Жаңалықтар

Үнді махаббаты – Астана төрінде

Елордаға кім келді?
01.06.2016 05:06 6017

Үнді фильмдерінде әрбір жиырма минут сайын қайталатын билерді тек теледидардан ғана тамашалап келген астаналықтар таяуда күтпеген көрініске куә болды. Олардың назарын аударған елорданың суық райын өздерінің жалынды биімен жылытқан үнді әртістері еді. «Бидің көрігін қыздырған бұлар кім болды екен?» деп, біз де түсірілім тобына қарай аяңдадық.

Үнді махаббаты – Астана төрінде

Бұлар Астана мен Алматыда «Махаббат маусымы» («Vaishakham») фильмінің кей кадрларын түсіруге келген үнділік «R.J. Cinemas» орталығының түсірілім тобы болып шықты. Киногерлер мен әртістерді қосқанда, жалпы саны 18 маман біздің елімізде 12 күн болады.

Үнді махаббаты – Астана төрінде Былтыр Қазақстанға іссапармен келген Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди өзінің жерлестеріне қазақ жері туралы жылы пікірін айта барған екен. Содан кейін режиссер Джая Бойнабут «Махаббат маусымының» эпизодтық көріністерін осы елде түсіруге ұйғарған.

Үнді махаббаты – Астана төрінде

 Джая Бойнабут, фильмнің режиссері:

– Үндістанда Қазақстан туралы аз біледі. Өткен жылы Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Астанадағы Назарбаев университетіне келіп, дәріс оқып кеткеннен кейін, Қазақстан мен біздің елдің арасындағы мәдени байланыс күшейе түскен сияқты. Өзгелер фильмдерін Еуропа не Америкада түсірсе, мен сіздердің елдеріңізді таңдадым. Біз алдын-ала ғаламтордан Қазақстан туралы деректер қарағанда, мұнда көрікті жерлердің көптігіне таңғалдым. Сол себепті, «Махаббат маусымының» ән-биге толы тұстарын осында түсіреміз деп шештім.

Өзім қазірге дейін Үндістанда 7 танымал фильм түсірген маманмын. Олардың кейбіреуін сіздер де көрген болуларыңыз мүмкін. Енді мына туындымыз да дайын болған кезде көпшіліктің ықыласына бөленсе екен деп армандаймын. «Махаббат маусымы» арқылы көптеген көрермендер Қазақстанның сұлу табиғатымен, тұрғындарымен танысқанын қалаймын.

Үнді махаббаты – Астана төрінде

Айтпақшы, Джаяның жұбайы В.А. Раджу осы фильмге продюсерлік етеді. Ол – бүгінде телугу, тамил, хинди, ағылшын тілдерінде 900-ге жуық фильмге атсалысып, рекорд жасаған білікті маман. Раджу мырза уақытының тығыздығына байланысты елордадағы түсірілімге келе алмапты.

Үнді махаббаты – Астана төрінде

 «Махаббат маусымының» шетелдегі түсірілімдерінің продюсері Прабхакар Рао үнді және азиялық мәдениеттердің ұқсастығына қуанатынын айтты. Оған елордадағы ғимараттар ерекше ұнапты. «Мынадай әсем қалада бюджеті бай тарихи-мәдени фильмдер түсіруге болады екен» дейді Прабхакар Рао.

Үнді махаббаты – Астана төрінде

Басты рөлде ойнайтын Авантика Мишраның негізгі мамандығы – химия саласының инженері. «Махаббат маусымы» – бұған дейін түрлі бейнебаян мен жарнамаларға түскен арудың үлкен кинодағы дебюті. «Астананың суық желі тоңдырғанымен, халқы сондай қонақжай екен. Енді тезірек Алматыны көргім келіп жүр» дейді Авантика.

Үнді махаббаты – Астана төрінде

Негізі, үнді фильмінің қазақ елінде түсірілуіне қазақстандық продюсер Тимур Тильман мен «Ғажайып Үндістан» журналының бас редакторы Алпысбай Шымырбайұлы себепші болған. Олар осыдан біршама уақыт бұрын үнді киногерлеріне «Сақиналы аққу» атты бірлескен жобасын жіберген екен. Үндістан тарапынан бұл жобаға жауап болмағанымен, кейінірек «Махаббат маусымын» түсіру туралы ұсыныс келіпті. Осылайша, екі тарап келісіп, бишілер арасында кастинг өткізген, тиісті жерлерден рұқсат алған.

Үнді махаббаты – Астана төрінде

Фильмнің демеушісі – Үндістан. Мұнда Астанадағы медициналық университетке оқуға келген Бханумати есімді ару мен  Вену атты жас кәсіпкердің махаббат хикаясы баяндалады. Айта кетейік, мұнда қазақстандық әртістер ойнамайды. Тек бишілер ғана басты кейіпкерлермен бірге өнер көрсетеді. Сондай-ақ, түсірілім тобы виза мәселесіне байланысты мұнда ұзақ аялдай алмайтындықтан, Астана мен Алматыда ән-би көріністері ғана түсіріледі деп жоспарланған.

Үнді махаббаты – Астана төрінде

Бұл фильм – «R.J. Cinemas» продюсерлік орталығының жергілікті және атқарушы продюсері Тимур Тильманның алғашқы халықаралық тәжірибесі. Тимур бұған дейін бюджеті аз, қысқаметражды фильмдермен жұмыс жасаған. Өзі режиссердің оқуын тауысқанымен, 1-курстан бастап түрлі жобаларға продюсерлік етіп келеді.

Үнді махаббаты – Астана төрінде

Продюсер үнді киногерлеріне білдірген қолдауы үшін Астана және Алматы қалаларының әкімдіктеріне, Мәдениет және спорт министрлігі мен Сыртқы істер министрлігіне алғыс айтты.

Продюсер Шива қазақ қыздарының сұлулығына тәнті болғанын айтады

Ал,Үндістаннан келген мамандар қала әкіміне, жергілікті халыққа, журналистерге, тіпті, қонақүйдің сәлемі түзу қызметкерлеріне дейін алғыстарын жаудырды. Олар бүгін түсірілімді елордадағы «Думан» ойын-сауық орталығында жалғастырып жатыр. Бірер күннен кейін Алматыға аттанады. Ол жаққа  барғасын, Шарын шатқалы, Медеу мен үлкен Алматы көлін кадрдан тыс қалдырмаймыз деп отыр. Қазақстанның ұлан-байтақ даласын басқалар да көріп, тамсансын дейді.

Басты рөлде ойнайтын әртістер

Фильм үш айдан кейін көрермендерге жол тартады.


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға