Жаңалықтар

Нәзір Төреқұловта шығыс дәстүріндегі ақындық өнер де болған

Нәзір Төреқұлов - публицист
20.10.2015 08:39 5394

Нәзір Төреқұлұлы – мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, алғашқы қазақ елшілерінің бірі, дипломат, аудармашы, тілші.

Нәзір Төреқұлұлы 1892 жылы қазан айында Түркістан өңіріндегі Қандөз ауылында мақта саудасымен айналысатын дәулетті отбасында дүниеге келді. Ол бастауыш білімді жаңа үлгідегі діни негіздегі Жәдит мектебінде тіл сындырудан бастайды. Ал, 1903-1905 жылдар аралығында орыс мектебінде, 1905-1913 жылдары Қоқандағы коммерциялық училищеде оқып, 1913-1916 жылдары Мәскеу коммерциялық институтының экономика факультетінде білімін жалғастырады. 1916 жылы оқуын тастап, жас студент майданның қара жұмысына алынған қазақтар арасында жұмыс істеуге өз еркімен Минск түбіндегі күнбатыс майданындағы «Земсоюзда» нұсқаушы болуға бел буады. Дәл осы сәттерде ақ патшаның құлауымен жігерлі Нәзірдің алдында санқилы қоғамдық саясатқа біржола бет бұру кезеңдері күтіп тұрған еді. Нәзір Төреқұлұлы аса білімдар, ілуде бір кездесетін сирек болмысты тұлға еді. Бұндай мұсылмандық тәрбиені еуропалық мәдениетпен сиыстыра білген ерекшелік сол уақыттың зиялы ортасына тән жағдай болатын.

Нәзір Төреқұловта шығыс дәстүріндегі ақындық өнер де болған

Көп ұлтты, кең байтақ Түркістан республикасының саяси тынысында Н.Төреқұлов партиялық және мемлекеттік жоғары билік тұтқаларында болды. Ол жергілікті ұлт өкілдерінің алғашқылары қатарында Түркістан Кормпартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретарлығына сайланды. Нәзір Түркістан республикасы Орталық Атқару комитетінің (ЦИК), оқу-ағарту халық комиссариатын басқарды, Түркістан майданы революциялық әскери кеңесіне мүше болды. Сондай-ақ партия тарихы интститутын өз қолымен ұйымдастырып, оның органы «Түркістанның қызыл жылнамасы» журналын аяғынан қаз бастырып тұрғызып жіберді.

Нәзір Төреқұлұлы Түркістан Үкіметін басқарып тұрғанда Түркістан Республикасының Маңғышлақ уезі мен Адай болысының Қазақ Республикасына берілуін қолдаған қарарға қол қойып, оған өзгелерді де көндіре білген. Яғни, Маңғышлақ уезі мен Красновод уезінің №№ 4,5 Адай болыстарын Өзбекстан мен Түркіменстанның аумақтық бөлінісіне кіргелі тұрған жерінен тұрмыстық ерекшелігі мен этнографиялық құрамына қарай ендігі кезде Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Республикасына беру туралы №341 декретімен бекітіп, осылайша қазақ жұртының ресми территориялық картасына қабылдатқызған. Мұндай тарихи маңызы орасан зор құжаттың бастамасында 1920 жылдың 16 қазанында Түркістан Республикасы Кеңесі ОАК төрағасы Нәзір Төреқұлов тұрған еді. Нәзір Төрекқұлұлының Түркістандағы қызметі аса бір күрделі қиын кезеңге – жаңа қоғамның әлеуметтік мұраттары жүзеге асырылған ауқымды әлеуметтік сынақ уақытына тұстас келді.

Баспа беттерінде «Дәруіш» деген лақап атпен де мақалаларын жарық көрген. Өзбектің «Инқилоб» атты журналына жазған ислам діні, жәдитшілдік, Түркістан тарихы туралы мақалалары ғылыми нақтылығымен көзге түседі. Шығыс халықтарының Орталық баспасын алты жыл басқарған Нәзір журналистиканың шыңына жеткендігін дәлелдеді. Оның олимпі – «Темірқазық» журналы болды.

1922 жылдың 22 ақпанында Түркістан бюросы Орта Азия бюросы деп аталып, Нәзірге Түркістан, Бұқара, Хорезм аймақтарының жұмысы жүктелді. Әйтсе де, осы жылдың шілдесінде Төреқұлұлы Мәскеуге қызметке шақырылады. 8 қыркүйекте Бүкілресейлік ХІІ партия жиынында Нәзір КСРО халықтары Орталық баспасы басқармасының төрағасы қызметіне тағайындалады. Баспаға келуімен өмірбаянының жаңа жарқын беттері ашылады.

Ташкентке біржола қоныс аударып келген Мағжан Жұмабаевты «Ақ жол» газетіне қызметке кіргізуге Сұлтанбек Қожановқа табыстайды. Кейін Мағжан Мәскеуге келгенде Жоғары әдебиет және өнер институтына түсуіне ықпал жасап, баспаға қызметке алады. Осылайша Нәзірдің жәрдемімен Мағжанның «Жүсіп хан» ертегі-поэмасы жарыққа шығады. Әлихан Бөкейханның баспада әдеби қызметкер болып жұмыс жасауына қолдау көрсетіп, «Ер Сайын», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырларын, «Жиырма үш жоқтау», «Мың бір мақал» жинақтарын шығаруына ат салысады.

1923 жылдың ақпанында Ұлт істері халық комиссариатының жанынан құрылған Орта Азияда бірыңғай латын үлгісінде жаңа әліпби жасайтын топқа төраға болып бекітіледі. Орталық баспадағы қызметте «Жаңа әліпби. Үлкендер үшін» кітапшасы араб жазуындағы қазақ дыбыстарына балама латын әліпбиі үлгісіндегі жаңа қаріптерді жұртшылық назарына ұсынады. Сонымен қоса, Шығыс тілдері институтында оқу-ағарту жұмысының проректоры міндетін де атқарады. Бұған дейін Ташкентте Нәзір Қазақ ағарту институты деп аталған жоғарғы педагогикалық институтты құруға ұйытқы болған еді. Өзі шығаруға үлгермеген соң, Абай шығармаларының Ә.Диваев жинастырған толық жинағының шығуына қолдау көрсетеді. Алаштың ұлы қайраткерлерімен тығыз достық байланыста болды.

Түркістаннан тысқары кеткен соң Мәскеудегі КСРО халықтарының Орталық баспасын басқарды, ғылыми-педагогикалық жұмысқа араласты. Ол шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университетінде (КУТВ) дәріс оқып, біраз уақыт осы оқу орнының проректоры міндетін атқарды.

1927 жылы 15 желтоқсанда КСРО Орталық Атқару Комитетінің Президиумы Нәзір Төреқұлұлын Һижазға елші етіп тағайындайды.

1928 жыл маусымда Сауд Арабиясында КСРО Бас консулы – Сауд Арабиясында КСРО Төтенше елшісі және Өкілетті министрі болып тағайындалады. Бұрынығы Кеңес Одағында дипломатиялық қызметке көтерілген тұңғыш қазақ азаматы.

1928 жылдың 3 қазанында Мекке қаласында корольдің ұлы Фейсал ханзадаға (суретте) сенім грамотасын табыстайды. Елшілік міндетіне кіріскен Н.Төреқұлұлы елшілік жанынан емдеу клиникасын ашуға күш салады. Артынша, балаларға арналған тіс емдейтін кабинет аштырып, Мәскеуден Мерзон деген маманды алдырады.

Елші Нәзір Төреқұлұлы Араб түбегіне келгенде, жергілікті саяси ахуал Англиямен барынша шиеленіскен кезеңі еді. Мұсылман дүниесінің жан сырына қанық, хас иманды, аузы уәлі елші ғаламдық дау-дамайға батыл араласты.

1930 жылы Меккедегі Фейсал ханзадаға өзінің КСРО-ның төтенше елшісі және өкілетті министрі екенін айғақтайтын сенім грамотасын тапсырады. Оның үстіне, Нәзірдің дипкорпустың дуайены (бір мемлекеттегі бүкіл елдің елшілерінің жетекшісі) болып тағайындалуы ағылшындармен арадағы «тарихи тартысты» өз пайдасына шешкендігінің нәтижесі еді.

Сегіз тілді еркін меңгерген азулы елдің елшісі Н.Төреқұлұлының жастайынан қалыптасқан мәмілешіл, бітімгершіл қасиеті екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынастарды биік сатыға көтергені тарихи шындық.

Нәзір елшіліктен оралғаннан кейін, қырықтың қырқасында ғылым жолын біржола таңдады. Журналист кәсібін құлай ұнатқан ол баспагер болумен қатар ұстаздық етті. Қарындашпен адам бейнесін салуда жоғары шеберлікке жеткенімен, оны әсте дабыра етпеді. Бойында Шығыс дәстүріндегі ақындығы да бар болатын. Бұлар Нәзірдің біз білмейтін қырлары болатын.

1937 жылдың 3 қарашасында Мәскеуде жабық сот мәжілісінде Нәзір Төреқұлұлы пантүрікшіл диверсиялық террорлық ұйымның белсенді мүшесі, Түркияның тыңшысы деп айыпталып, ату жазасына үкім шығарылады.


Ғылыми еңбектері:
  Қайраткер ғалым ретінде отандық тіл білімі саласына үлкен үлес қосты. Орыс-өзбек тілінің әлеуметтік-саяси сөздігі. Ташкент, 1922., Түркістан Автономиялық Республикасы // ЖН. 1923. 1. кітап, 86-95 б; (Бартольд В. В. кітабына рецензия), Түркістан тарихы. Ташкент, 1922 // Сонда. 2. кітап, 162—164 б., Ұлт мәселесі мен мектеп. Мәскеу, 1926, «Жат сөздер», «Қазақ-қырғыз үшін жаңа әліпби» сынды еңбектері мен өзге де мақалаларында емле, әліпби, терминология жүйесі ғылыми негізде талданып отырады. Сондай-ақ қаламгердің әдебиет туралы пікірлері де ерекше. Ол С.Сейфуллиннің «Асау тұлпар», «Бақыт жолына» атты шығармаларына, өзбек каламгері А. Қадыридің еңбектеріне сын жазды. Лениндік жолмен: (Наримановтың өліміне орай) // НВ. 1925. № 7. IV. Жинақ, Түркі әліпбилерінің латындандырылуы мәселесіне орай // Сонда. № 10/11. 218—222 б. 1926 жылы «Жат сөздер туралы» атты еңбегінде ана тілінің сақталуына айрықша көңіл аударып, сингармонизм заңын қуаттаушы лингвист ғалым ретінде қосқан үлесі күні – бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ.

Баяндамалары:

  • Стенографиялық есеп, 1927. 88-92 б., 115—123;
  • Біздің міндеттеріміз // НВ. 1928. № 20/21. XII—XXII жинақ;
  • Нәзір Төреқұлов — Сауд Арабиясы Корольдығындағы КСРО-ның өкілетті өкілі: (Хаттар, күнделіктер, есептер. 1928—1935 жж.). М., 2000.
  • (Дәруіш. «Иштракюн» журналы, №243, 1 желтоқсан,1920 ж.).

 Дайындаған Сымбат МҮТАЛАПХАНҚЫЗЫ,

«Білім тарихы» музейінің меңгерушісі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға