Назарбаев университеті студент қыздың мәлімдемесіне қатысты жауап берді
– Назарбаев университетінің студенті айтқан, тексеруді талап ететін сексуалдық сипаттағы құқық бұзушылық жағдайлары туралы ақпарат бойынша Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының полиция басқармасы тиісті процессуалдық әрекеттерді жүргізіп жатыр. Университет кез келген зорлық-зомбылық әрекетіне мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанады және тергеуге жан-жақты көмек көрсетеді, – деп хабарлады Назарбаев университетінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін әлеуметтік желіде белгісіз бойжеткен бейнеүндеу жасап, Назарбаев университетінің зорлық-зомбылық ордасына айналғанын айтқан.
Аталған мәселе Ішкі істер министрлігінің бақылауына бірден ілінді. Полицияда тексеру жұмыстары басталғанын айтты.
– Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында жас қыздың бейнеүндеуі анықталды. Ол Назарбаев университетінің профессорлық-оқытушылық және техникалық персоналы тарапынан қысым көрсету және зорлау жағдайлары, сондай-ақ жоғары курс студенттерінің төменгі курс қыздарына қысым көрсету фактілері жайында мәлімдеді. Бұл бейнеүндеу "Есіл" ауданының полиция басқармасында тіркелді, — делінген полиция ақпаратында.