Midjourney

Науқастарды қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін жейде жасалды

Жүрек соғу жиілігін, дене температурасын және тыныс алу жиілігін қадағалауға мүмкіндік беретін жейде ойлап табылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Италиялық ғалымдар пациенттердің өмірлік көрсеткіштерін бақылайтын осындай арнайы киімді жасап шықты. Операциядан кейін оны екі апта бойы күніне тоғыз сағаттай киіп жүруі қажет.

«Ақылды» жейде және эксперимент

Римдегі Ла Сапиенца университетінің зерттеушілері онкоурологиялық операциядан кейін пациенттерді үйге ертерек шығарып, олардың жағдайын қашықтан бақылауға бола ма деген сұраққа жауап іздеді. Университет ғалымдары LET's Webearable Solutions компаниясымен бірлесіп, жүрек бұлшықетінің белсенділігін, тыныс алу жиілігін және дене температурасын бақылайтын сенсорлары бар жеңіл жейде жасап шығарды. Барлық деректер автоматты түрде арнайы қосымшаға жіберіліп отырады.

Футболканың тиімділігін тексеру үшін 70 қатысушы арасында эксперимент жүргізілді. Олар екі топқа бөлінді. Бірінші топтағы науқастарды операциядан кейін әдеттегідей үш-бес күн ішінде ауруханадан шығарды. Екінші топтағы науқастарды 24-36 сағаттан соң үйге жіберіп, оларға қан қысымын, тамыр соғысын, сатурацияны және қандағы глюкоза деңгейін бақылайтын футболка берілді. Оны күніне бірнеше рет — таңғы 7:00-10:00, түскі 14:00-17:00 және кешкі 19:00-22:00 аралығында кию керек болды.

Біз пациенттерге берген футболка смарт-сағаттар мен басқа да гаджеттерден өзгеше. Ол көбірек дерек жинайды, соның ішінде операциядан кейін бақылауды қажет ететін несептегі электролит деңгейін де өлшейді. Бұл көрсеткіш минералдық теңгерімсіздікті анықтап, ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді, - деді дәрігерлер.

Зерттеу нәтижелері

Екі апта бойы барлық науқастар дәрігерлердің жіті бақылауында болды. Бірінші топтағы сегіз адам (26%) жоспардан бұрын ауруханаға қайта жүгінуге мәжбүр болды. Ал екінші топта мұндай жағдай екі науқаста ғана (6%) тіркелді. Мониторингтің арқасында бес адамда жүрек ауруларының бастапқы белгілерін де анықтауға мүмкіндік туды.

Пациенттер жейдені қолдану жеңіл екенін айтты. Олардың 90%-дан астамы бұл құрылғының үй жағдайында өздерін қауіпсіз сезінуге көмектескенін атап өтті. Науқастарды ертерек үйге жіберу олардың өмір сапасын жақсартады, өйткені олар өз үйінде өзін жайлырақ сезінеді, ал біз аурухана төсектерін босата аламыз, - деп қорытындылады Ла Сапиенца университетінің мамандары.

Қазір ғалымдар бұл технологияның экономикалық тиімділігін зерттеуде. Олар ауруханадан ерте шығару мүмкіндігін қолдаудағы футболканың рөлін және осындай мониторингтің нақты нәтижелерге ықпалын бағалауға көбірек дерек жинауды жоспарлап отыр.