Жаңалықтар

Нартай Аралбайұлы жануарларға қатысты жанайқайын жеткізді

Нартай Аралбайұлы жануарларға қатысты жанайқайын жеткізді
Фото: instagram.com/nartay_aralbayuli 05.04.2023 11:46 2389

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы төменгі палатадағы алғашқы сауалын қаңғыбас иттерден бастады, деп хабарлайды  El.kz ақпараттық агенттігі.

Бүгінгі депутаттық сауалымыз адам өміріне қатысты. Ағайынның арызы, бұқараның базынасы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңмен байланысты. Дұрысы Заңды біржақты пайдаланып адамның өміріне атүсті қарау десек болады. Елден хабар алғанда еститініміз қаңғыбас иттен қорыққан ағайынның арызы. Олардың көзін жояйын десе бәрі «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңнан зәредей қорқады, -дейді Нартай Аралбайұлы.


Ол осы ретте қаңғыбас иттерді ұстаған жауапты орган өкілдері оларды жуындырып, тазалап, екпе салып қайтадан ұстаған жеріне әкеліп тастайды екен деп отыр. 

Екпеден итке ес кірді дегенді естімеп едік, демек бұл нәтижесіз әрекет емес пе?!  Біз қаңғыбас жануарларды қырып салсын деп тұрғанымыз жоқ. Бірақ қаңғыған итті қорғайтын Заң адамдарды неге қорғамайды деп сұрағымыз келеді? Осы мәселеге қатысты Үкіметтің алдыңғы бір жауабында заңды жүзеге асыру үшін 2022 жылға 1485, 6 млн теңге қарастырылғаны жазылған. Жергілікті бюджеттен тағы қосымша қаржы қарастырылады делінген. Бірақ уәде етілген оқшаулау орталықтары, вакцинация басқа да жұмыстар толық жүргізілмей жатқанын көзіміз көріп отыр, -дейді депутат.

Ол бірнеше мысал бар екенін атап өтті. Түркістан облысында ит қапқан бала құтыру ауруынан көз жұмған. Алматы облысы Талғар ауданында ауладан шығып кеткен танадай ит кішкентай балақайдың  бетін, арқасын және жамбасын тістеп тастаған. Жануар иесі кішкентай қыздың ата-анасына 30 мың теңге беріп құтылмақ болған. Атырауда осы жылдың ақпанында қаңғыбас ит 8 жасар баланы әбден талап тастаған.

Бір ғана Атырау облысында 2023 жылдың бір жарым айында 32 баланы ит қапқан. Былтыр сәуірде Ақтөбеде 12 жасар Мадияр есімді балақайды қаңғыбас иттер құрылыс алаңында талап тастаған. Жеткіншек сол жерде көз жұмды. Қайғылы оқиға  болған Есет батыр ауданының тұрғындары оған дейін құзырлы орындарға қаңғыбас иттер қаптап кетті деп талай айтқан. Бірақ құзырлы орын өкілдері сол баяғы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға сілтеме жасап, иттерді атпаймыз деген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға