Жаңалықтар

Нақты соның фамилиясы, аты-жөнін айтыңызшы. Ринат Зайытов Үкіметтің берілген уәдесіне жауапты адамды сұрады

Нақты соның фамилиясы, аты-жөнін айтыңызшы. Ринат Зайытов Үкіметтің берілген уәдесіне жауапты адамды сұрады
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 12.10.2023 09:05 2832

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ринат Зайытов вице-премьер Тамара Дүйсеновадан Үкіметтің халыққа берген уәдесі уақытында орындалмайтынын, оған кім жауапты екенін сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тамара Қасымқызы, өзіңіздің баяндамаңызда барлық жоспарланған жұмыстар Үкіметтің бақылауында екеніне сендіргім келеді дедіңіз. Менің де сенгім келеді. Бірақ сене алмаймын. Өйткені өз сөзіңізде депутаттардың ұсынысы ескерілді дедіңіз. Менің сөзімді қаперіне алып жатқан министрлік өкілін әлі күнге көргенім жоқ. Әнеугүні ең болмаса МӘМС-ті тоқтата тұрайық дедім. Оны ешкім ескермеді. Бір апта бұрын тағы да Ақтоғай елді мекенінде(Абай облысы, Аягөз ауданындағы ауыл – тілші) ауруханаға жете алмай 1994 жылғы жігіт қайтыс болды. Содан кейін сіз баға 15 пайыздан аспайды дедіңіз. Бұған де сену қиын. Елді мекендерді 2027 жылға дейін газбен қамтамасыз етеміз дейсіз. Мен бұған мүлдем сенбеймін. Себебі, бір мысал, Алматы облысы Балқаш ауданы Бақанас елді мекенінде осыдан үш жыл бұрын құбырын, бәрін тартып қойған. Құбырлар шіри бастады, газ әлі жоқ. Екі жылда жүздеген ауылды сумен қамтамасыз етеміз дедіңіздер. Бұларыңыз да өтіріктеу, -деді Ринат Зайытов.

Оның айтуынша, Аягөз ауданындағы қарапайым үш ауылды сумен қамтамасыз ете алмай отырғанына 10 жылдан асқан. Сонымен қатар«Жайлы мектеп» жобасы аясында 369 мектепсаламын дегенге де сенбейтінін айтты.

Айып етпеңіздер, Астана-Алматы тасжолы келесі жылы бітеді дейсіздер. Қалбатау-Майқапшағай жолының бітпей жатқанына қанша жыл болғанын білетін шығарсыздар. Осы орайда сұрақ, құрметті Тамара Қасымқызы: сіздердің жоспарлап отырған істеріңіз орындалмай қалса, жауапкершілікті кім алады мойнына? Нақты соның фамилиясы, аты-жөнін айтыңызшы! – деді  депутат.

Өз кезегінде вице-премьер Тамара Дүйсенова жұмыс істеліп жатқан жерде кемшілік болатынын, оның бәрін жоққа шығара беруге болмайтынын айтты.

Қазіргі менің айтқан мәселелерімнің барлығын менің әріптестерім жанымда отыр, қандай жұмыстар қабылданғандығы, оны қоғамда қалай қабылдағаны, жалпы бизнес қалай жасалып жатқандығын нарықтың өзінде көріп отырсыздар. Сондықтан барлық мәселе шешілмей жатыр, қаралмай жатыр деп айта алмаймыз. Бірақ жұмыс бар жерде – кемшілік бар. Адам бар жерде – кемшілік бар. Кемшілік жоқ, барлық жерде керемет жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз, - деді вице-премьер.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға