Артем Чурсинов

Нағашыларым Ұлан Рысқұл мен Руслан Әбдіразақовқа еліктеп өстім – Ерсін Балтағұл

16.02.2026 18:15

Qazaq Kuresi ассоциациясы өткен жексенбіде елорда балаларына кішігірім мереке жасап берді. Сумо шебері Ерсін Балтағұлдың Астанаға ат басын бұрғанын пайдаланып, кішігірім шеберлік сағатын ұйымдастырды. 15 ақпан күні қазақша күрес майталмандары мен дзюдошылар бас қосып, жапон күресінің қыр-сырына үңіліп көрді.

Фотода: №106 келешек мектебі, қазақ күресі үйірмесінің шәкірттері, Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы

Татамидегі күш-қуат

Жиын Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті.  №106 келешек мектебі өрендері кездесуге асыға жетті, білем. Өйткені Жапонияда қазақтың атын шығарып жүрген Ерсін Балтағұлдан бөлек, «Қазақстан барысы» жобасының үш дүркін жеңімпаздары Бейбіт Ыстыбаев, Ұлан Рысқұл қатысты. Ол аз десеңіз, былтыр турнирдің күміс жүлдегері атанған Ерасыл Қажыбаев, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев, Абылайхан Жұбаназар сияқты татами шеберлері де бас қосты.

Фотода: Ерсін Балтағұл мен қазақ күресіндегі түйе палуандар, Qazaqstan Barysy республикалық турнирінің жеңімпаз-жүлдегерлері

Алдымен, Qazaq Quresi ассоциациясының бас директоры Мейіржан Берекетов сөз бастап,  Жапонияда өткен «Хацу басё – 2025» кубогінде үшінші орынға ие болған Ерсін Балтағұлды көпке таныстырып, жеңісімен құттықтады.

Фотода: сумо шебері Ерсін Балтағұл жас балуандарға ақыл-кеңесін айтып жатыр

Ерсін Балтағұл – Жапонияның жоғары дивизионында күресетін балуан. Сумодан кәсіби  деңгейге жеткен алғашқы қазақ. Жасы – 28-де. Оның лақап аты – Кинбозан Харуки. Қазақша «Алтын тау» деген мағына береді. Бойы – 195 сантиметр, салмағы 178 келі тартады. Ол жоғары дивизионда (Макуути) Қазақстанның, соның ішінде Алматының атынан топқа түседі.

Фотода: Ерсін Балтағұл

 Күншығыс елінде сумо федерациясының құрылғанына 100 жыл болған. Балтағұлдың айтуынша, 800-ге жуық спортшы кәсіби сумошы бар. Соның ішінде 40 балуан жоғары дивизионда өнер көрсетіп, император кубогында бақ сынайды. Ерсін былтыр 15 күнге созылған турнирде қарсыластарын 13 рет жеңіп, 2 рет жеңілген. Қазақ балуанымен бірдей нәтиже көрсеткен моңғол Хошорю Томокацу және жапон Охо Коносукэ де финалға жолдама алған. Чемпионды анықтау үшін қосымша раунд ұйымдастырылып, Моңғол Хошорю Томокацу чемпион атанса, Ерсін Балтағұлға үшінші орын бұйырған.

Фотода: Ерсін Балтағұл жас жүйріктермен

Ә дегеннен татамиді бетке алған Ерсін балуан балалар мен жасөспірімдерге ақыл-кеңесін айтып, сумодағы жолының қалай басталғанын да атап өтті. Бақанастың тумасы Алматыдағы №164 мектепте оқығанын, бала кезінен дзюдо мен күреске қатысқанын жеткізді.

Қазақ күресінің майталманы, ағайындылар Ұлан Рысқұл мен Руслан Әбдіразақов нағашыларыма еліктеп өстім. Қарым-қабілетімді байқап, күреске баулыды. Алғашында дзюдомен айналыстым. Арасында қазақ күресінен жарысқа қатыстым. 18 жасқа толғанымда моңғолдан шыққан атақты сумошы Асашери Акинори Жапонияға шақырды. Осылайша, күншығыс еліне барып, орта мектепте оқыдым. Бір жылдан соң  Нихон университетіне оқуға түстім. Қазір осы спорт түрімен айналысқаныма 10 жыл болды, – деді ол.

Арқа Alan ұлттық спортты дамыту орталығының өрендері – Раууф Кульчиков (алып жатқан) пен Алинұр Рашидов (құлаған)

Сол аралықта ол балалардың қалай дене қыздыру жатығуын жасағанын бақылап, күреске дайындығын пысықтады. Сөйтіп, Арқа Alan ұлттық спортты дамыту орталығының балалары өзара күресуді бастады. Жас өрендердің талпынысын аға буын да қызыға тамашалап, бәлекелді десті.

Фотода солдан оңға қарай: жеңіске жеткен –Ержан Ақылбек, жеңілгені – Бауыржан Ғалымжан

Мысалы, Ержан Ақылбек пен Бауыржан Ғалымжанның қазақша күреспен айналысқанына 2-3 жыл болған. Екеуі де осындай кездесу өткеніне дән риза. Атақты балуандарды жаныннан көріп, арқасынан қаққанын ұмытпайтындарын жеткізді.

Фотода: Ерсін Балтағұл мен қостанайлық балуан Нұрсұлтан Қабылан

Қызды-қыздымен жергілікті балуандар Ерсін Балтағұлды татамиге шақырды. Алдымен, Қостанай облысының балуаны Нұрсұлтан Қабылан күш байқасты. Одан бөлек,  Ерасыл Қажыбаевпен бірге түйе палуан күресін тамашаладық. Қос алып бір-біріне құрмет көрсетіп, құшақ айқастырды.

Фотода: 2025 жылғы Qazaqstan Barysy республикалық турнирінің күміс жүлдегері Ерасыл Қажыбаев інісіне құрмет көрсетіп жатыр

Сөйтіп,  Қазақ күресінен ҚР құрамасының аға жаттықтырушысы Айбат Сейтен сөз алып, Ерсінге осындай кездесу үшін рақметін айтты. Мейіржан Берекетов екеуі Ерсін Балтағұлға Qazaq Quresi Ассоциациясының атынан шапан жауып, естелік сыйлық табыстады.

 Мейіржан Берекетов пен Айбат Сейтен сумошы Ерсін Балтағұлға шапан жапты

Жапониядағы бір белес

Артынша кездесу баспасөз орталығында жалғасып, журналистер сумо шеберіне сұрағын жаудырды.

Фотода: баспасөз мәслихаты

«Университет ішінде чемпион болған соң, ары қарай талмай жатықтым. Әкем:«20 миллион  қазақтың ішінде саған ғана осындай бақ бұйырып тұр, алға» – деді. Әрине, тіл үйренуі бар, басқасы бар, алғашқы 1-2 ай қатты қиналдым. Жапондарда екі әліпби бар. Соны меңгеріп, қатарымнан қалмай дайындалып, барымды салдым. Нәтижесінде, император кубогынан бірақ шықтым», – деді Ерсін.

Фотода: Сумо шебері журналистер қойған сұраққа жауап беріп жатыр

Біз де балуаннан шаш үлгісі, кимоносы жайында сұрадық.

Түсі де, өрнегі де шапанға ұқсас болған соң, көк түсті кимононы таңдап алдық. Әр кимононың өзінше стандарты бар. Мысалы, жеңнің ұзындығы 38 см болуы керек, беліңді байлаудың (оби) өзі – өнер. Мемлекеттік телеарнаға, түсірілімге барғанда міндетті түрде бақайға арналған бөлігі бар нәски (таби)  киеміз.  Шаш үлгісіне келсек, ои-темагэ деп аталады,– деді ол.   

Фотода: Qazaqstan Barysy республикалық турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев

Qazaqstan Barysy республикалық турнирінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев басқа да қазақ балаларын қалай Жапонияға жіберуге болатынын, сумоға бейімі бар балуанның ерекшелігі туралы  сұрады.

Қазақ балуандарының сумо спортымен айналысуға әлеуеті жетеді. Арасында түйе балуандар, ірі балуандар бар. Сумо ережесінде белгіленген шеңберден шығып кетпеуің шарт. Күрес 5-10 секундқа созылуы мүмкін.  Сондықтан тізесі мықты, белі мығым жігіттерді жинауға болады. Мен де ұстазымнан ақыл-кеңес сұрап, қандай жолдары барын білейін, – деді балуан.

Президент қабылдап, медаль тапсырды

Иә, Президент Жапонияда елдің атын шығарып жүрген Ерсін Балтағұлұлын Ақордаға шақырып, марапаттады.  

Фото: Ақорда

Президент спортшының былтыр Император кубогында «маэгашира» атағын, яғни сумо балуандарының ең жоғары дәрежесін иеленіп, жарыс қорытындысы бойынша «Канто-се» (жауынгерлік рух) арнайы жүлдесін алуымен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жүлде табандылық пен қажырлы еңбектің жемісі екеніне тоқталды. 

Жапонияға барған сапарымда сізді Императордан бастап қарапайым халыққа дейін бәрі танитынын, құрметтейтінін байқадым. Бұл – зор мәртебе. Жапонияда тұрсаңыз да қазақтың атын шығарып, еліміздің беделін биіктетіп жүрсіз. Сізге ерекше ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Фото: Ақорда

Ерсін Балтағұл Президентке ілтипат көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, еліміздің жас спортшыларымен кездесуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Президент спорт саласындағы елеулі еңбегі үшін сумошы Ерсін Балтағұлды ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.