Жаңалықтар

Назарбаеваның пиар-менеджері, анасы қазақша сөйлеген. Дүниеден өткен Владимир Рерих туралы не білеміз?

Назарбаеваның пиар-менеджері, анасы қазақша сөйлеген. Дүниеден өткен Владимир Рерих туралы не білеміз?
Фото: Forbes 22.01.2024 09:37 17122

Күні кеше 67 жасына қараған шағында белгілі медиаменеджер Владимир Рерих өмірден өтті. 90-жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында қазақ телевизиясында жұлдызы жанған Владимир Рерих туралы не білеміз? Бұл туралы El.kz ақпарат агенттігінің шолуынан оқи аласыздар.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары  Поволжьенің немістері ұлттық мемлекеттілігінен айырылып, түгелдей қуып жіберілді. Рерихтың анасы мен әжесі Поволжьенің немісі. Ал әкесінің ұлты қарашай. Олар Қазақстанға жер аударылған. Талдықорғанда танысып, отбасын құрған.

Біздің үйдегілер қос тілді болды. Үйде неміс және орыс тілдерінде сөйлейтін. Әжемнің орысшасын қатты акцент бар еді. Аздап қазақша да түсініп, тіл қататын. Бірақ негізінен неміс тілінде сөйлейтін. Айтпақшы, анам қазақ тілін жетік білетін, – дейді Владимир Рерих бір сұхбатында.

Ол өзі 1958 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. Көпшілікке Дариға Назарбаева медиакеңістіктегі кеңесшілерінің бірі ретінде танылды. Өйткені 1996 жылы сол кезде жаңадан құрылған «Хабар» агенттігінің басшылығына келді. Бірақ сұхбаттарының бірінде журналистің өзі «мен ешқашан өзімді біреудің қанатының астында жүргендей сезінбеппін, мен Дариға Назарбаевамен тең дәрежедегі серіктес болдым» деген.

Қандай дәрежедегі серіктес болғаны белгісіз, бірақ Дариға Нұрсұлтанқызына қатысы бар жобалардың барлығында жүрді. «Хабардан» бөлек, 2000 жылдардың басында құрылған «Асар» партиясында белсенді қызмет етті. Еуразия медиаформының продюсері де болды.

«Хабар» алғаш келгенде бағдарламалар бөлімінің директоры, кейін бас директордың орынбасары, агенттіктің вице-президенті, арнаның бас директоры секілді қызметтер атақарды. Бұл 1996-2003 жылдар аралығы болатын. Сол жылдары «Майдан», «Что делать?», «Формула личности» секілді бағдарламаларды жүргізді.

Өткен ғасырдың соңғы жылдарында «Хабар» көпшіліктің сүйіп көретін арнасына айналды. Ол сол тұста Президент әкімшілігінен мүлдем қоңырау түспейтінін айтады.

Президент әкімшілігінен мүлдем қоңырау болған емес. Квантел өңдеу кестелері графикалық сурет салуға мүмкіндік берді және біз Қазақстанның қай қалаларында электр жарығы жоқ екенін, қай жерде электр жарығы сөніп жатқанын, не себепті телефон арқылы ақпарат алатынын көрсеттік. Шынайы көрініс беретін материал көп болды, - дейді марқұм Вадим Борейкоға берген сұхбатында.

Ол 1997-2001 жылдар нағыз керемет кезең болды деген еді. Дариға Назарбаева сол тұста қатты сенім артыпты. 2000 жылдардың басында «Хабар 2» деген тек 100 пайыз қазақ тілінде арна ашылған. Кейін оның аты «Еларна» деп өзгерді. Владимир Рерих бұл өзінің идеясы болғанын айтады.

Дариға Назарбаева «Асар» партиясын құрғанда Владимир Ахмадьяновичте қасынан табылды. 2003-2005 жылдары партияның саяси кеңесінің мүшесі болды. 2004 жылы Мәжіліс сайлауына кандидат ретінде тіркелді. Бірақ төменгі палатаға өте алмады. Тіпті, «Асар» газетінде редактор да болды.

 Еңбек жолын орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі болып бастаған Владимир Рерих Еуразия медиаформының продюсері қызметін атқарды. Дариға Нұрсұлтанқызының кезекті медиа жобасының аяққа тұруына өз үлесін қосты.

Назарбаеваның пиар-менеджері, анасы қазақша сөйлеген. Дүниеден өткен Владимир Рерих туралы не білеміз?Андрей Игнатченко (Фото,ulysmedia.kz)

Қазақстаннан кетер алдында бірнеше жыл «Поздний Рерих» бағдарламасын жүргізді.

Бағдарламасын жауып тастағанда көңілі қалып, елден кетуге шешім қабылдады. Нағашыларының елі Германияға көшті. 2012 жылдан өмірінің соңына дейін Берлинде тұрды.

Айтпақшы, «Хабарда» жүргенде белгілі тележүргізуші Дана Нұржігітпен отау құрды. Әлім атты ұлы бар. Былтыр желтоқсан айында бұрынғы жұбайы баласын ертіп, Германияға да барып қайтты. Кеше өмірден өткенде сағынышқа толы жазбасын да арнады. Соңында кешірім сұраған.

1996 жылы 11 наурызда танысқан өзіңмен 2000 жылдан 15 жыл отастық. Ұлды болдық. Түсініспеген жерден мен Қазақстанда қалып, сен Германияға кеттің. Бірақ сен менің тұлға болып қалыптасуыма, маман болып өсуіме,ана болып бала тәрбиесінде неге мән беру керектігіме зор ықпал еттің, ақылшым, сапалылық, даналық, ар, кәсібиліктің билік өлшемі болдың. Парасатың,білімің, шешендік өнерің,зиялылығың ерекше еді. Желтоқсанда барамыз деп Берлинге билет алғаным жоспарлы сапар болған жоқ, қазан айында өзімнен өзім баланы саған апарғым келді. Соңғы кездесу боларын кім білген, Володя! Балаң өзіңді көріп, биылғы туған күніңмен бірінші болып құттықтағаны соңғы рет екен ғой… Мына дүниеден тыныштық таппаған, түсіністік таппаған жаның жәннәттан рахат тапсын! Кешір мені!,- делінген жазбада. 

Назарбаеваның пиар-менеджері, анасы қазақша сөйлеген. Дүниеден өткен Владимир Рерих туралы не білеміз?

Оның бірінші әйелінен де бір ұл, бір қызы бар. Олардың ешқайсысы Қазақстанда қалмаған. Шетелге көшіп кеткен. Қызы тұрмысқа шыққан. Австрия астанасы Венада тұрады. Ұлы Германияда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға