Жаңалықтар

Нәзік жанды ару кеншілермен иық тіресе еңбек етіп жүр

Нәзік жанды ару кеншілермен иық тіресе еңбек етіп жүр
Фото: © Алексей ПИМЕНОВ 15.07.2023 14:00 2438

Металлургия саласы дегенде бірден көз алдымызға ерлер қауымын елестетеміз. Десе де, шахталардың, балқыту пештерінің маңайында ер азаматтармен бірге иық тіресе жұмыс істеп, еңбектің көрігін қыздырып жүрген әйелдер де бар. El.kz ақпараттық агенттігі осындай нәзік жандының бірін сөз етпек.

Ол – Тынай Сұлтанғұлова. Бүгінде Тынай Еуразиялық топ құрамындағы (ERG) «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатында шахтерлер мен материалдарды жер астына түсіріп-көтеретін клетті басқарып отыр.

Ақтөбе өңірінің кенді өлкесі Хромтау қаласындағы шахталардың бірінде еңбек ететін Тынай  Абдуллақызының суреті биыл металлургтер күніне орай комбинаттың Құрмет тақтасына ілінді. Бұл өз ісін жауапкершілікпен орындайтын қызметкер үшін күтпеген жаңалық болды.

Өндірісте жұмыс істемейтіндерге таңсық болғанымен, Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинаты үшін «оқпаншы-сигналшы» қызметі үлкен мәнге ие. Шыңырауға шахтерлер мен материалдарды түсіріп-көтеретін клетті тізгіндеп отыру оңай іс емес. Әсіресе әйел адамның дәл осы қызметті жауапкершілікпен алып жүруі құрметке лайық. Бала күнінен саусақтары домбыра шерткен Тынай Сұлтанғұлованың шахта оқпанында «Стоп» сигналдарын басқарып келе жатқанына 13 жылдай болыпты.

Менің негізгі мамандығым – музыка жетекшісі. Бірнеше жыл балабақшада бала күтуші әрі музыка жетекшісі болдым. 1989 жылы жолдасымның айтуымен Ақтөбенің Алға ауданынан Хромтауға қоныс аудардық. Ол Дөң тау-кен байыту комбинатының «Молодежная» шахтасына жарушы болып қызметке тұрды. Қазір ол мен еңбек ететін шахтада сорғы жабдығының машинисі қызметінде. Біраз уақыт өткен соң, бала-шағаның қамын ойлап, жолдасыма көмек болсын деп мен де комбинатқа жұмысқа тұрдым. Бүгінгі таңда жалғыз ұлым Мұрат та кәсіпорынның жөндеу цехында еңбек етеді, – дейді ол.

Ақжарқын мінезді, жүзінен нұры төгілген Тынай Абдуллақызына қарап, оның кеншілерді Жер-Ананың қойнауынан кен өндіруге аттандыратын аса жауапты істің иесі екенін бірі білсе, бірі білмес. Жүк көтеру салмағы 15 тоннаға дейін баратын клеттің әрбір қозғалысы оның қолында.

Шахтада жерасты және жерүсті оқпандары бар. Мен жердің бетіндегі оқпаншымын. Біздің міндетімізге – стационарлы телефон арқылы нұсқаушылармен байланыса отырып, уақытылы, дер кезінде адамдар мен материал тиелген платформаларды клетпен жіберіп отыру жатады. Сондай-ақ темір-терсек, бекітпелер, шпалдар, электрқозғалтқыштар секілді түрлі материалдарды да түсіру оңай емес, – дейді нәзік жанды.

Сондай-ақ, ол әр ауысымға келген сайын ойында «адам өмірі» деген бір-ақ нәрсе тұратынын айтты. Себебі ол клеттегі жұмысшыларды еш жазатайым оқиғаларсыз төменге жіберіп, олардың аман шығу үшін жауапты. «Стоп» жазуы бар қызыл батырмаларды ерекше мұқият басып отыру қажет.

Ең алғаш рет жұмыс орныма келгенімде мұндағы клет бөлімі мені қайран қалдырды. Ал сигналшы отыратын басқару пульті бөлмесінен қорықтым. Жауапты іске аяқ басып жатқанымды сонда түсіндім. Игере алмай қалсам, не істеймін деп ойладым. Алдымен жұмыстың басты қағидаларымен таныстым. Менің жұмысым мұқияттылықты, шапшаңдықты талап етеді. Мұнда өндірістің тоқтап қалмауы мен апатты жағдайлар орын алмас үшін барынша қауіпсіздік техникасын сақтау қажет, - деді ол.  

Алайда ол осы қызметке тұрғаннан бастап-ақ өзіне тәлімгерлік еткен Мәншүк Матвиенко есімді тәжірибелі оқпаншының үйретуімен аз уақытта оқпаншы-сигналшы мамандығының қыр-сырын жете түсініп, өз міндетін еш іркіліссіз атқаратынын айтты. Ал бүгінде өзінің де жетекшілігінен шыққан небір мықты сигналшы арулар осы шахтада еңбек етіп жүр. Ұжымын екінші отбасындай көретін кейіпкеріміз өндірісте бірлескен күшпен әрекет ету керектігін айтады.

Біздің жұмыс төрт ауысымнан тұрады. Барлығын санағанда он шақты адамбыз. Ұжымым өте тату. Әріптестердің барлығы бір-біріне көмектесуге дайын тұрады. Менің ұжымымда мұндай марапатқа менен де лайықты адамдар бар, – деді Тынай Абдуллақызы.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтада скипті-клет, солтүстік-желдеткіш және қосалқы оқпандары болса, Тынай Абдуллақызы  скипті-клет оқпанын басқарады. Басқару пульті бөлмесінде отырып, горизонттарға түсіп бара жатқан әр жұмысшының ісіне сәттілік тілеп, жер астынан көтерілгендерге күннің нұрындай мейірімін шашып, қарсы алар қызметкерді олар өз анасындай жақсы көреді. Маңайына «апалап» барып амандасар жігіттердің өндірістен шаршаған сәттерін жылы жүзімен сейілтіп тастайтындай-ақ. Материалдарды таситын жұмысшыларды өз баласындай көретіні соншалық, кейде олардың сулы киімдерін жылытқышқа жайып, суық тиігізіп алмауларын ойлап отырады.

Бала күнінен әсем әуенге құштар болып, өздігінен домбыра аспабын қолына алған қызметкердің терме айтатын өнері бар. Сағымқожаның, Ақтамбердің термелерін шырқайтын кейіпкеріміз бос уақытын осы іспен өткізеді. Ақ адал еңбегімен көпке үлгі, жұмыс күнінің әр таңын ризалықпен атыратын адал жар, ардақты ана, сүйікті әже, сыйлы әріптес Тынай Абдуллақызы – өзін өндірістің бір бөлшегі санайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға