Жаңалықтар

Ән аялаған Астана

Елорданың туған күні
01.07.2016 10:42 18847

Астана астана болғалы оған арнап көптеген әндер жазылды. Арасында елге танымалы, танылып үлгермегені бар, қазір Астана туралы әндер жүздеп саналады.

Ән аялаған Астана

Бұл әндердің қатарын жыл сайын жаңа әндермен толықтыруына «Ән жүрегім – Астана» байқауы да үлкен үлес қосты. 2011 жылы байқаудың бас жүлдесі Еркін Мәуленге бұйырған. «Ән жүрегім – Астананың» одан кейінгі гала-концерттерінде жас әнші Карина Қалымова, Серік Ибрагимовтер жеңіске жеткен. Ал, 2014 жылы «Конгресс-холда» ән байқауы­ның әр жылдардағы жүлдегерлері бас қосып, өнер көрсетті. Бұл жолы астаналық «Тенгри» тобы үздік атанды. Дәл осы додада қатысушылардың Астана туралы бұрын-соңды еш жерде орындалмаған, жаңа ән шырқауы да елордаға арналған шығармалардың санын айтарлықтай көбейтті деуге болады.

Алайда, Қазақстанның бас қаласына арналған әндердің барлығы бірдей хит болып кеткен жоқ. Олардың арасында тыңдарманның жүрегіне жол тапқан әндерді де көп деп айта алмаймыз. Бұл ретте Нағима Есқалиева мен Бауыржан Исаев дуэт боп орын­дайтын «Первое утро столицы» әні орыс тілінде жазылса да, айрықша танымалдылыққа ие болды. Сондай-ақ, әнші Алтынай Жора­баеваның репер­туарындағы «Елімнің жүрегі» әні қазір тек Алтынай ғана емес, басқа да әншілер, жас өнерпаздар шырқайтын жалпыхалықтық әнге айналып кетті.

«Астана – махаббатым менің!» телехикаясының саундтрегі ретінде жазылған ән де «Арнау» дуэтіне үлкен абырой алып келді. «Жігіттер» квартеті бірнеше жылдан бері сазгер Ержан Серікбаевтың «Арман қала» әнімен Астананың «шаттығына ән қосып жүр».

«Дос-Мұқасан» ансамблі еліміздің бас қаласы мен рухани астанасына тарту еткен «Астана мен Алматы» әні (сөзін жазған – Серік Тұрғынбеков, әнін жазған – Мұрат Құсайынов) өзінің мазмұн­дылығымен, әдемі иірімдерімен ерекше. Әннің «Астана мен Алматы – ұлы өмірдің жалғасы. Бір-бірімен тоғысқан, ән мен жырдың арнасы» деп келетін қайырмасы тез жатталады. Атауы дәл осы әнге ұқсас тағы бір әнді Мәдина Сәдуақасова орындайды. Мәдинаның «Алматыдағы заңғар Алатауды шаттықтың төріне, ал Астанадағы Есіл жағалауын бақыттың жолына» теңеген әні «Алматы мен Астана» деп аталады.

Елордада құрылған «Бәйтерек» тобының репертуарына да Астана туралы ән тиесілі. Қайбір жылы ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева өзінің ұлы Әли Оқаповпен бірге «Арайлы Астана» әнін сахнаға алып шықты. Қарап отырсаңыз, Астананы әнге қоспаған әнші жоқ секілді көрінеді. Ақылбек Жеменей елорда туралы «бабалардың армандаған қаласы» деп шырқаса, ағайынды Жүгінісовтер белгілі кәрісше әнінің кавер-нұсқасын Астанаға арнап айтып шықты.

Кезінде Мақпал Исабекова мен ресейлік әнші Доминик Джокер бірігіп, «Мәскеу-Астана» атты әнді жарыққа шығарды. Ал жақында Сосо Павлиашвили «От Астаны до Москвы» деген жаңа әніне бейнебаян түсірді. «Мюзикола» дуэтының репертуарында «От Алматы до Астаны» және «Любви моей столица» сияқты әдемі әндер бар. Белгілі әнші Қайрат Нұртастың 2014 жылы жарыққа шыққан «Астана» атты әні стадионда өткен көптеген үлкен концерттер мен спорттық додаларда сан мәрте шырқалды. Қайрат Баекенов пен «Формат» тобының орындауындағы «Астана» әні де елдің ризашылығына бөленіп, хитке айналды. 

Арнау әндердің барлығы бірдей халыққа танылуы – мүмкін емес нәрсе. Оның үстіне қазір мән-мағынасы жоқ даңғаза әндер де, талғамсыз әншілер де көбейіп кетті. 16 жыл ішінде Астана туралы қаншама ән жазылғанына қарамастан, бүгінде соның бір парасы ғана хитке айналып үлгерді. Сондықтан, жыл сайын елорда туралы ән жаздыратын әншілер тыңдарманның «дежурный» әнге емес, жүректерге жететін жақсы әуенге зәру екендігін ескерсе екен дейміз.


Роза ӘРЕН

Суреттер ғаламтордан алынды

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға