Жаңалықтар

«Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы бойынша 9 мың өтініш қабылданды

«Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы бойынша 9 мың өтініш қабылданды
Фото: ©El.kz/Арман Мухатов 13.05.2024 12:16 928

ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында «Наурыз» бағдарламасы бойынша 9 мың өтініш қабылданғанын жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысуға ниет білдірген қазақстандықтар арасында 35 жасқа дейінгі қазақстандықтар көш бастап тұрғанын атап өтті.

«Наурыз» бағдарламасы бойынша өтініш жолдаған ең жас үміткер – Түркістан облысының 18 жастағы тұрғыны. Алматы, Астана және Шымкент қалаларымен қатар тұрғын үй сатып алу үшін ең көп таңдалған бес қала мен өңір қатарына Ақтөбе мен Алматы облыстары кірді. «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтінімдер жұмыс күндері сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін қабылданады. Баспана маркет платформасы (otbasybank.kz) сағатына орта есеппен 400 өтінімді қабылдауға қабілетті, – деді Ләззат Ибрагимова.

10 мамырдағы жағдай бойынша қазақстандықтар барлығы 17 432 өтінім жолдады, оның ішінде 8 945 өтінім сәтті қабылданған. Олардың жартысы тұрғын үйге кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерінен түскен.

«Отбасы банк» АҚ басқарушы директоры орталық филиал директоры Жансұлтан Матайдың айтуынша, 2 436 өтінім қабылданбай, кері қайтарылған.

Негізгі себеп клиенттердің депозиттерінде 1 млн теңге мөлшеріндегі қажетті сома жоқ болып шыққан. Бұл «Наурыз» бағдарламасына қатысудың негізгі шарттарының бірі. Сондай-ақ тұрғын үйі бар адамдардың да өтінімдері қабылданбады. Тағы 5 008 өтінім жолдану процесінде. Яғни мемлекеттік дерекқорлармен сәйкестендіру жүргізілуде және жүйе өтінімдерге ЭЦҚ көмегімен үміткерлердің қол қоюын күтуде, – деді Жансұлтан Матай.

Қатысушыларды дүрліктірмеу үшін өтінімдерді қабылдау мерзімі барынша ұзартылды. Үміткерлердің маусым айының соңына дейін бір жарым ай уақыты бар. Сондай-ақ өтінім беру күні мен уақыты ұпай санағанда ескерілмейтін болады.

Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін саралау басталады. Бағдарламаға қатысушылар тізіміне ең көп ұпай жинаған үміткерлер кіретін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға