жүйенің қателігі ме?

24.02.2026 14:15

Қазір жастар барынша білім алуға, жақсы жұмыс табуға тырысады. Кейде өздерін жасанды интеллект пен экономикалық тұрақсыздық арасында қалып қойғандай сезінетіні бар. Әсіресе, елімізде не жұмыс істемейтін, не білім алуға тырыспайтын (NEET) жастар мәселесі күнтәртібінде тұр. Мұндай жастар қайтсе қатарға қосылады?

Бұл қандай атау?

Иә, NEET жастар дегенде ойланып қалдыңыз, білем. Оқымайтын, жұмыс істемейтін және кәсіби оқудан өтпейтін жастарды (Not in Education, Employment or Training) шетелде осы термин арқылы сипаттайды.  Бұл атау 1990 жылдардың соңында Ұлыбританияда пайда болған. Әлеуметтанушылар жәрдемақыға күн көретін, жұмыс істеуге құлықсыз жастардың халіне алаңдаған. Бастапқыда жетімдерді, аз қамтылған отбасынан шыққан жастарды осы санатқа қосқан екен. Кейіннен мансап қуғысы келмейтін, еңбек майданына араласқысы келмейтін тұлғаларды тізіп шыққан. Сөйтіп, бұл атау күллі әлемге таралған. Әсіресе, Еуропа елдерінде, Жапонияда осыған қатысты зерттеулер басталған.

Ал Қазақстанда NEET жастар туралы мәселе көтеріліп, шешімін іздегелі  10 жылға жуық уақыт болды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 15-34 жас аралығында NEET санатына жататын 318 мыңнан аса адам бар. Соның ішінде құлықсыз һәм жұмыссыздың дені Маңғыстау (9,8%), Ұлытау (8%) және Жетісу (7,4%) облысында тіркелген. Байқағаныңыздай, жастардың санына емес, пайыз үлесіне қарадық. Өйткені мегаполистерде, халық саны көп облыста сәйкесінше цифр көп.  Осындайда NEET жастардың үлесі пайыз  көрсеткішінен анық көрінеді. 

Әлеументтанушы Эльмира Отардың айтуынша, NEET санатындағы жастар біркүндік табысты ойлап, даму стратегиясын құрмайды.

Елімізде уақытша жұмыс істеп жүрген, мамандығы бойынша оқыса да, сол мамандықпен табыс таппайтын жастар жетерлік. Олар біркүндік жұмысқа, маусымаралық табысқа бейім. Оқымаған, орта біліммен шектеліп, қара жұмысқа жегілгені де көп, – дейді ол.

Сан мен сапа

Картаға анықтап қарасаңыз, өңірлердегі жағдайдың мәз емес екенін байқайсыз. Ескере кетерлігі, 2018 жылы бұрынғы Ақпарат  және қоғамдық даму министрлігі мұндай санаттағы жастардың сипатын тізіп шыққан. Сонда фриланста жұмыс істейтін адам да, бала күтімімен үйде отырған ана да, базарда жұмыс істейтін бала да аталған тізімнен табылған. Бірнеше жыл студенттер Альясын басқарған, профориентолог Жасұлан Бостандықұлын да осы мәселе алаңдатып отыр. 

Жұмысы жоқ, оқымайтын, дамуға ниеті жоқ жастарды NEET тізіміне қосамыз. Салыстырмалы түрде бізде NEET жастардың үлесі жұмыс істеп жүргендерден көп. Десе де осы санақты жүйелеген жөн. Нақты жұмыссыз һәм құлықсыз жасты анықтаған дұрыс. Себебі базарда сауда жасап жатқан жасты құлықсыз  дей алмайсыз. Фриланста жұмыс істейтіндер онсыз да өзін қамтамасыз етіп отыр. Сенің атыңнан зейнетақы жарнасы аударылмаса, NEET санатына жатқызатыны тағы бар. Бірақ адам белгілі бір мерзімде NEET санатында кіретінін де ұмытпаған дұрыс. Мысалы, бакалавр бітірген түлек магистратураға түскенше жұмыс таба алмауы мүмкін. Болмаса колледжден бакалаврға, магистратурадан докторантураға дейін де солай болуы неғайбіл. Сондықтан мемлекеттік мекемелер нақты алгоритммен жұмыс істесе дейміз, - дейді Жасұлан Бостандықұлы.

Фото: Эльмира Отардың жеке мұрағатынан

Әлеуметтанушы Эльмира Отар да осы мәселе төңірегінде бірнеше зерттеу жүргізгенін айтады. Белгілі бір цифрды жарияламас бұрын жан-жақты зерттеу керегін нұсқап отыр.

NEET жастар туралы бірнеше зерттеу жасадым. Мысалы, Жетісу облысында далалық зерттеу жүргіздік. Жыл сайын аймақ бойынша NEET жастар көрсеткішін шығаратын санақ бар. Сондай салыстырудың бірінде Жетісу облысында NEET жастардың саны жоғары екені шықты. Бірақ Жетісу өңірінде жұмыс бойынша тіркеуде тұрмаса да, жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеп жүргендер бар. Тек олар әкесінің, ағасының атындағы ЖК-мен кәсіп бастаған соң, жұмыссыздар қатарына қосылған. Сондықтан статистикаға сенбей, қайта тексеру керек, – дейді әлеументтанушы.

Иә, бірнеше жылдан бері осы тізімді жүйелеп жатыр. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының төрағасы Гүлісхан Нахбаеваның айтуынша, жақында цифрлы карта пайда болады. Мұнда гендер, оқу, көші-қон, жұмыс орны, әлеуметтік мәселе, бәрі қамтылады. Жауаптылар әлі де жүйелеп, мемлекеттік органдарға нақты цифр жібереміз деп отыр. Өңірдегі 236 Жастар ресурстық орталығы базасындағы барлық мәліметті бір жерден табасыз.

Қазір бірегей әдістемелік нұсқаулық жасап жатырмыз. Мемлекеттік органдарға бір формула ұсынамыз. NEET жастар тек негатив емес, ішінде позитив жағы бар. Соны көрсетуге тырысамыз. Мысалы, бір жыл демалып, шетел аралап жүрген жастар бар. Шетелде жұмыс істеп келіп, уақытша демалыс алғаны бар.  Немесе үйінде ата-анасы мүгедек болса, соны қарау үшін жұмыс істейтін жастар бар. Сол үшін А категорияға позитивті трендті алып, B категорияға жұмыссыз, лудоман, наркоманияға бейім, пробацияда жүрген жастарды топтаймыз. Оқуды біржола тастап кеткен, тұрақты жұмысы жоқ жастарды белгілейміз. Декретте отырған әйелдерді де екі топқа бөлеміз. Еңбек кодексіне сәйкес, бұрын жұмыс істеп, қазір бала күтімімен отырған әйелді А категориясына кіргіземіз. Ал босанғанға дейін де жұмыс істемеген, аз қамтылған отбасы мүшесі болса, B тобына жатады, - дейді Гүлісхан Нахбаева. 

Ішінде «жан» жоқ қалалар

Статистикаға назар аударсақ, елімізде 445 мыңнан астам жұмыссыз бар. Орташа айлық табыс 429 мыңға тең десек, ең төменгі жалақы – 85 мың теңге. Қызығы сол, қалада да, өңірде де жастар мемлекет ұсынған бағдарлама бойынша жұмыс істеуге асықпайды. Өйткені айлық 30 АЕК-тен (129 750 теңге) аспауы мүмкін. Ал осы сомаға қаланы былай қойғанда, ауылда да күн көру қиын екені тағы бар.

Айталық, үш мегаполистен бөлек, 17 облыс, 90 қала, 6 мың ауыл бар. Сонда барлығы 5,8 млн жас тұрады. Әсіресе, шағын қаладан мегаполиске, облыс орталығына көшу жиілеген. Арқалық, Рудный, Риддер, Екібастұз, Теміртау, Өскемен сияқты бірқатар қаланы жаны жоқ жер десек болады. Өйткені жастардың дені мұнда қалмай, көшудің амалын іздейді. Бірқатары зауыт, кен-байыту орындары есебінен күнін көріп отырған жер екені тағы бар. Жұмыс жоқ болған соң жастар жаман әдетке бейім келеді, қылмыс көбейеді. Ал сонда тұрып жатқан елдің ішінде үрей пайда болады.

Фотода: Екібастұз қаласы, El.kz

Әлеуметтанушы Эльмира Отардың айтуынша, жастар әлеуметтік желідегі қызылды-жасылды өмірге қызығып, аз жалақыға келіспейді. Мемлекеттік жұмысқа жолағысы жоқ. Маман экономикалық құндылыққа бет бұрған соң, салдары осындайға алып келгенін алға тартады.  Аймақтағы жастарды мүмкіндікпен қамтамасыз ету керек.

Аймақтарды аралағанда өндіріспен күнін көріп отырған бірнеше елдімекенге бардық. Зауыт басшыларының айтуынша, олар жұмысқа шақыруын шақырады, алайда жастардың бұл жерде жұмыс істегісі жоқ. Сол үшін олар шетелден жұмыс іздеуге мәжбүр екенін айтты. Жастар қара жұмыс істегісі келмейді. Ақ көйлек киіп, таза жерде жұмыс істеп, жақсы ақша тапқысы келеді. Сондай тенденцияны байқауға болады. Жыл санап мегаполиске қоныстанатын адамдар көбейіп келеді. Меніңше, мұндайда патриоттық тәрбие керек шығар. Мысалы, Рудныйда туып-өскен азамат Астанада не шетелде оқыса, бітірген соң елдімекенін дамыту үшін сонда қайта оралса дейсің. Елім деп соққан жүрек қана тау қопара алады. Ауыл квотосы да бар. Соның өзінде жағдай сондай болып тұр, – дейді әлеуметтанушы.

Десе де, «жастар жұмыс істегісі келмейді» деуден бұрын елдегі жалақы мәселесі жар бермей тұрғанын да ұмытпаған жөн. Өйткені табысы жақсы болса, жастар Англия асып қарға қуып, құлпынай термейтін еді. Мәселен, Лаура есімді жаңаөзендік ару Threads-те биыл тағы да саңырауқұлақ теруге аттанғанын жазған. Өзінің екі дипломы барын, 5 тіл білетінін қосқан.

Қазір тіл білетін жастар көп. Оған қоса жұмыс тәжірибесін сұрайды. «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша дипломым бар. «Тенгизде» админстратор ретінде 500  мың теңге алдым. Егер техникалық мамандықты бітіріп, оның үстіне шет тілін білсеңіз, есіктен теуіп кіруге болады. Ал маған туған қаламда (Жаңаөзенде –ред.) 200-400  мың жалақысы бар жұмыс ұсынды. Ал Англияда 1 млн 200 мың теңге алдым, – деп жазды Лаура.

Бұл да – NEET санатындағы жастардың статистикасын көбейтетінін себеп. Өйткені Кореяның зауытында, Англия алқабында жұмыс істеп, АҚШ-та шатыр жөндеп жүрген жастар жетерлік. Әлеуметтанушының айтуынша, мұнда бірден жақсы жалақы алсам дейтін сарын бар. Заман талабына сай, бірден майшелпектен асағысы келеді. Оған қоса әлеуметтік желіде шетелде жұмыс істеуді романтизациялау көбейген.

Мемлекет не ұсынады?

Жалақы мәселесіне келгенде, елімізде NEET жастарды қоғамға тарту жағынан жастар саясаты елеулі жұмыс істеп жатыр:

  • «Жастар практикасы»;
  • «Қоғамдық жұмыстар»;
  • «Алғашқы жұмыс орны»;
  • «Дипломмен ауылға»;
  • «Серпін»;
  • «Жасыл ел» жобасы;
 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Профориентация | Ғылым | Тұлғалық даму | Адами капитал (@jasulan_bostandyquly)

Мәселен, Астанада  JOLTAP жобасы қысқа мерзімді 13 сұранысқа ие кәсіптік курстар мен 7 сандық бағытты (SMM, таргетинг, графикалық дизайн, видеомонтаж, веб-дизайн және т.б.) қамтиды. jumystap.kz сайты арқылы жастардың жолы жеңілдегені тағы бар. Соның ішінде әйелдер арасында «Тігін ісі» және «Модельер-конструктор» курстарынан, ерлер болса  «Электрогазбен дәнекерлеуші» курсына қызығушылық танытады екен. JOLTAP сыныптарында теорияны меңгергеннен кейін, оқушылар YDA көпсалалы зауытында практикадан өтеді. Кейбірі сол зауытта жұмысқа орналасып қалады.

Бұдан бөлек, Esirtkisiz Elorda жобасы, «Таза Қазақстан» аясында 200-ден астам шара іске асырылды, соның ішінде насвайды жинау, «Стоп вандал» акциялары, әлеуметтік флешмобтар мен фотокөрмелер бар. «Замандас» жастар коворкингі 23 стандартты үйірмеден басқа, репродуктолог, заңгер, психолог консультациясы, арт-терапия және бақытты отбасы құру курстары сияқты ерекше секцияны ұсынады. ProFit және «Үркер» аула клубында шығармашылық шеберлік сабақтары, спорттық жаттығулар, білім беру бағдарламалары бар.

Мәселені қалай шешеміз?

Әлеуметтанушы да жоғарыда аталған бағдарламаның жемісін көруге болатынын айтады.

Негізі, мемлекетіміз әлеуметтік бағытталған мемлекет. Көп бағдарлама халықты қолдайды. Шетелде әлеуметтік көмек бізбен салыстырғанда анағұрлым төмен болғанымен, жұмысқа құлшыныс жоғары болуы мүмкін. Яғни, мектепке дейінгі білімнен бастап, балаларды еңбекке баулыған жөн. Табиғатты аялауға, қаржылық сауаттылық, үнемдеу, жоспарлауды үйреткеніміз дұрыс. Траекторияны алдын ала құру – болашақтың негізі. Елімізде әлеуметтік жағынан қолдау жеткілікті. Экономикалық жағынан да қолдан келгенше көмек беріп жатыр. Меніңше, білім беру, психология жағына күш салу керек. Үлгі болатын тұлғаларды көбірек насихаттау керек. Мысалы, бір өндіріс орнына жай жұмысшы болып кіріп, сол жердің директоры болғанша аянбай қызмет еткен жандарды насихаттасақ деймін, – дейді Эльмира Отар.

Фото: Жасұлан Бостандықұлының жеке мұрағатынан

Профориентолог та NEET жастар мәселесін білім беру тұрғысынан шешу керегін алға тартып отыр. Әсіресе, жаңа мамандықтар атласы жастарға керек екенін, соған сай бағдарлама жасауды ұсынады.

Профориентолог ретінде айтайын, маған колледж бітірген түлектер жиі хабарласады. Ары қарай оқуды жалғастырудың жолын сұрайды. Яғни, елімізде  коллледж түлектерінің ары қарай білім алуына белгілі бір деңгейде кәсіби бағдар беру жұмысы жүргізілмейді. Екіншіден, мамандық турасында екіұдай пікір бар. Мысалы, кей білім бағдарламасы колледжде де, университетте де бар. Жұмыс беруіші сәйкесінше жоғары білімі бар адамды жұмысқа алады. Сол үшін білім беру бағдарламасын қайта түзіп, тең мүмкіндік қарастырған дұрыс.  Колледж білім беруден бөлек, әлеуметтік осал топты, көпбалалы отбасы балаларын белгілі бір деңгейде әлеуметтендіріп отыр. Аудандағы колледж түлектеріне келсек, шынымен де көпбалалы аз қамтылған балалар оқиды. Сондықтан колледж түлектерінің NEET санатына кіру тәуекелін азайтатын амал табу керек, – дейді профориентолог.

Оған қоса сарапшылар жастарды ұлттық құндылыққа бейімдеп, «Толық адам» концепциясын, «Адал азамат» ұстанымын бойға сіңіру керегін атап өтті. Еңбек етсе, алдан жарқын болашақ күтіп тұратынына баса айтты.

Қош, NEET жастар мәселесі тек Қазақстанда емес, әлемде де жетекші орында тұр. Жақында Ұлыбританияның The Guardian басылымы, елде 16-24 925 мыңнан астам жұмыссыз һәм құлықсыз жастар барын жариялады. Олар жүргізген сауалнамаға сәйкес, қазір жастар ЖИ-дің әсерінен келешекте жұмыссыз қалудан қорқады. Сондықтан олар өскелең ұрпаққа психология, білім мен дағдыны қатар сіңіруді ойға алған.