Жаңалықтар

«Нәпақа табуға аттанған». Олимпиадада топ жарған қазақ балуаны АҚШ-та көз жұмды

«Нәпақа табуға аттанған». Олимпиадада топ жарған қазақ балуаны АҚШ-та көз жұмды
Фото: ҚР ҰОК 20.03.2024 10:13 2064

Еркін күрестен 2014 жылы Нанкинде өткен жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы Мұхамбет Қуатбек көз жұмды. Бұл ақпаратты El.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне журналист Данияр Кәрімжан растады.  

Ол жігітпен ешқандай байланыс болған жоқ. Соңғы жылдары АҚШ-тың Филадельфия штатында тұрғанын білеміз. 16 наурызда қайтыс болды. Өзім кеше ғана естідім, - деді Данияр Кәрімжан.

Журналистің айтуынша, оның денесін елге жеткізу үшін достары мен жақындары қаражат жинап жатыр екен.

Білуімше, елшілік оның денесін елге жеткізу мәселесімен айналысып жатыр. Ол үшін жақындары, достары қаражат жинап жатқан көрінеді. Көп құжат қажет екен. Әзірге оның өліміне не себеп болғанын білмейміз. Елге жеткізілген соң мәйіт дәрігерлер тексерісінен өтеді деп жатқан. Өз басым әзірге ата-анасымен де, жақындарымен де сөйлескен жоқпын. Өте ауыр қаза. Жақындарына көңіл айтамын, - деді ол.

Данияр Кәрімжан Мұхамбет Қуатбектің АҚШ-тағы жұмысының спортқа қатысы жоқтығын да алға тартты.

Құрамадан неге кеткенінен хабарым жоқ. Білуімше, ол оқуға кеткен жоқ, АҚШ-та спорттық карьерасын да жалғастырмады. Соған қарағанда, нәпақа табудың қамымен аттанған болар, - дейді Кәрімжан.

27 жастағы спортшы жасөспірімдер арасында тәп-тәуір нәтиже көрсеткен. Ол 2014 жылы Нанкинде өткен жасөспірімдер Олимпиадасында топ жарып, кейін жасөспірімдер арасында Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға