Наурыздағы ҰБТ-дан жүздеген талапкер шеттетілді

 ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Қазақстанда 2026 жылғы наурыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) шамамен 179 мың талапкер қатысты. Тестілеуге қатысушылардың басым бөлігі қазақ тілін таңдаған. Орташа балл 66-ны құраса, ең жоғары нәтиже 140 баллға жеткен.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, талапкерлердің 75 пайызы тесті қазақ тілінде тапсырған. Орыс тілін таңдағандар – 25 пайыз, ал 157 адам ағылшын тілінде сынақтан өткен.

Жалпы, қатысушылардың 70 пайызы шекті баллдан өтті. Бес пән бойынша орташа нәтиже 66 балл құрағанымен, ең жоғары көрсеткіш 140 баллға жетті.

Ең жоғары нәтиже көрсеткен талапкер

Үздік нәтижелердің бірін Атырау облысының түлегі Жазира Кеңесова көрсетті. Ол төрт пән бойынша 90 балл жинап, қосымша KAZTEST сертификатын пайдалану арқылы қазақ тілі пәнінен балдарын конвертациялаған. Нәтижесінде оның жалпы көрсеткіші 140 баллға теңесті.

Апелляция және комиссия қорытындысы

Талапкерлер тест тапсырмаларының мазмұны бойынша апелляцияны тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде бере алған. Ал техникалық себептерге қатысты шағымдар емтихан барысында қабылданды.

Жалпы саны 31 мыңнан астам өтініш тіркелген. Соның ішінде 17 бірегей тест тапсырмасы бойынша апелляциялар қанағаттандырылды. Қазіргі таңда республикалық комиссия өз жұмысын аяқтап, талапкерлердің сертификаттары жеке кабинеттерде қолжетімді болды.

Таңдалған пәндер мен қатысушылар ерекшелігі

Ең танымал пәндер комбинациясы – «Математика-Физика», оны талапкерлердің 18,7 пайызы таңдаған. Екінші орында «Биология-Химия» (16,5 пайыз). Ал алғашқы үштікке 10,3 пайыз қатысушы таңдаған шығармашылық емтихан да енді.

Тестілеуге ерекше білім беру қажеттіліктері бар 408 талапкер қатысып, олар үшін арнайы жағдай жасалды.

ҰБТ барысында барлығы 264 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 130 талапкер тыйым салынған заттарды (смартфон, шпаргалка және т.б.) алып өтпек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді.

Тағы 134 адам емтихан кезінде тәртіп бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Айта кету керек, бөгде адамның орнына тест тапсыру деректері тіркелмеген.

ҰБТ-2026 аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға қосымша талдау жүргізіледі. Егер ереже бұзушылықтар анықталса, тест нәтижелері жойылуы мүмкін.

Оқи отырыңыз