AFP via Getty Images

Небәрі 1500 тұрғыны бар ауылдан шыққан клуб Швеция чемпионы атанды

Халлевик елді мекенінен шыққан «Мьелльбю» футбол клубы тарихында алғаш рет Швеция чемпионы атанды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

27-турда өткен матчта «Мьелльбю» сырт алаңда «Гётеборгті» 2:0 есебімен жеңіп, өз тарихындағы ең ірі жетістікке жетті. Команда 66 ұпай жинады. Екінші орында тұрған Стокгольмнің «Хаммарбю» ұжымы көшбасшыдан 11 ұпайға артта келеді және қалған үш ойында ары кетсе 9 ұпай ғана жинай алады.

«Мьелльбю» 1939 жылы құрылған. Бұған дейін клубтың чемпионаттағы ең жоғары нәтижесі өткен маусымдағы бесінші орын еді. Сондай-ақ 2023 жылы команда Швеция кубогының финалына дейін жетіп, «Хеккенге» 1:4 есебімен жол берген.

Бір қызығы, 2023 жылы жүргізілген санақ қорытындысы бойынша Халлевик елді мекенінде бар болғаны 1 500 адам тұрады екен.

«Мьелльбю» – Швеция премьер-лигасындағы бюджеті ең аз клубтардың бірі. Команданың өз алаңы – 6 750 жанкүйерге арналған шағын стадион.

Клубтың бас бапкері – 59 жастағы Андерс Торстенссон. Ол команданы 2023 жылдан бері жаттықтырып келеді. Сол жылы бапкерге созылмалы лимфолейкоз диагнозы қойылған.

Биылғы маусымда «Мьелльбю» 27 матчтың біреуінде ғана – 11 мамырда АИК-тен (1:2)  жеңіліп, 20 ойында жеңіске жетсе, 6 рет тең түскен. Команда 19 матч қатарынан жеңілмей келеді.

Швеция чемпионы атанғаннан соң «Мьелльбю» келесі маусымда Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді.