Жаңалықтар

Наринэ Микаелян: Қазақ халқына мың алғыс!

Наринэ Микаелян: Қазақ халқына мың алғыс!
01.03.2019 08:58 4402

Наринэ Гамлетовна Микаелян – Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобының, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі.

— Наринэ Гамлетовна, әңгімемізді сіздің отбасыңыздан бастасақ. Әр этнос өкілдерінің өзіндік қызыққа толы ғұмырлы отбасылық тарихы болады емес пе?!

— Менің ата-бабаларымның Қазақстанға келу тарихы барлық этностарға тән. Атам сұрапыл соғысты басынан кешіп, тұтқынға түсіп, ақырында француздық партизандардың қатарында Францияда аяқтаған екен.

Ол 1946 жылы Отанына қайтып оралады. Бірақ бірден Якутияға шахтада жұмыс істеуге жіберіледі.

Атам Отанын соғыстан қорғаған жылдардағы бірге болған достарының оған істегендерін көпке дейін ұмыта алмай, мазаланып жүріпті. Ақырында итжеккенге айдалған бес ауыр да азапты жылдардан кейін ол әйелі мен екі шиеттей балаларымен басы ауған жаққа жөнеледі. Тағдырдың желеуімен өзіне және отбасына туған отанындай болып кеткен ел – Қазақстанға келеді. Осылайша менің ата-бабам тамырын терең жайып, қазақ жерінде тұрақтап қалған. Өйткені қазақ халқы өте қонақжай, бауырмал ғой.

Менің осындай елде өмірге келуіме атамның септігі тиді. Мен И.В. Панфилов атындағы №54 қазақстан-ресей гимназиясында оқыдым. Мектеп жасынан мектепішілік іс-шаралардың барлығынан қалыспай қатысатын белсенді болдым.

Ал студенттік жылдарда Алматы қаласындағы «Луйс» армян мәдениеті орталығында іс-шаралар ұйымдастырумен айналыстым. Кейін, университетті бітірген кейін, орталықтағы жастармен бірлесіп жұмыс істей бастадым. Мені армян мәдени орталығы төрағасының орынбасары және жастар қанатының төрайымы етіп сайлады.   

Негізгі мамандығым бойынша мен халықаралық заңгермін. 2005 жылдан бастап менің еңбек жолым өз мамандығыма бағытталды. Бірақ жұмыс істей жүріп, қоғамдық жұмысты тастамадым. Қайта қоғамдық өмірім қыза түсті десем, артық айтпаған болар едім.

Менің отбасым әрдайым маған көмек көрсетіп, үнемі қолдап отырды. Мысалы, жыл сайын Қазақстан халқы бірлігі күні менің отбасымның барлық мүшелері алаңда этникалық көрме дайындауға көмектесіп отырды. Сонымен қатар, армяндардың ұлттық мерекесі – Терендезді ұйымдастырып өткізуге атсалысатын. Ол мерекеде салт-дәстүрімізді көрсетеміз. Жалпы менің отбасым өте тату және оның әр мүшесі менің жүрегімде айрықша орын алады.

— Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының мүшесі ретінде атқарылған жұмыс туралы айтып берсеңіз, жалпы өзіңізге қандай тәжірибе жинақтадыңыз?

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобына тоғыз депутат кіреді. Барлық мүшелері халықтың бірлігі мен елдің гүлденуі үшін қажетті жағдайлар жасауға бағытталған заң шығару қызметімен айналысады. Парламент Мәжілісіндегі және көшпелі отырыстар, түрлі объектілерге бару, тақырыптық дөңгелек үстелдер, конференциялар және тағы да басқа маңызды іс-шаралар өткіземіз.

Депутаттық топтың мүшелері тек түрлі фракциялардың өкілдері ғана емес, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің әртүрлі комитеттерінің өкілдері болып табылатындықтан, бізде кез келген салада: әлеуметтік, мәдени, ауыл шаруашылығы, экологиялық, экономикалық және басқа да салаларда заңдармен жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Депутаттық топтың барлық мүшелері кәсіби және өмірлік тәжірибе жинақтаған білікті мамандар. Сондықтан бірге жұмыс істей отырып, біздің күш-жігерімізді біріктіруге және ел игілігі үшін қажетті жобаларды жасауға бірегей мүмкіндігіміз бар.

— Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесіне биыл он жыл толады. Өткен жылы қандай жобалар жүзеге асырылды? Ағымдағы жылға қандай жоспарлар бар?

— Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесі Ассамблея жанындағы тұрақты жұмыс істейтін кеңесші-талдау органы болып табылады.

2017-2018 жылдар аралығында Ғылыми-сараптамалық кеңесі мүшелері бірқатар кешенді зерттеулер жүргізді, монографиялар мен ұжымдық еңбектер шығарды және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталында орналастырылған «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын әзірлеуде ғылыми-әдіснамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етті.

Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық ғылыми-сараптамалық құрылымдары Мемлекет басшысының Қазақстанның төртінші революциялық жаңғыруы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға бағытталған бастамаларын іске асыруға тартылды.

Республикалық және өңірлік деңгейлерде лекциялар, әдістемелік семинар-тренингтер, конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізілді, сондай-ақ жұртшылықпен және бұқаралық ақпараттық құралдармен үлкен жұмыс жүргізілді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің Экономикалық зерттеулер институты жанынан әлеуметтік-демографиялық және әлеуметтік сипаттағы басқа да зерттеулерді жүргізу үшін әлеуметтік-демографиялық даму орталығы құрылып, 2018 жылы Орталық «Қазақстандағы этникалық үрдістер: әлеуметтік-демографиялық және экономикалық өлшем» тақырыбында зерттеумен айналысты. Орталық зерттеулерінің нәтижесі Қазақстан аумағында тұратын негізгі этностар бөлінісінде және олардың өңірлік қоныстануы бөлінісінде демографиялық, экономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, «Қазақстан өңірлерінің этнодемографиялық картасын» қалыптастыру болды.

Қазіргі таңда Ғылыми-сараптамалық кеңестің мүшелері 2018-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-демографиялық және этносаралық салалардағы ғылыми жұмыстардың жиынтық жоспарын әзірлеу үстінде.

Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедралары республикамыздың жоғары оқу орындары негізінде белсенді жұмыс атқарып отыр. Мәселен, Ассамблеяның депутаттық тобы ҚХА кафедралары қауымдастығымен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп отырыс өткізді.

Жалпы айтқанда, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі он жыл ішінде этносаралық және конфессияаралық қызмет саласында ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді деп айта аламын.

— Бүгінгі таңда Қазақстанда медиация қаншалықты дамыған, сіздің пікіріңіз?

— Ел Президенті Н. Назарбаев өзінің «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» бағдарламалық мақаласында медиацияның жалпыұлттық жүйесін құру мәселелеріне көп көңіл бөлген еді. Дауларды сотқа дейін шешу жүйесін дамытуға «Қазақстан-2050» стратегиясына да назар аударылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласында медиацияны насихаттау мен дамытудағы рөлі зор.

Ал азаматтардың кез келген қақтығысты шешуде ымыраға қол жеткізуге дайындығы азаматтық кемелділік пен жауапкершіліктің маңызды факторы болып табылады. Осылайша, медиация институтын дамыту бүгінгі күні қоғамның құқықтық мәдениетін дамыту деңгейінің көрсеткіші, сондай-ақ қоғамдық сананы жаңғырту маркерлерінің бірі болып табылады. 

— Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында кәсіби және қоғамдық медиаторлар жұмыс істейді. Мұның қайсысына үлкен сұраныс тууы мүмкін алдағы уақыттарда?

— Қазақстан халқы Ассамблеясында облыстық және қалалық Достық үйлерінде, аудандар мен ауылдық округтерде кәсіби және қоғамдық медиаторлар жұмыс істейтін медиация кабинеттері ашылды. Сондай-ақ медиация мәселелері қоғамдық келісім кеңестері мен ҚХА Аналар кеңестерінің алаңдарында қаралады. ҚХА медиаторлары тарапынан қаралатын өтінімдердің динамикасы жыл сайын артып келеді.

Медиатор – бұл біздің заңнамаларымызға қатысты жаңа термин. Дауларды реттеу үдерісіне бұл қатысушы ретінде сот жүйесіне жатпайды, адвокат болып табылмайды. Медиатор – келіссөздер мен ымыраға келу арқылы дауды шешуге көмектесетін тәуелсіз делдал. Медиатордың жұмыс сапасы оның біліміне, тәжірибесіне және дайындығына байланысты. Кәсіби және қоғамдық медиатордың екеуі де  көмекке жүгінетін адамдардың тағдыры үшін бірдей жауап береді. Сондықтан бүгінгі таңда медиаторларды оқыту, жастарды медиация институтының қызметіне тарту және жалпы медиация институтын дамыту мәселесі өзекті болып отыр.

— Сіз жақында еліміздің өңірлерінің бірқатарына жұмыс сапарымен барып қайттыңыз. Өңірлік ассамблеялардағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсеңіз.

— Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутат ретінде мен өңірлерге барған кезде әрқашан ҚХА-ның өкілдерімен кездесіп отырамын. Бізде ҚХА-ның өңірлік хатшылығы белсенді жұмыс істейді, оның ішінде қалалық, аудандық және ауылдық жерлердегі этномәдени бірлестіктердің жұмысы қызу жүруде. Өңірлерде медиация кабинеттері, Қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңестері, жастар құрылымдары қажеттілігіне қарай жобаларды жүзеге асырып, ілкімді іс-шараларды іске асыруда. Мысалы, форумдар, оқыту тренингтері, республикалық акциялар өткізіледі.

ҚХА-ның барлық жобаларына қатысатын, сондай-ақ жаңа идеяларды ұсынатын талантты жастар өте көп. Осы жылдың ақпан айында Павлодар облысында осындай жас бастамашылардың бірінің белсенді қолдауымен ҚХА жанындағы Әкелер кеңесінің бірінші отырысы өтті. Бұл қазақстандықтардың жас буыны жаңа әлеуметтік және патриоттық жастар жобаларын жасауға тікелей қатысатын жалғыз жағдай емес. Қазақстан халқы Ассамблеясында үлкен әлеует бар және ол бүкіл республика бойынша этносаралық келісімді және елдегі жалпыұлттық бірлікті сақтауға қазақстандық қоғамды тарту үшін диалогтық алаңдар құрады.

— Бүгін - Алғыс айту күні. Қазақстан халқына жылы лебізіңізді білдіре отырсаңыз...

1 наурыз – Алғыс айту күнінде барлық Қазақстан халықтарына зор алғысымды айтсам деймін. Күн сайын біз бір ғана қарапайым, бірақ қасиетті сөз – «рақмет» сөзін айтып жүреміз. Бұл сөздің әр адамның өмірінде үлкен маңызы бар.

Біз ата-аналарамызға бізге өмір сыйлағаны үшін, ұстаздарымызға берген білімдері үшін, достарымызды қолдап жүргендері үшін рақмет айтамыз. Біз бір-бірімізге қошемет көрсетіп, алғыс айтқанымыз үшін, жанның дәрумені – жылы сөздер үшін рақметімізді аямауымыз керек. Өйткені жақсы сөз адамның өмірін жақсылыққа бастайды.

Сонау отызыншы жылдарда үлкендерді құрметтеу, жастарды тәрбиелеу, бір-біріне құрмет көрсету сияқты қарапайым адами қасиеттер бір шаңырақ астында әртүрлі адамдарды біріктірген еді. Қуғын-сүргін жылдары – көптеген этностардың жадында ең азапты, азалы жылдар болып мәңгі сақталып қалатын жылдар. Халықтар өзге елге жер аударылып келіп, өзге елде өз үйлерінің іргетасын қалады. Отанынан алыстап, өмірдің қиын күндеріне тап болған осы адамдарға қонақжай қазақ халқы кезікті.

Бүгінде барлық этностар қазақ халқына мейірімділігі, шыдамдылығы мен түсіністігі, қамқорлығы мен ықыласы, құрметі мен махаббаты үшін үлкен алғыс білдіреді. Сонымен қатар, халықтар бір-бірінің тағдырына үлес қосқаны үшін, көпұлтты халықтың бір бөлігіне айналып, бүгінгі күні өзінің баға жетпес тәжірибесін өскелең ұрпаққа жеткізетін достық қарым-қатынасы үшін бір-біріне алғыс білдіреді.

Қазақ халқына мың алғыс!

— Наринэ Гамлетовна, сізге де Алғыс айту күнінде әңгімеңізге, ыстық ықыласыңыз бен сый-құрметіңізге зор алғымысызды білдіреміз!

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Тағы да оқыңыздар:

САЛИМ АЙЛАЗОВ: БӘРІМІЗ БІР АТАНЫҢ БАЛАСЫНДАЙМЫЗ. БІР-БІРІМІЗДІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫМЫЗДЫ БАЙҚАМАЙМЫН

ХАСАН ШАРИПОВ: ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ – ДОСТЫҚТЫ, ТАТУЛЫҚТЫ САҚТАЙТЫН ҮЛКЕН ҮЙ

ГУЛЬЧИН ГЕЙДАРОВА: АЛҒЫС АЙТА БІЛУ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕЙДІ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА АЙТАР АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға