Жаңалықтар

«Наурыз» бағдарламасының алғашқы күнінде қанша өтінім қабылданды

«Наурыз» бағдарламасының алғашқы күнінде қанша өтінім қабылданды
Фото: ©El.kz/Арман Мухатов 26.04.2024 14:05 725

«Наурыз» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген қазақстандықтар арасында 24 пен 35 жас аралығындағы жас қазақстандықтар көш бастап тұр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ мәліметінше, 25 сәуір күні Баспана маркет (otbasybank.kz) платформасына алғашқылардың бірі болып астаналық әскери азамат өтінім жолдаған. Ол үш жылдан бері Отбасы банкіндегі депозитіне тұрғын үй төлемдерін жинақтап келеді. Қазір отбасымен бірге жалдамалы пәтерде тұрып жатыр екен.

Астана тұрғын үй сатып алу үшін ең көп таңдалған Алматы, Шымкент, Ақтөбе мен Маңғыстау облыстары сияқты топ бес қала мен аймақ қатарына кірді.

Баспана маркет платформасы (otbasybank.kz) сағатына орта есеппен 400 өтінімді қабылдап, өңдеген. «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтінімдер жұмыс күндері сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін қабылданады.

Алғашқы күннің қорытындысы бойынша қазақстандықтар бас-аяғы 3 347 өтінім жолдады. Тұрғын үйі барлар мен депозитін қажетті сомаға, 1 млн теңге толтырмағандардың өтінімдері кері қайтарылды. 1 124 өтінім сәтті қабылданды, олардың жартысы тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерінен келіп түсті. Қатысушыларды дүрліктірмеу үшін өтінімдерді қабылдау мерзімі барынша ұзартылды. Ол 25 сәуірден 30 маусымға дейін, екі ай бойы жалғасады. Сондай-ақ өтінім беру күні мен уақыты ұпай санағанда ескерілмейтін болады, - делінген мәліметте

Сондықтан банк салымшылары асықпай өз депозиттерін толықтырып, қажет болған жағдайда оны туыстарының депозиттерімен біріктіріп, бағдарламаның шарттарымен мұқият танысып, содан кейін ғана өтінім беруге кірісе алады.

Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін саралау басталады. Бағдарламаға қатысушылар тізіміне ең көп ұпай жинаған үміткерлер кіретін болады.

Ұпайлар қалай есептеледі?

- салым бойынша сыйақы мөлшері - әрбір 1 000 теңге үшін 1 ұпай;

- тіркелген некенің болуы - 5 ұпай;

- балалардың болуы - 10 ұпай (балалар санына қарамастан);

- халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) мәртебесінің болуы - 10 ұпай;

- 35 жасқа дейінгі жас (қоса алғанда) – 5 ұпай;

Егер екі қатысушының ұпайлар саны сәйкес келсе, онда тізімге енгізу кезінде басымдық салым сомасы көп және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамға беріледі.

Саралаудан кейін клиенттер банк сайтында «Наурыз» бағдарламасына өткен үміткерлер тізімін көре алады. Сондай-ақ олардың несие алуға тағы екі ай уақыты болады.

Отбасы банк осы уақыт аралығында, бар болған жағдайда, тұтынушылық несиелерді өтеуге кеңес береді, есесіне содан кейін қарызды мақұлдау мүмкіндігі көбірек болады. Шынында да, төлем қабілеттілігін есептеу кезінде соңғы 6 айдағы ресми табыс қана емес, сонымен қатар отбасына жұмсалатын міндетті шығындар, сондай-ақ несиелер бойынша төлемдер де ескеріледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға