Жаңалықтар

Наурыз – түркі халықтарына ортақ мереке

Наурыз – түркі халықтарына ортақ мереке
Фото: Коллаж El.kz 21.03.2024 10:00 3560

Биыл Наурыз мерекесі жаңаша тойлана бастады. Мемлекет басшысының бастамасымен Наурызнаманың онкүндігі жарияланып, 21 наурыз Ынтымақ күні болып бекітілді. Бұл күннің идеясы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттайды. Осы ретте  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі ынтымақ пен бірлікті ту етіп жүрген туысқан ұлттардан көктем мерекесін қалай қарсы алатынын сұрады.

Ынтымақ күні қоғамдағы қайшылықты азайтуға ықпал етеді

Наурыз – түркі халықтарына ортақ мереке. Сондықтан да Ұлыстың Ұлы күнін түркітілдес елдер ерекше сән-салтанатпен қарсы алады. Ұйғыр ұлтының өкілі Сахинур Рузиева Жетісу облысына қарасты Надек ауылдық клубының директоры болып жұмыс істейді. Айтуынша, Ұлыстың ұлы күнінің орны ерекше.

Наурыз мейрамы – көне дәстүр сабақтастығының белгісі саналатын, ұлттық мәдениетіміздің қайта түлеген ерекше мерекесі. Жыл сайын 22 наурызды өзіміздің Надек ауылы соның ішінде, Надек ауылдық клубының қыз-жігіттері мен мектеп әкімшілігі, көше комитеттері, мәдениет қызметкерлері, ауыл жастары бірлесіп ұлық мерекені жоғары деңгейде атап өтеміз. Ауыл тұрғындары қазақы нақыштағы ең жақсы киімдерін киіп шат-шадыман болады. Халық жиналып, барлығы дастархан жайып, жеті шелпегін пісіріп, біреулері наурыз көже дайындап әкеледі. Қазақтың ұлттық ойындары арқан тартыс, ләңгі тебу, қошқар, гыр тасын көтеру сияқты тағы басқа дәстүрлі спорт түрлерінен көше жарысын ұйымдастырады. Ән айтып, би билейді, – дейді Сахинур Рузиева.

Ұйғыр халқы да наурыз мерекесін ерекше қарсы алады. Дәстүр бойынша бірінші тазалық жұмыстарын жүргізіп, мереке кезінде әрбір үйге кіріп, арнайы құттықтап шығады.

Наурыз мейрамына тән салт-дәстүрлер де қалыптасқан. Оның ішінде ең маңыздысы – жаңаруға, тазалыққа бет бұру. Бұл күннің ерекшелігі, дәстүрлер мен құндылықтар жаңғырады. Ұлт пен ұлысты, туыс пен туғанды жақындастырады. Жалпы, халықтық мейрам ғана емес, жастарды табыстыратын мейрам деп айтуға болады, – дейді ол.

Мемлекет басшысының бастамасымен 21 наурыз Ынтымақ күні болып бекітілді. Бұл күні жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттайды. Осы ретте кейіпкерімізден бұл жөнінде қандай ойда екенін сұрадық.

Наурыз – түркі халықтарына ортақ мереке

21 наурыз Ынтымақ күні болып бекітілгені рас. Бұл күн мен үшін ауызбірлік, ортақ құндылықтар мен азаматтық бірегейліктің маңызын түсінуге жетелейтін күн. Ынтымақ күні азаматтарды бейбітшілікке, келісім мен төзімділікке қолдау білдіруге үндеп, әділ және  байқуатты қоғам құруда өзара сыйластықтың, ынтымақтастық пен бір-бірін қолдаудың маңыздылығын көрсетеді. Яғни, қоғамдағы қайшылықтарды азайтуға және қоғамның әр түрлі топтары арасындағы түсіністікті арттыруға ықпал етеді деп ойлаймын, – деді Сахинур Рузиева.

Осы ретте Сахинур қаншама ұлтты жылы қабылдап, өсіп өркендеуіне мүмкіндік жасаған қазақ еліне және мәдениет саласының басшылары мен ауыл әкіміне өз алғысын білдірді. Ұлыстың ұлы күнін ұйғыр халқы ерекше атап өтеді.

Мейрам күні ұйғырша бараң тігіліп, бараңның іші мерекеге сай безендіріліп, дастархан жайып, ұйғырлардың ұлттық тағамдары қатлима нан, әткән чай, ләңмән, саңза, петир тоғач, май самбус, манта, хошаң, гүл жутар, пияз нан, гөш нан, гөкәй нан, көк чөшүрә, тухум пошкал, йопурмақ саңза секілді ұлттық тағамдарды қояды. Сонымен қатар мейрам күні арнайы бөлінген алаңдарда ән айтып, би билеп, салт-дәстүрден үзінді көрсетіп, ұлттық ойындарын  ұйымдастырып, мерекенің мерейін асыра түседі, – деді Сахинур Рузиева.

Бауырмалдық пен қонақжайлықтың маңызын іс жүзінде көрсететін күн

Ал татар ұлтының өкілі Рамзия Есембаеваның жасы 74-ті алқымдаса да, Наурызды ерекше тойлайтынын айтты.

Жасым 74-те. Ұлтым татар, жолдасым қазақ. Алты баламыз бар, олардан 10 немере, 6 шөбере сүйіп отырмыз. Ағылшын және қазақ тілінің мұғалімімін. Қазіргі кезде Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы Шатлык татар және башқұрт этномәдени бірлестіктің басқару органының мүшесімін. Бұл күні біз қызықты іс-шараларды ұйымдастырамыз. Мерекелік концерттерге қатысып, ұлттық ойын, экскурсия өткіземіз, – дейді рамзия Есембаева.

Наурыз мейрамында олар қазақ, татар және башқұрт ұлтының ұлттық тағамдарымен дастархан жаяды екен.

Наурыз – түркі халықтарына ортақ мереке

Наурыз мейрамы – Қазақстан халқына ортақ мереке. 21 наурыз Ынтымақ күні болып бекітілуінің астарында үлкен мән жатыр. Балалар үшін туысқандық пен бауырмалдықтың, қонақжайлықтың маңызын іс жүзінде көрсетіп, үлкен тәрбие беретіні анық, – дейді татар ұлтының өкілі.

Кейіпкеріміз отбасында да қазақтың салт-дәстүрін сақтауға тырысатынын тілге тиек етті.

Шілдехана, тұсау кесу сынды дәстүрді жібермейміз. Немерелерімізге 7 атасының атын білуге үйретеміз. Ынтымақ күні бұл – Қазақстан халқы арасында достықты сақтау, өз Отанын сүйіп қорғау деп түсінемін, – дейді Рамзия Есембаева.

Айта кетейік, бүгін Наурызнаманың онкүндігінің 8-ші күні яғни, 21 наурыз – Ынтымақ күні.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға