«Наурыз» бағдарламасына өтінім қабылдау уақытша тоқтайды
EL.KZ Информационно-познавательный портал
Отбасы банкінің баспасөз қызметі 21-25 наурыз аралығында «Наурыз» ипотекасына өтінім қабылдау уақытша тоқтатылатынын хабарлады. Олардың айтуынша, мереке қарсаңында банк жұмыс істемейді.
«Өтінім беру процесінен сабырмен және асықпай өту үшін, жұмыс күндері алдын ала жоспарлауды сұраймыз. Егер сіз алғаш рет өтінім беріп жатсаңыз, парақшамызда қадам-қадамымен нұсқаулық жарияланған – ол өтінімді жылдам әрі қатесіз толтыруға көмектеседі», – деп атап өтті банктің баспасөз қызметі.
«Наурыз» ипотекасы – алғашқы жылжымайтын мүлікті сатып алуға арналған мемлекеттік бағдарлама. Биыл өтінімдер 10-31 наурыз аралығында жұмыс күндері сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін Baspana Market жылжымайтын мүлік порталында қабылданады.
Кімдер қатыса алады?
- әлеуметтік осал топтағы азаматтар;
- жұмыс істейтін жастар;
- жас отбасылар;
- тұрғын үй төлемдерін алатындар;
- Отбасы банк салымшылары;
- ауыл, моноқала және аудан орталығында тұратын адамдар.
Ескерерлігі, «Наурыз» бағдарламасына қатысу үшін кейінгі 5 жылда өзіңіздің, отбасы мүшелерінің атына тұрғын-үй тіркелмеуі керек. Оған қоса кемінде 6 ай ресми жұмыс істеп жатқаныңызды дәлелдеу шарт.
Ипотеканың шарттары
Ипотеканың бастапқы жарнасы 20%-дан басталады. Әлеуметтік осал топтар үшін несие пайызы 7%, ал қалған азаматтарға 9% болады. Қарыз 19 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
Алматы мен Астанада ең жоғары несие сомасы 36 млн теңгеге дейін, ал басқа аймақтарда 30 млн теңгеге дейін беріледі. Сондай-ақ, несие сомасының 20%-ына дейінгі қаражатты жөндеу жұмысына жұмсауға болады.
Қалай өтінім береміз?
Алдымен, Отбасы банкінде депозит ашып, кемінде 2 млн теңге жинау керек. Депозитті өтінім берер алдында да ашуға болады.
5 наурыздан бастап Baspana Market сайтына кіріп, жеке кабинетке тіркеліп, «Наурыз бағдарламасы» бөлімінде өтінім толтырасыз. Электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы өтінімге қол қоясыз. Банк құжаттарды тексеріп, шешім қабылдайды. 31 наурыздан кейін түскен өтінім жарамсыз болып қалады.

