Жаңалықтар

Наурыз мейрамында мектептер мен колледждерде қазақ күйлері орындалады

Наурыз мейрамында мектептер мен колледждерде қазақ күйлері орындалады
Фото: El.kz 14.03.2023 14:20 1476

17 наурыз күні барлық білім ұйымында елорда уақыты бойынша сағат 12:00-де «Наурыз мейрамы» ұлттық челленджі өтеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Аман Сейтов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Департамент басшысының айтуынша, шара білім алушыларды ұлттық рух пен отан сүйгіштікке тәрбиелеуге, елдің мәдени мұрасын сақтап, балалар арасында ұлттық музыкалық аспапты насихаттауға бағытталған.

Домбырашылар челленджі-балалар мен жастардың, мұғалімдер мен ата-аналардың музыкалық өнер саласындағы шығармашылық жетістіктерін көрсету және домбыраны дәріптеу. Оған барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Мұндай челлендж оқушылар арасында алғаш рет өткізіліп отыр. Осы жұма күні еліміздің барлық білім беру ұйымдарында бір уақытта домбыраның қоңыр үні күмбірлейтін болады. Бұл республиканың мәдени өміріндегі ерекше оқиға, - дейді Аман Сейтов.

Айта кетейік, биыл еліміздің барлық жалпы білім беретін мектептерінде Наурыз мейрамы 10-17 наурыз аралығында өтеді.

Бұл күндері жалпы республикалық «Таза табиғат» акциясы, «Жасыл үй» челленджі, «Қайырымды ұлт», «Қолөнершілер жәрмеңкесі» қайырымдылық акциялары, ұлттық ойындар, ұлттық тағамдар фестивалі, «Наурыз – ұлыстың ұлы күні» атты сурет байқауы және «Отбасы – бақыт мекені»отбасылық жарыс басталады.

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде #Наурызмейрамы #Наурызкүйі хэштегімен флешмобтар мен челлендждер жоспарланған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға