©El.kz/Артем Чурсинов

Наурызда қайда баруға болады: Астана, Алматы және Шымкентте өтетін іс-шаралар тізімі

Биыл қазақстандықтар Наурыз мейрамында бес күн қатарынан демалады. Бұл – мерекелік көңіл күйді сезініп, жәрмеңкелер мен өзге де іс-шараларды тамашалауға таптырмас мүмкіндік. Осы орайда 21, 22 және 23 наурыз күндері еліміздің үш мегаполисінде өтетін ең қызықты фестивальдер мен концерттерге арнайы тоқталдық.

Астанада қайда баруға болады

Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, елордада Наурыз мейрамына орай кең ауқымды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады. 21-22 наурыз күндері қаладағы тұрғын алаптарда «Наурыз мейрамы» атты жаппай халықтық серуендер өтеді. Мерекелік шаралар қаланың әртүрлі аудандарында ұйымдастырылады:

Алматы ауданында – «Жерұйық» саябағында және «Железнодорожный» тұрғын алабында;

Нұра ауданында – «Жағалау» және «Айғыржал» скверлерінде;

Сарайшық ауданында – «Интернациональный» және «Промышленный» тұрғын алаптарында;

Байқоңыр ауданында – «Өндіріс» және «Кирпичный» алаптарында;

Есіл ауданында – «Бағыстан» және «Пригородный» тұрғын алаптарында;

Сарыарқа ауданында – «Наз» би театры мен «Қорғалжын» сквері маңында.

Сонымен қатар қалада бірқатар ерекше іс-шара жоспарланған:

20-21 наурыз – EXPO аумағында заманауи технология элементтерімен жабдықталған киіз үй орнатылады. Оның ішінде LED-экрандары бар интерактивті аймақ жұмыс істейді. Келушілерге робот-ит пен дрон-полицей көрсетіліп, түрлі ойындар мен әлеуметтік акциялар ұйымдастырылады;

21-22 наурыз – «Қазақ елі» алаңында гуманоидтардың қатысуымен қойылымдар өтеді;

21-23 наурыз, сағат 14:00-ден бастап – EXPO халықаралық көрме орталығында шығармашылық ұжымдардың концерті, ұлттық ойындар мен жарыстар ұйымдастырылады;

21-22 наурыз – елорданың алты орамында 30-дан астам алаңда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Атап айтқанда, қазақ күресі, қой көтеру, арқан тарту, асық ату, қол күрес және гір көтеру сайыстары жоспарланған.

21 наурыздағы іс-шаралар

Сағат 16:00-де Astana Opera театрында «Айсұлу» операсы ұсынылады (кіру – билетпен);

Сағат 16:30-да Астана қуыршақ театрында «Наурыз келді – көктем келді!» қойылымы өтеді (Республика даңғылы, 3);

Сағат 19:00-де Музыкалық жас көрермен театрында «Абай-Тоғжан» спектаклі сахналанады;

Сағат 19:00-де «Жастар» театрында «Көзімнің қарасы» қойылымы өтеді;

Сағат 19:30-да «Взлетный» ресто-барында Слава Никифоровтың импровизациялық концерті өтеді;

Сағат 20:00-де Astana Ballet театрында Therapy. Jazz Night концерті ұйымдастырылады;

Сағат 22:00 және 22:45-те Garage music bar-да мерекелік stand-up концерті өтеді (Кравцов көшесі, 6).

22 наурыздағы іс-шаралар

Сағат 18:00-де Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық-драма театрында «Шеңбер» пьесасы қойылады (Қуанышбаев көшесі, 8/1);

Сағат 19:00-де Музыкалық жас көрермен театрында «Қыз Жібек» спектаклі өтеді;

Сағат 20:00-де «Конгресс холлда» Мақпал Жүнісованың жеке концерті өтеді;

Сағат 21:30-да Pozitiv барында «Бауырсақ SHOW» әзіл-сықақ кеші ұйымдастырылады (Ғабдуллин көшесі, 18).

23 наурыздағы іс-шаралар

Сағат 16:00-де Астана қуыршақ театрында «Наурыз келді – көктем келді!» қойылымы қайта көрсетіледі;

Сағат 19:00-де «Жастар» сарайында «Сағыныш сазы» атты қазақ ретро музыка кеші өтеді;

Сағат 19:00-де Қуанышбаев атындағы театрда «КҮЙ» спектаклі сахналанады.

Алматыда қайда баруға болады

Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, Наурыз мейрамына арналған басты мерекелік іс-шара 21 наурыз күні сағат 11:00-ден 22:00-ге дейін Астана алаңында өтеді. Бағдарлама музыка, театр, өнер және интерактивті аймақтарды біріктіріп, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше мерекелік көңіл күй сыйламақ.

Алаңдағы үлкен сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Олардың қатарында Медеу Арынбаев, Сәкен Майғазиев, Нұржан Керменбаев, Ернар Айдар, Жарқынай Ханайым, Ален Самыкенов, Әбік Жексен, Жұлдыз Өмірғали, Диная, Салтанат Бақаева, Мөлдір Әуелбекова, Әсет Есжан, Әзімбек Байлин, Ерден Жақсыбек, Мұхтар Ханзада, Нұрсұлтан Нұрбердиев, Талғат Күзембаев, Нұрмұхаммед Жақып бар. Сонымен қатар «Дос-Мұқасан», «Ұлытау», «KeshYOU», «Алашұлы» топтары да сахна көркін қыздырады. Мерекелік концертке шетелдік әнші Роза Зергели де қатысады деп күтілуде.

21-23 наурыз аралығындағы іс-шаралар

Абай алаңында түркі халықтарының қолөнер жәрмеңкесі ұйымдастырылады (кіру тегін);

Панфилов көшесінде «Жеті қазына» атты LED-экрандар аллеясы мен «Алматы AI» жарық туннелі жұмыс істейді (кіру тегін);

Жібек жолы – Панфилов көшелері қиылысында NAURYZ: QazaqSound концерттік бағдарламасы және Robo-DJ шоуы өтеді (кіру тегін);

Осы аумақта DreamLight жарық шоуы ұсынылады (кіру тегін).

21 наурыздағы іс-шаралар

Сағат 12:00-де Байтен Омаров атындағы «Жас Сахна» театрында «Ақшақар және жеті ергежейлі» спектаклі өтеді (Абая даңғылы, 117);

Сағат 12:00 және 16:00-де «Тотальный театрда» «Алладин» қойылымы көрсетіледі (Шевченко көшесі, 117);

Сағат 18:00-де Жамбыл атындағы филармонияда Ғабит Несіпбаевтың «Вивальди әуендері» атты орган музыка кеші өтеді (Қалдаяқов көшесі, 35);

Сағат 19:00-де Almaty Arena-да Duisenbi, 6ellucci және Ninety One қатысатын NonStop Music Fest фестивалі өтеді;

Сағат 20:00-де Республика сарайында «МузАРТ» тобының концерті ұйымдастырылады;

Сағат 20:00-де «Мотор» клубында Антоха MC концерті өтеді (Назарбаев көшесі, 50);

Сағат 22:00-де Central Stand Up Club-та «Мне стыдно» атты әзіл-сықақ кеші өтеді (Қабанбай батыр көшесі, 71).

22 наурыздағы іс-шаралар

Сағат 15:00, 17:00 және 19:00-де «Колос» мәдениет үйінде иллюзионистердің карнавалы өтеді (Гёте көшесі, 263);

Сағат 19:00-де «Жас Сахна» театрында «Қош, махаббат» мюзиклі сахналанады;

Сағат 19:00-де «Неквартира» кеңістігінде «Шансонье» акустикалық кеші өтеді (Текстильная көшесі, 14);

Сағат 19:00-де Барибаев көшесі, 36 мекенжайында Nauryz Live кеші ұйымдастырылып, dudeontheguitar, plecto және басқа да әртістер өнер көрсетеді;

Сағат 20:00-де «Музкафеде» JCS тобының музыкалық кеші өтеді (Абая даңғылы, 117).

23 наурыздағы іс-шаралар

Сағат 12:00-де Оқушылар сарайында «Золушка» интерактивті спектаклі өтеді;

Сағат 18:30-да Қожамияров атындағы Ұйғыр музыкалық комедия театрында «Абайдың жұмбағы» драмасы қойылады;

Сағат 19:00-де Жамбыл атындағы филармонияда «Камерата Қазақстан» камералық оркестрінің концерті өтеді;

Сағат 18:00 және 21:00-де Central Stand Up Club-та Айна Мусинаның жеке stand-up концерттері өтеді;

Сағат 20:00-де Республика сарайында «МузАРТ» тобының концерті қайта ұйымдастырылады;

Сағат 20:00-де EverJazz джаз клубында джаз және импровизациялық музыка кеші өтеді (Гоголь көшесі, 40б).

Шымкентте қайда баруға болады

Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметінше, 21 наурыз күні Әл-Фараби алаңында DamDastour гастрономиялық фестивалі өтеді. Бұл шарада отандық және шетелдік аспаздар өзара бақ сынап, бірнеше номинация бойынша үздіктер анықталады. Атап айтқанда: ең дәмді кәуап, ең дәмді палау, ең дәмді самса және ең үздік ұлттық тағам иелері марапатталады.

Фестиваль тек тағамдармен шектелмейді. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін ауқымды ойын-сауық бағдарламасы да ұйымдастырылады. Оның аясында Street style және K-pop бағытындағы би баттлдары, домбырашылардың өнер көрсетуі, батырлар шоуы мен цирк әртістерінің қойылымдары ұсынылады. Сонымен қатар мотобайкерлер шеруі, спорттық көліктер көрмесі және қолөнершілер жәрмеңкесі де өтеді.

21 наурыздағы іс-шаралар

Сағат 19:00-де Орыс драма театрында «Таңғы аспандағы жұлдыздар» спектаклі қойылады (кіру – билетпен).

22 наурыздағы іс-шаралар

Сағат 11:00-де Орыс драма театрында қазақ ертегісінің желісімен «Алтын сақа» қойылымы ұсынылады (кіру – билетпен);

Сағат 16:00-де қалалық циркте «Наурыз Duman» шоуы өтеді (кіру – билетпен);

Сағат 19:00-де «Разработка» театрында «Қылмыс орнынан қоңырау» спектаклі қойылады (Сайрам көшесі, 1/1);

Сағат 19:00-де Орыс драма театрында «Бальзаминовтың үйленуі» комедиясы сахналанады (кіру – билетпен).

23 наурыздағы іс-шаралар

Сағат 20:00-де «Атлас» мейрамханасында Bizdi sezin музыкалық тобы өнер көрсетеді (Төреқұлов көшесі, 2а, кіру – бронь арқылы);

Сағат 20:00-де Jaman bar-да Әділ Әбдіғапардың жеке stand-up концерті өтеді (Түркістан көшесі, 4, кіру – билетпен).

Айта кетейік, Наурыз мейрамы негізінен 21-23 наурыз аралығында атап өтіледі. 2026 жылы бұл күндер демалыс күндеріне сәйкес келгендіктен, қосымша демалыс 24 және 25 наурызға ауыстырылған.