Жаңалықтар

Назерке Жақсылықова: «Экскурсия – өнерді дәріптеудің таптырмас мүмкіндігі»

Ел көп біле бермейтін сала жайлы аз-кем сөз
Назерке Жақсылықова: «Экскурсия – өнерді дәріптеудің таптырмас мүмкіндігі»
27.05.2019 10:01 8838

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақытқа байланысты «Біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адам» деп ерекше атап өткен болатын. Осыған орай Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің экскурсия жүргізушісі Назерке Жақсылықовамен сұхбатымыз экскурсовод мамандығының қыры мен сыры, қиындықтары, жұмысқа қабылдану талаптары жайлы тақырыптар төңірегінде қозғалды.

Назерке ханым, гид-экскурсия жүргізушісі (гид-экскурсовод) болу үшін қандай мамандық таңдау керек?

– Бұл сұраққа жауап бермес бұрын алдымен Қазақстанда аталмыш мамандыққа даярлайтын санаулы ғана оқу орындарын айта аламыз. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті және Еуразия гуманитарлық институты (ЕАГИ) сынды білім ордалары бар. Мамандық атауы «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» деп аталады.

Ал, бүгінгі күні еліміздегі экскурсия жүргізушілері жоғарыда аталған мамандықтармен қатар тарих, археология, этнография, этимология, филология, журналистика салалары бойынша білім алған қызметкерлер жұмыс істейді.

 

Гид пен экскурсоводтың айырмашылығын айтып өтсеңіз...

– Гид –  белгілі қалаға келген туристерге қала бойынша турды бастаушы, сондай-ақ аудармашы, шетелдік және отандық туристерге сауда-саттық негізінде түрлі саяхаттарды ұйымдастырып, оның есеп мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстардың бағдарламасын жасаушы қызметкер.

Ал, экскурсия жүргізушісі – белгілі бір музей бойынша: ондағы хронологиялық бірізділікпен орналасқан залдарды таныстырушы, аудармашы. Және шетел қонақтары мен қазақстандық келушілерге еліміздің тарихы мен мәдениетінен экспозиция бойынша ақпарат беруші маман.

 

Еліміздегі гид жұмыстарының хал-ахуалы қалай?   

– Елімізде гид жұмысының деңгейі жақсы көсеткішке ие. Гид – Қазақстанға келуші туристердің алғашқы көмекшілерінің бірі. Олар қонақтарды қарсы алып, астанамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы барлық мәдени орындарды кеңінен таныстырады. Қазіргі таңда бұл мамандық соңғы уақытта өте қарқынды дамып отыр. Мысалы, көптеген туристик фирмаларда жұмыс істейтін гидтер бірнеше шетелдік тілді еркін меңгерген және Ұлы Дала – тарихы мен қазіргі келбетін кеңінен таныстырып, өз үлестерін қосып келеді.

Жас талапкер гид-экскурсовод жұмысына қандай шарттармен қабылданады?

– Қазіргі кезде өзім қызмет ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Экскурсия жүргізушісі» қызметіне орналасу арнайы конкурс түрінде өтеді. Оның өзі бірнеше этаптан тұрады. Алдымен өзі жайлы анықтама құжаттарын тапсыру (түйіндеме), одан кейін кеңесу процесі (бұл қызмет жұмысқа орналасушыны қаншалықты қызықтырады, музейге келушілердің жасы мен мүмкіндігіне байланысты қалай жұмыс істей алады секілді тақырып бойынша әңгіме өрбиді). Келесі этап – әр түрлі залдардың экскурсиялық мәтіндерін беріп, дауыс дикциясы, өзін-өзі ұстау мәдениеті, ақпаратты беру техникасы және өзіндік методикасына баса назар аударылады. Осы кезеңдерден өтсе, экскурсия жүргізушісі маманы бола алады.

 

Білімі мен жас мөлшері қандай болу керек?

– Білімі – тарих, археология, филология сынды мамандықтарды игерген және жас мөлшері бойынша нақты шектеу қойылмаған деуге болады. Қала бойынша саяхат жүргізуші гидтер мен экскурсия жүргізушілердің жастары шамамен 20-45 жас аралығын қамтиды.

Гид-экскурсовод саласы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында қандай істер атқарылып жатыр?

– Биылғы жыл «Жастар жылы» деп бекітілуіне орай еліміздегі бірқатар жастардың білімі мен біліктілігін, қызмет мансабын арттыруына мол мүмкіндігі бар. Сондай-ақ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалар аясында ҚР Ұлттық музейде әр түрлі актуалды тақырыптар төңірегінде конференциялар мен мектеп оқушыларына арналған тақырыптық экскурсия жұмыстары да ұйымдастырылып келеді.

 

Бұл мамандықтың қандай қиындықтары бар?

– Кез келген мамандықтың қиындығы мен қызығы қатар болады деп ойлаймын. Алдымен қызығына келер болсақ, әрдайым қызметіміздің сапасын арттыру үшін әдіскер мамандармен қарқынды жұмыс жүргізілуі, музей қонақтарының жас мөлшеріне байланысты экскурсия жұмыстары (яғни мектеп жасына дейінгі балалар болса, мәтін экспозиция барысын жеңілдеу, оларды жас мөлшеріне байланысты қызықты сұрақтар қоя отырып жүргізу істері), өнердің әр түрлі жанрында орындалған картиналар туралы ақпарат іздеу және мәтін құрастыру және тағы сол сияқты.

Ал қиындығы – таңертеңнен жұмыс уақытының соңына дейін үзіліссіз сөйлеу, аудиторияға бейімделу, аз уақыт ішінде жаңадан қосылған экспонат туралы ақпарат меңгеріп алу секілді жұмыстарды айтуға болады.

Маған гид-экскурсия жүргізушісі болып жұмыс істеген ұнайды.  Бұл саладағы мен сияқты жас бітіруші түлекке Тас дәуірден бүгінгі күнге дейінгі еліміздің тарихы мен мәдениетін таныстыру – үлкен құрмет пен зор мәртебе. Музейлерге көптеген делегация өкілдері, қазақстандық және шетелдік қонақтар келеді. Жұмыс өте қызықты, кейде уақыттың қалай өткенін білмей қаламыз.

 

Назерке ханым, экскурсоводтың мансаптық жоғарылауы қалай өтеді?

– Экскурсия жүргізушісі, әдіскер, бөлім меңгерушісі, бөлім басшысы және ары қарай өзінің білімі мен біліктілігіне сәйкес одан да жоғары сатыларға көтеріле алады. «Генерал болуды армандаған солдат, солдат емес» демекші, кез келген адамның жоғарғы мансапты қызметке орналасуына мүмкіндігі бар.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі тарапынан экскурсовод мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?

– Өте орынды сұрақ. Жақында ғана 2019 жылдың ақпан айында Нұр-Сұлтан қаласы экскурсия жүргізушілерінің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында Ресей спикерлері А. Кузнецов, М. Чекмарева, Е. Королькова сынды тәжірибелі мамандар арнайы курс өткізген болатын. Осындай жұмыстар атқарып жүрген жұмысымыздың қыры мен сырын меңгеруге зор мүмкіндік туды деп білемін.

 

Сіздің ойыңызша, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіндегі құнды жәдігерлер ғылыми тұрғыдан қаншалықты зерттеліп келеді?

– ҚР Ұлттық музейде «Халық Қазынасы» ғылыми-зерттеу институты, физикалық лаборатория, реставрация шеберханалары, зертханалар, сондай-ақ қолайлы климаттық жағдайы бар арнайы қор сақтау орындары құнды экспонаттарды ғылыми тұрғыдан зерттеу мен қайта қалпына келтіру істері бойынша жұмыстар атқарылып келеді.

 

Заманауи экскурсовод қандай болуы керек?

– Заманауи экскурсия жүргізушісі – ең алдымен тәрбиелі, төзімді, бірнеше тілді еркін меңгерген, сауатты және психологиялық тұрғыдан мықты болуы керек деп ойлаймын.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіндегі экскурсоводтың қазақстандық және шетелдік экскурсоводтармен байланысы қандай деңгейде?

– Байланысы өте тығыз деп айта аламын. Себебі, ҚР Ұлттық музейдің басты жобаларының бірі – «Алтын Адамның әлем музейлеріне шеруі» атты бағдарламасы аясында шетелге іс-сапармен шығатын экскурсия жүргізуші сол елдің экскурсия жүргізушісімен тәжірибе алмасып, кеңесуге мүмкіндігі бар.

 

Экскурсовод мамандығы қандай өнер саласымен тығыз байланысты деп ойлайсыз?

– Экскурсия жүргізушісі өнердің барлық салаларымен тығыз байланысты. Себебі негізгі ақпараттық залдармен қатар, көптеген уақытша көрме залдарында өнердің әр саласы бойынша көрме ұйымдастырылады. Мысалы, сурет өнерінің өзі іштей: графика, кескіндеме, декоративтік қолданбалы өнер, мүсін ісі, архитектура, дизайн атты салаларға бөлінеді. Яғни, осы тұста біз экскурсия жүргізушілері, көрмеге қойылған жәдігерлердің жасалу стилі, жанры, ерекшелігі туралы нақты дерек көздері бойынша ақпарат беруге міндеттіміз. Экскурсия – өнерді дәріптеудің таптырмас мүмкіндігі дер едім.

 

Экскурсовод болу үшін адамға қандай қасиеттер керек?

– Алдымен білім мен сауат. Шыдамдылық, дикцияның таза болуы, аудиторияға тез арада бейімделгіш және мәтінді тез меңгере алатын қасиеттері болуы тиіс.

Дәстүрлі сұрақ. Экскурсовод ретінде қандай кітаптарды оқуға және фильмдерді тамашалауға кеңес берер едіңіз?

– Енді экскурсия жүргізушісінің негізгі жұмыстары – музей қонақтарына залдарды айтып түсіндіру, экспозиция бойынша мәлімет беру. Бұл жұмыс тарих пен өнер салаларына тікелей байланысты болғаннан кейін, тарихи энциклопедиялар мен ғылыми әдебиттер, сондай-ақ, мақалаларға кеңірек жүгінген жөн. Ал фильмдерге келер болсақ, аудиториямен, әр түрлі жас мөлшеріндегі қонақтармен жұмыс істегендіктен, көпшілікпен байланыс орнатуға бағыттайтын педагогикалық фильмдерді көруге кеңес берер едім.

 

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіндегі экскурсоводсыз. Алдағы жобаларыңыз бен жоспарларыңыз қандай?

– Мен Қазақсатан Республикасы Ұлттық музейіндегі еңбек өтілі мен тәжірибесі аз маман ретінде алдағы жоспарларым өте көп. Ұлттық музей – кәсіби дамуға қолайлы кеңістік. Қазіргі кезде кәсіби түрде мамандану көптеген жоба мен шоу-бағдарламаларлды атауға болады. Мысалы, «Алтын Адамның әлем музейлеріне шеруі», «Аңыз Адам», «Жұлдызды гид», «Мәдени мұра» ғылыми-ақпараттық журналы және тағы басқалар.

Бірақ негізгі мақсатым – өзімді жеке тұлғалық жағынан дамыту, өз ісімді кәсіби жоғары деңгейде атқару деп білемін.

(Суреттер  Назерке Жақсылықованың  жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға