Жаңалықтар

Назира Тоғызбаева: Елмен етене болу – жастайымнан қалыптасқан әдет

Назира Тоғызбаева: Елмен етене болу – жастайымнан қалыптасқан әдет
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 23.06.2023 14:04 2727

Әлемде «гендерлік саясат» ұғымы тарағалы бері, қоғамның көптеген саласында әйел адамдар басымдыққа ие бола бастады. Мұндай жаһандық тенденциядан Қазақстан да қалыс қалған жоқ. Уақыт өткен сайын мемлекеттік қызметтегі нәзік жандылардың саны артып келеді. Бүгінгі мемлекеттік қызметшілер күніне орай El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаевамен арнайы сұхбаттасқан болатын.

El.kz: Назира Асылбекқызы, елімізде аудан басқарып отырған санаулы ғана нәзік жанды әкімнің бірісіз. Мемлекеттік қызметке қалай келдіңіз? Ана, отбасының ұйытқысы болып отырған әйел затына әкім болу қиын емес пе?

Назира Тоғызбаева: Наурызбай ауданы әкімінің қызметіне кіріскеніме бір ай ғана болды. Жалпы мемлекеттік қызмет саласында жүргеніме 20 жылдан асты. Өзімнің еңбек жолыма тоқталып өтсем, алғашқы қызметімді 1998 жылы Ақтөбе қаласында «КазАгроПромБанк» қалалық филиалының клиенттерге қызмет көрсету жөніндегі маманы болып бастадым. 1999-2003 жылдары Қызылорда облысының әкімдігінде жұмыс атқардым, жетекші маманнан бөлім басшысына дейінгі еңбек жолдарынан өттім. Сондай-ақ әр жылдары коммерциялық ұйымдарда жұмыс жасадым. 2016 жылдан бастап мемлекеттік қызметті атқарып жүрмін. Алматы қаласы әкімінің бас инспекторы, Алматы қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі қалалық Комиссияның хатшысы қызметтерін атқардым. 2021 жылдан бастап 2 жыл қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы лауазымын атқардым. Көпбалалы аналар және аз қамтылған отбасылардың жағдайларын жақсартуда бірқатар жұмыстар атқарылды. Әлеуметтік жобалар қолға алынды және бүгінгі күнде өз нәтижесін беруде. Мемлекеттік қызмет әйел адам үшін ауыртпалығы мол сала деуге болады. Десек те оларға жүктелген жұмыс тиянақты әрі жүйелі орындалатын жұмыс. Бізге артылған осынау үміт пен сенімді жоққа шығаруға хақымыз жоқ. Қазіргі кезде елімізде үлкен лауызымдарда және мемлекеттік қызметте әйел азаматтарының  саны  957 427. Әйел азаматшалар өзіне жүктелген міндетті тиянақты, сенімді нәтижелі орындап отырғандығын көруімізге болады. Қазіргі уақытта Наурызбай ауданында халық саны 184 847-ні құрайды. Халқымызда «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деген даналық сөз бар. Ауданға басшылық ету – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Берілген тапсырмалардың өз уақытында, мерзімінде және нәтижелі орындалуы, бастысы ел игілігіне бағытталуы – негізгі мақсатым. Табиғатымыз әйел болғандықтан, отбасының тіршілігі, баланың сабағы, қонақ күту сияқты жетіп артылатын жұмыстарымызды қоса алып келеміз. Алла қуат берсін. Жұмысымды қиын деп айта алмаймын. Себебі өзімнің қалаған, таңдаған жолым. Елмен етене болу – жастайымнан қалыптасқан әдет. Соған сай жоспарымызды жасап, сақадай сай отырмыз. Еліміз тыныш, бейбітшілікте өмір сүруде. Одан артық не тілеуге болады. Осы міндеттерді ұтымды іске асыру мақсатында әрбір аудан тұрғынының талап-тілегіне баса назар аударуға тырысамын.

El.kz: Елімізде мемлекеттік қызметтегі әйелдердің рөлі қандай? Әйелдердің қызметтік баспалдақпен өсуіне мүмкіндік жасалған ба?

Назира Тоғызбаева: Елімізде үй шаруасын ғана емес, мелекеттік, қоғамдық және саяси қызметті де жауапкершілікпен атқарып келе жатқан аруларымыз да баршылық. «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген тәмсіл сөз де соны аңғартса керек. Жалпы, гендерлік теңдік елімізге батыс өркениетімен келді деу – үлкен қателік болар еді. Біздің заманымызға дейінгі дәуірде ұлы дала халқы ерлігін ескеріп, ақыл-парасатын алға тартып Тұмар, Зарина патшайымдарын сайлады. Ұмай, Домалақ аналардың қасиетін көріп, дала аңызына айналдырды. Сол секілді, ел басқарған ерлердің әрі жұбайы, әрі анасы, әрі кеңесшісі атанған Жаған бегім, Бопай ханым, Айғаным ханша, Фатима Тоташ, Күнімжан ханым секілді ауыр жүкті арқалаған әйелдер бейнесі бүгінгі қоғамда да жалғасын табуда. Қиын-қыстау кезеңдерде ерлермен қатар атқа қонған батыр қыздардың да есімдері тарихтан белгілі. Бұдан шығатын түйін, қилы заман, қандай қоғам болса да жан-жағына ізгілік нұрын себетін әйелдердің орны ерекше.  Әйелдің, ананың рөлін атқарып қана қоймай, сонымен бірге еріне адал, еліне сыйлы, асыл жар, ақылды дос, данагөй ханым атанған, қоғамдық-саяси, әскери істерге де араласқан нәзік жандылар тарих бетінде алтын әріптермен қала бермек. Мысалы, Жәңгір ханның Жасқұс деген жерге сарай салуына ықпал еткен жары Фатима екен. Себебі татар қызы хан әйелінің рөлін ғана атқарып қоймай, сенімді серігі және ақылды кеңесшісі болған. Ал Кенесары ханның бәйбішесі Күнімжан ханым патша үкiметiнiң отаршылдық азабын бiрдей тартып, ханның басына түскен ауыртпалықтың бәрiн, өмiрiнiң ыстық-суығын бiрге көтердi. Ол балалары Жапар, Тайшық, Ахметті халық үшiн күрестiң мүддесiне шыңдаған. Сол сияқты Бопай ханым болмаса, Әбілқайыр ханның рөлі басқаша болуы мүмкін еді. Бопай ханым ел басқару ісінде Әбілқайырдың сенімді әрі ақылды серігі болып, ханмен бірге дипломатиялық қатынастарды реттеп отырған. Қазақ халқының басына ел болу не мүлдем жоғалу қаупі төнгенде Әбілқайыр ханның саясатына қолдау білдіріп, кемшін тұстары болса жасырмай кеңес беріп, жақсысын асырып, тіпті, әйел заты қатыспайтын құрылтайға барып, қазақ хандығының ішкі және сыртқы мәселелерін шешуге атсалысқан екен. Ал Бөрте – Шыңғыс ханның зайыбы, кеңесшісі әрі ой таразысы. Ұлы қолбасшы әйелі айтқан кеңестерге құлақ түрген. Бұл – тарихтан белгілі шыңдық. Шыңғыстың Моңғол ұлысының әміршісі ретінде қалыптасу кезінде де Бөрте әркез ханның қасынан табылған. Әйел басшы болсын, мейлі саясаткер болсын, бірінші кезекте отбасы мен балаларының болашағына алаңдап, жанұяның жылулығы үшін барын салады. Бүгінгі күні нәзік жандылар үшін мемлекеттік қызметте ілгерілеу кезінде тең жағдай жасалынып, мемлекет тарапанын барынша қолдау көрсетілуде. Білікті азаматшалардың билік пен қазақстандық қоғамның саяси өміріне қатысуы – өзекті мәселе және тәуелсіздік алған сәттен бастап, барлық деңгейдегі әйелдерді қолдау мәселелері мемлекеттік саясаттың күн тәртібінде болды. Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде бірінші болып қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге арналған ұлттық орган – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияны құрды.

El.kz: Әйел адамның ең басты ерекшелігі – ана деген статусына байланысты ғой. Осы орайда мемлекеттік қызмет, карьерасы оның ана ретіндегі міндеттерін атқаруға кедергі келтірмейді ме?

Назира Тоғызбаева:  Гендерлік саясат саласындағы негізгі заңнамалық акт 2009 жылы қабылданған «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Заң саясатта, экономикада, білім беруде, отбасында, денсаулық сақтау және әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау мәселелерінде гендерлік теңдікке қол жеткізу бойынша нақты индикатор болып отыр. Отбасы міндеттерін еңбек қызметімен ұштастыру мүмкіндіктерін жасау мақсатында еңбек заңнамасында ата-аналардың икемді жұмыс түрлері мен бала күтімі бойынша демалыс алуға құқықтары туралы нормалар бекітілген. Сонымен қатар әйелдердің, жүкті әйелдердің және баласы бар әйелдердің еңбегін реттеу ерекшеліктерін бекітетін нормалар да пайда болды. Әйел экономикалық тұрғыдан белсенді болмағаны өзіне де, отбасына да кері әсер етеді, жалпы экономикаға да зиянын тигізеді. Әйел ақысы төленетін жұмыс істемесе, отбасының орташа табысы да азайып кетеді. Оның үстіне, зейнет жасына жеткенде зейнетақы салымы мен жарнасы жоқ әйелдер тек ең төмен мөлшердегі зейнетақы алады.

El.kz: Елімізде гендерлік теңдік қай деңгейде дамып жатыр деп ойлайсыз?

Назира Тоғызбаева: 2022 жылы Қазақстан гендерлік алшақтық индексі бойынша халықаралық рейтингте 10 жылда алғаш рет бірден 15 тармаққа көтеріліп, рейтингте 65-орынға ие болды. Ең елеулі оң өзгерістер «білім беру» көрсеткіші бойынша байқалады. Мұнда бірден 38 позицияға көтерілу болды, осы көрсеткіш бойынша субиндекс алғаш рет максималды мәнге жетті. Ал «Саяси құқықтар мен мүмкіндіктерді кеңейту» субиндексі бойынша 103 орын алып, небәрі 3 позицияға көтерілді. Гендерлік стратегия іске асырылған жылдары отбасылық-неке қатынастарында тұрған ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің кеңеюінде оң динамикаға қол жеткізілгені ақиқат. Еліміздің барлық өңірлеріндегі әйелдер мен қыздардың көшбасшылық әлеуеті мен саяси белсенділігін арттыру мақсатында 2022 жылдан бастап «Томирис» ақпараттық-білім беру бағдарламасы іске қосылғаны белгілі. Бағдарламаның өңірлік деңгейде іске асырылуына өз үлесімізді қосатын боламыз. Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – әйелдерге ұдайы қолдау көрсету, олардың дамуына жан-жақты жағдай жасау. Осы орайда, 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының мәні ерекше. Бұл маңызды құжат осы бағыттағы жұмысымызға айрықша серпін беріп отыр. Мемлекет басшысының «ХХІ ғасырда әйел, бір жағынан, сұлулық пен ізгіліктің бейнесі болса, екінші жағынан, тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болып отыр», - деп атап өтуі де кездейсоқ емес.

El.kz: Өзіңіз тізгінін ұстап отырған Наурызбай ауданында мемлекеттік қызмет саласындағы әйелдердің үлес-салмағы қандай?

Назира Тоғызбаева: Наурызбай ауданы бойынша мемлекеттік қызмет саласында 48%, қоғамдық және құқық қорғау саласында 60% қызметкердің үлесі әйелдер қауымына тиесілі. Оның ішінде басшылық деңгейдегі әйелдердің үлесі 40% пайызды құрап отыр.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға