Жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясындағы сөзі (жалғасы)

2015 жылғы 23 сәуірде Астана қаласында Бейбітшілік және Келісім сарайында «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясы өтті.
24.04.2015 10:50 4844

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясындағы сөзі (жалғасы)

(жалғасы) Өткен бүкіл ХХ ғасыр бойына Қазақстан аумағына көпэтносты халықтың қалыптасуының күрделі үдерісі жүрді. Ғасырдың ең басында столыпиндік реформа кезеңіндегі шаруалардың қоныс аударуы барысында Қазақстанға Ресейден, Украина мен Беларусьтан 1 миллион 150 мың адам келді. Жиырма шақты жылдан соң, 30-шы жылдарғы ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық аудандарынан Қазақстанға 250 мың мүліктері тәркіленген шаруалар келді. Дәл сол уақыттарда өнеркәсіп нысандарын салуға елдің барлық түкпірлерінен шамамен 1,2 миллион адам қоныс аударды.

Сталиндік режім кезіндегі әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық немістер, 102 мың поляктар, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары қоныс аударды. Оларды вагондардан ашық далаға әкеліп түсірді. Ол кезде мұнда тек қазақтар ғана тұратын. Сондықтан қабылдаған да солар болды.

Сөйтіп, өздері мұқтаждықта өмір сүріп жатқан қазақ отбасылары оларды өздерінің саман үйлерінде қабылдады. Біздің отбасымыз да үш баласы бар ерлі-зайыптыларды қабылдады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын Барлық этностардың бір біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді.

Өздеріңіздер білесіздер, сталиндік қуғын-сүргін жылдарында Қазақстанда АЛЖИР, КарЛАГ, СтепЛАГ, ДальЛАГ, ПесчанЛАГ, КамышЛАГ, ЖезказганЛАГ, Ақтөбе, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерьлері сияқты жүз мыңдаған тұтқындар қамалған 11 арнаулы лагерь құрылды. Бірақ босағаннан кейін олардың барлығы бірдей кетіп қалған жоқ.

Оның сыртында соғыс кезінде Қазақстан 350 мың эвакуацияланған халықты қабылдады. 50-ші жылдары тың игеруге тағы да 1,5 миллион адам келді. Түрлі жабық әскери нысандар шамамен 150 мың маман мен олардың отбасыларын қабылдады. Бүтіндей алғанда ХХ ғасырдың басынан Қазақстанға 5,6 миллион адам қоныс аударды. Ол кезде жергілікті халық шамамен 6 миллиондай адам болатын. Бұларды тарихты білмейтіндер мен Қазақстан қашаннан осындай көпұлтты болған деп санайтындар үшін айтып отырмын.

Екінші жағынан, сталиндік қылмыстық ұжымдастыру салдарынан 1,5 миллион қазақ аштықтан қырылды. Осыдан-ақ әлемде бірде-бір елдің, бірде-бір халықтың қазақ халқы сияқты демографиялық ахуалда мұндай күйреушілікті бастан кешпегенін және толық жойылып кету қаупі туындамағанын түсінуге болады.

Біз тірі қалдық, топтаса білдік, қатыгезденген де жоқпыз, өшіккен де жоқпыз, ХХ ғасырдың қатаң қасіреті үшін ешқашан ешкімді кінәлаған да емеспіз. Біз төтеп бере білдік, сталинизмнің бүкіл кінәсіз құрбандарына көмектестік, өз төңірегімізге барлық этностар мен конфессияларды біріктіре отырып, өз тәуелсіздігімізге бейбіт жолмен қол жеткіздік. Бүгінде де біздің еліміз толеранттылық, келісім мен бір-біріне деген сенім негізінде алға қарай қадам басуда.

Өздеріңіз көріп отырғандай, біздің көпэтностығымызды саяси жүйе жасанды түрде жасап шығарды. Ол үшін өз ықтиярларынан тыс осы жерге келген адамдар кінәлі емес. Олардың бәрі де бүгінде қазақстандық болып шықты. Біз бәрін біртұтас, топтасқан халыққа біріктіре алдық. Бұл бүгінде біздің басты артықшылығымыз. Біздің күшіміз де осында.

Тарихтың бұл беттерін әркезде де есте сақтап, Астананың, сол сияқты еліміздің басқа да қалаларының музейлеріндегі экспозицияларда біздің тарихымыздың маңызды сатысы ретінде бейнелеу қажет. Ол кезеңнің тоталитарлық машинасынан біздің бәріміз де зардап шектік.

Қазақстанда жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтіледі. Қазақстандық элита түгел дерлік қуғын-сүргінге ұшырады, жартысы атылды. Бүгінде біздің елімізде 17 конфессия өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде. Олардың ішіндегі неғұрлым ірілері – ислам, православие және протестантизм.

Бізде тарихи тұрғыда қалыптасқан ханафиттік ислам біркелкілігімен, төзімділігімен, ислам құндылықтарын көкейге қонымды пайымдауымен ерекшеленеді.

Біздегі славян жұртының басым бөлігіне тән православие адамның ар-ожданы мен өнегелілік таңдауын, қайырымдылық пен мейірбандық мәселелерін басты күн тәртібіне қояды. Соңғы жылдары Қазақстанда табысты және кәсіби еңбекті, ұқыптылық құндылықтары мен қайырымды өмірді уағыздайтын католицизмнің, протестанттық шіркеудің жолын ұстанушылардың өсуі байқалады. Біздің елімізде басқа конфессиялар да өздерінің діни қажеттіліктерін алаңсыз жүзеге асыру мүмкіндіктеріне ие. Әр діннің өз артықшылықтары бар. Олар әркезде де қазақстандықтарды біріктіреді, бейбітшілік пен келісім ісіне, қоғам мен экономиканы дамытуға, мемлекетті нығайтуға қызмет етеді. Қазақстандық біртектілік әр діннің озық рухани құндылықтары негізінде нығаюы керек.

Сонымен бірге, Қазақстан зайырлы мемлекет болып қалуы тиіс. Әлемнің жаратылуы сондай, этностық, тілдік, діни және мәдени айырмашылықтар болжамды болашақта әркезде де бола бермек. Бірақ олар ажыратушы бөліктер емес, біріктіруші бастау болуы тиіс. Біздің жеріміз түрлі этностар мен діндердегі адамдардың аққан терімен молынан құнарланған. Біз бәріміз бірге қалалар мен поселкелерді салудамыз, астық өсірудеміз, индустрияны көтерудеміз, жолдар салудамыз, отбасын құрып, балаларды тәрбиелеудеміз. Біз табыстарға бірге қуанамыз және ең бір қиын сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсетеміз.

Мысалға, Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоры 5 жылдан бері Ана мен бала ұлттық орталығының онкогематология бөлімшесінің балаларына қолдау көрсетіп келеді. «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестігі балалар үйлеріне азық-түлік жеткізіп, қарттар үйлері үшін «қайырымдылық керуенін» ұйымдастырады. Немістердің «Возрождение» ассоциациясы әлеуметтік стансалардың республикалық желісін құрып, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетуде.

Оларға орасан зор алғыс! Мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Ассамблея тарихы – біздің тұрақтылығымыздың тарихы. Біз оны сақтауға тиіспіз. Оны біз әркезде де есте ұстап, қадірлеуіміз керек. Бұл халық зердесі үшін, адамдардың достығы мен өзара түсіністігі үшін, біздің балаларымыз бен немерелеріміз үшін ең басты мәселе.

Ассамблея Үкіметтің және бизнестің қолдауымен бүкіл ел бойынша барлық қайырымдылық акцияларының біріктіруші орталығына айналуы тиіс. Өзінің жоқшылықта, кедейшілікте болғанын есінен шығармаған адам дәулетке ие болғаннан кейін қиын жағдайда қалғандарға назар аударуы керек. Бізде татулық пен келісім үшін берік іргетас бар. Бүгінде экономикалық өсу есебінен өздерінің әл-ауқатының қалай жақсарғанын барлық қазақстандықтар сезінуде. Бұл мүлде басқа ел. Жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі 18 есе өсті. Бізді осындай өмірге жеткізген қазақстандық ғажайып та міне, осы.

Таяуда британдық «Ипсос МОРИ» социологиялық қызметі бүкіл Қазақстан бойынша тәуелсіз зерттеу жүргізді, соған сәйкес қазақстандықтардың 93 пайыздан астамы елдегі жағдайды жоғары бағалайтынын атап көрсеткен. Бұл біздің Конституциямыздың кіріспесінде толымды бейнеленген «Біз, Қазақстан халқы!» атты басты қағидаттың салтанат құруы.

Мен де, Өздеріңіз сайлаған Ассамблея Төрағасы ретінде бұл жетістікті бағалаймын. Мен жаңа Қазақстанның жасампаз жылдары ішінде бізге жүзеге асыруға сәті түскендерді мақтан тұтамын. Ассамблея жаңа Конституцияны қабылдау бойынша бүкілхалықтық референдумға бастамашы болған еді, биыл біз оның да 20 жылдығын атап өтетін боламыз.

Осы жылдар ішінде Ассамблея аса белгісіз құрылымнан Мәжіліс депутаттарын сайлау құқына ие конституциялық органға трансформацияланды. Бұл Ассамблеяның беделін арттырды. «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң – әлемде баламасы жоқ керемет заң. Ол еліміздің болашағы үшін өте маңызды. Оның нормалары біздің ұлтаралық саясатымыздың негізін қалыптастырады.

Ежелгі Египет мақалында айтылатынындай, дүниедегінің бәрі уақыттан қорқады, бірақ уақыт пирамидалардан қорқады. Біздің жаңа елордамыз – ажарлы Астана – осындай мәңгіліктің символы. Біз нағыз бейбітшілік пен келісімнің пирамидасын – қазір ҚХА сессиясы өтіп жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері үшін бірегей ғимарат салдық.

Қазақстанға келгендердің барлығы Ассамблеямызға таң-тамаша қалады, біздің халық достығына қаншалықты үлкен маңыз беретінімізді көреді. Бұл сарай – діндер Ғибадатханасы, біздің халқымыздың бірлігі мен келісімінің Ғибадатханасы. Жаһандық конфессиялар көшбасшыларының V съезі жақында дәл осы жерде өтеді.

Бүгінде планетамыздағы кез келген елдің алдында өте күрделі мәселе – жаңа жағдайларда тұрақты дамуды қалай қамтамасыз етуге болады деген мәселе тұр. Біз Еуропада ислам құндылықтарына карикатуралар салдыруға итермелеп, кейбір елдерде есірік туындатқан исламофобия өскенін байқаудамыз. Осы және басқа да оқиғалар, олардың шығу тегі мен табиғаты қалай түсіндірілетініне қарамастан, ұлтаралық және конфессияаралық қатынастардың нәзік те шетін саласына қатысты заманауи сын-қатерлер мен проблемалардың жаһандық сипатын қуаттап беріп отыр.

Кез келген елдің қуаты – оның халқының бірлігінде. Біздің этносаралық келісім тәжірибемізді неғұрлым көп ел пайдаланатын болса, әлем соғұрлым қауіпсіз болатынына сенімдімін.

Күн тәртібінде басты мәселе – болашағы біртұтас ұлттың мәселесі тұр. Оны құру «Нұр Отан» съезінде ілгерілетілген бес халықтық реформаның жалпы мәнін қалыптастырады. Менің өңірлерге жұмыс сапарларым барысында менен бес халықтық реформаның шешуші мағынасы неде деп жиі сұралды. Бүгін мен баршаға бірден жауап берсем деймін.

Менің барлық басты бастамаларым: «2050-Стратегиясы», жаңа индустрияландыру, «Нұрлы Жол», бес халықтық реформа, «Мәңгілік Ел» – бұлар көп жылға бұрын есептелген ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын мега-жобалар. Оларды тек қуатты бүкілхалықтық механизм ғана іске қосуға қабілетті. Болашақ біртұтас ұлт осындай бола алады.

Біз бірегей және халық бірлігінің осы кезге дейін еш жерде қайталанбаған моделін қалыптастырудамыз. Бізді, біріншіден, ортақ үйіміз – Қазақстанға деген ортақ сүйіспеншілік біріктіреді. Екіншіден, біздің ежелгі жеріміз бен тілдерді дамыту тарихына қатысты қоғамдық келісіміміз. Үшіншіден, мемлекетіміз бен оның азаматтарының бүгінгі күніміз бен еңселі ертеңімізге түбегейлі сеніміміз. Біздің Мәңгілік Отанымыз – Мәңгілік Елдің негізі, міне, осы.

Бүгінде дамыған елдердің ТОП-30-дығы – болашақтың біртұтас ұлттары. Біз осындай табысты тәжірибелердің көптеген мысалдарын көріп отырмыз, олар – Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Малайзия және басқалары. Қазір біздің қазақстандық тәжірибе де осы қатарда деп айтуға әбден болады. Бірақ біз өзіміздің жолымызды аталған елдерден 30-50 жыл кейін бастадық. Сондықтан біздің алдымызда үлкен жұмыстар тұр. Мен бес халықтық реформаны іске қостым.

Бірінші – кәсіби мемлекеттік аппарат жасақтау. Екінші –  заңның үстемдігі. Үшінші – индустрияландыру мен экономикалық өсім. Төртінші – болашағы біртұтас ұлт. Бесінші – транспарентті мемлекет.

 Бұлар – сырттың теріс ықпалдары салдарын еңсеріп, елді нығайтатын және барша үшін осы заманғы Қазақстан тұрғызуға көмектесетін жаңа басымдықтар. Ең бастысы, еңбек адамының жұмысы мен тұрақты жалақысы, басында баспанасы, ертеңгі күнге деген сенімі болуы тиіс. Бес реформа – бұл қарапайым адамдарға керектінің дәл өзі.

ҚХА өкілдері Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жұмысында маңызды рөл атқарулары керек. Осымен байланысты Ассамблея алдына бірқатар міндеттер қоямын.

Бірінші. Бүкілқазақстандық біртектіліктің, болашағы біртұтас ұлттың кілті бүкілқазақстандық мәдениет болып табылады. Әлемдегі аса серпінді ұлттардың – АҚШ-тың, Жапонияның, Еуропа елдерінің, Оңтүстік-Шығыс Азия «жолбарыстарының» тәжірибесі қазіргі дүниеде берік мәдени арқаусыз елдің экономикалық және саяси табысы мүмкін емес екенін айқын айғақтап беріп отыр.

Сондықтан планетамыздағы 30 лайықты ұлттың біреуі атану үшін, бірінші кезекте, ХХІ ғасырда аса танымал мәдениеттердің қатарында болу шарт. Біз Қазақстанның әлемдегі 30 «жоғары мәдениетті қоғам» шоқжұлдызына енуін қамтамасыз етуге тиіспіз.

Бар-жоғы екі жылдан кейін біздің елордамыз Астана Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін қабылдайтын болады. Ол Қазақстанның бүгінгі мүмкіндігін, әлеуетін және болашағының жаһандық қарымын байқатпақ. Біз – осы бүкіләлемдік форум өткізу құқығын алған әлемдегі 17-ші елміз. Біз конкурсты жеңіп алдық. Бұл – біздің экономикалық және мәдени дамудағы жаһандық көшбасшылар қатарында болуға деген ұмтылысымыз негізсіз емес екенін дәлелдейтін бүкілхалықтық миссия. Мәдениет және спорт министрлігі «ЭКСПО-2017-ге» қарай бүкілқазақстандық мәдениеттің тұсаукесерінің арнайы жоспарын жасауы тиіс. Біз – жаңа елміз, сондықтан көрмеге келушілердің еліміз, табиғатымыз, мәдениетіміз, тарихымыз туралы көбірек білуге деген ұмтылысы табиғи болмақ. Бізге осы мүмкіндікті пайдаланып қалу керек.

Екінші. Қазақстандық ұлттық рухтың басты көзі – ортақ рухани-адамгершілік құндылықтар негізіндегі халық бірлігі.

Біздің азаматтарымыздың  көпшілігі – қазақтар. Тиісінше, жалпықазақстандық бірлік дегеніміз – ең алдымен, қазақтың өзінің бірлігі. Елдің тағдыры мен болашағы –  мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақтың қолында. Халықты ұлы істерге ұйыстыруда басты жауапкершілік қазаққа жүктеледі. Осыны әрдайым есте тұтайық.                  

Біздің Конституциямыз нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, барлық азаматтарымыздың құқықтық теңдігіне кепілдік береді және қорғайды. Сонымен бір мезгілде, қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайту қажет. Ол азаматтық қағидатына негізделуі тиіс. Барлық азамат құқықтардың бірдей көлемін пайдалануы, жауапкершіліктің бірдей жүгін көтеруі және теңдей мүмкіндікке қолжетімділікке ие болуы керек.

Мәңгілік Ел идеясы арқауындағы топтастырушы құндылықтар – азаматтық теңдік; еңбексүйгіштік; адалдық; оқымыстылық пен білімге бас июшілік; зайырлы ел – толеранттылық елі. Қазіргі кезде жобасын жасаумен Ассамблея айналысып жатқан «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің негізін осылар құрауы тиіс. Онда қазақстандық патриотизмді жаңашылдықпен айқындау қажет. Қазіргі дүниеде қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің барлық елдерде бірдей қолдануға болатын мінсіз және дәл рецептілері жоқ. Біз әлемде алғашқы болып бүкілқазақстандық ұлттық идеяны нақты құжат пішінінде бекітеміз. Мұндай тәжірибе еш жерде жоқ және біз баршаның алдында келеміз.

Дәл осы секілді, қазақстандықтарды тұтастандыру мен біріктірудің бірегей мүмкіндігін көре отырып, осыдан 20 жыл бұрын бірінші болып халық Ассамблеясын құрдық. Жаңа міндеттерді жүзеге асыруда ұлттық интеллигенцияға ерекше рөл беріледі.

Үшінші. Біз өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеуге ерекше назар аударуымыз керек. Бұған білім беру жүйесінің, тәрбиенің, мәдениеттің, БАҚ-тың, этномәдени бірлестіктердің барлық күш-жігері бағытталатын болуы тиіс. Бұдан да көп айтуға болады. Адамдар талғамсыздықтың, «менттер», қылмыстар туралы көпірген сериалдардың, тұтынушылық, ойын-сауық және тағысын тағы сияқтылардың көптігінен шаршады. Мұнда жалпыұлттық құндылықтарды нығайтуға бастайтын күш ретінде біздің интеллигенциямыздың рөлі зор. Адамдар театрдан, кинодан, кескіндеме өнерінен, өнер туындылары мен мәдениет өнімдерінен адамгершіліктің, адалдықтың, абырой мен ізгіліктің көрсетілгенін күтеді. Мәдениет және спорт, Инвестициялар және даму министрліктеріне Ассамблеямен бірлесіп, БАҚ-тарда, Интернетте арнайы жобаларды жасап, жүзеге асыру керек.

Төртінші. Кез келген ұлт-мемлекет – бұл, бірінші кезекте, оның бірегей мемлекеттік тілі. Қазақ тілін үйреніп жүрген барлық ұлты қазақ еместерге рахмет. Балаларын балалар бақшасынан бастап өз Отанының тілінде сөйлеуге үйретіп жүрген ата-аналарға да рахмет. Қазақ тілін дамыту өзінің тарихында ешқашан осындай ауқым мен қарқынды білген емес. Бүгінде қаншама қазақ еместер қазақ тілін біледі! Мемлекет қазақстандықтардың барлық этностық топтарының тілдерін дамытуға қамқорлық көрсетіп келеді. Біз үштұғырлы тіл енгізу қарқынын өрістетудеміз. Қазақстандықтардың 20 пайызы қазірдің өзінде ағылшын тілін меңгерген. Яғни, үш тілді білу – жаһандық өмірге жолдама алу деген сөз. Бұл – адамның өмірдегі табыстылығының қағидаты.

Біз тіл мәселесіне келгенде білім мен мәдениетті жиі шатыстырамыз. Қазіргі заманда білім беру мен мәдени тәрбие беру – бір-біріне жақын, бірақ екі бөлек жұмыс. Білім берудің міндеті – заманға сай білімі бар, тәжірибелі, білікті, жаңа технологияларды меңгерген,  бәсекеге қабілетті азамат қалыптастыру. Осы арқылы өзінің, бала-шағасы мен отбасының, елінің игілігі үшін табыс таба алатын азамат қалыптастыру. Ал, мәдени тәрбие берудің міндеті – адамды ұлттық болмысын сақтауға, туған тілін, тарихы мен мәдениетін игеріп, дамытуға үйрету.

Басты проблема неде? Қазіргі заманғы білім мен ғылым негізінен басқа тілдерде, әлемдік тілдерде жасалады. 2014 жылы әлемде ағылшын тілінде 500 мыңнан астам жаңа кітап жарыққа шықты. Қазақ тіліндегі кітаптардың саны – 2300. Айырмашылық – жер мен көктей. Ғылыми әдебиетте де осындай көрініс. Медицина саласында ағылшынша 15 мың, қазақша 100 жаңа басылым шықты.  Ғылым мен жаңа технологияда 30 мың және 200. Жыл сайынғы көрініс – осы!

Сапаны салыстырсақ та жағдай шамалас. Бұл – әлемдік үрдіс. Осы проблема Еуропадағы,  Оңтүстік Америкадағы, Азия мен Африкадағы елдердің басым көпшілігінде бар. Барлық мемлекеттер бәріне ортақ бір проблемамен бетпе-бет келіп отыр. Ол – аса ауқымды ақпарат тасқынын аударып үлгермеу мәселесі. Әлемдегі техникалық ақпараттардың 70 пайызы – ағылшын тілінде. Электронды тасымал құралдардағы ақпараттың 80 пайызы – ағылшынша. Жапон, қытай, орыс, француз, араб, түрік және басқа да тілдердің бәрін қоса алғандағы өзге тілдердің үлесі небәрі 20 пайыз. Осы тілдерді ғана білетін адамдардың ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі барынша шектеулі. Бұл айырмашылықты еңсеру тіптен мүмкін емес.

Әлемде білім саласының қарқынды дамитыны соншалық, оны ұлттар өз тілдеріне аударып үлгере алмайды. Біз аударғанша ол мәліметтер ескіріп қалады. Сондықтан, жоғарыда айтылған салалар түгелімен ағылшын тіліне көшуде. Бұл үрдіс жыл өткен сайын кеңейіп, тереңдеп, жеделдеп барады. Сонда, жаһандану заманында бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуға бел байлаған ел не істеуі керек? Тезірек әрекет жасауы қажет. Осыны түсінген ел өзгелердің алдында артықшылыққа ие болады. Оған мысалдар да жеткілікті: Сингапур, Малайзия, Корея, Гонконг, Тайвань, Біріккен Араб Әмірліктері.

Ағылшын тілінде бәрі бірдей еркін сөйлемеуі мүмкін, бірақ оқып, түсіне алады. Әлемдегі негізгі ақпараттарға қолы жетпейтін  ұлт бәсекеге қабілетті бола алмайды. Бұл – ХХІ ғасырдың заңы. Сондықтан, ғылымда, медицинада жұмыс істейтін және мемлекеттік қызметтегі азаматтар ағылшын тілін тезірек меңгеруі қажет. Ұстаздар мен ата-аналарға айтарым – Қазақстанның білім беру саласында осы мәселе мұқият ескерілуі тиіс. Біздің мектептеріміздің бәріне ортақ бір үлгі қажет. Бұл үлгідегі мектепте Қазақстанның мәдениеті мен тарихы, тілі мен әдебиеті  қазақша, жаратылыстану пәндері ағылшынша үйретіліп, орыс тілі пән ретінде оқытылуы керек. Ұлттық тіл мен мәдениетті сақтап, дамыту әлемдік ақпараттан құралақан қалуға негіз болмауы тиіс. Мектептің соңғы сыныптарында және жоғары білім беру – бірте-бірте ағылшын тіліне көшу керек.  «Үш тұғырлы тіл» саясатының негізгі мәні – осы! Сондықтан Білім және ғылым министрлігіне Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, Үш тілде білім беруді дамытудың жол картасын жасау қажет.

Бесінші. Халық Ассамблеясы халықтық, саясатүстілік өкілдіктің ерекше тетігі ретінде транспарентті мемлекеттің қоғамдық бақылау жүйесінде маңызды рөл атқаруы тиіс.

Алтыншы. Ассамблея алдында бұрынғысынша этносаралық қатынастар саласын саясаттандыруға жол бермеу міндеті тұр. Біз қай тараптан шыққанына қарамастан, ұлттық радикализмнің кез келген пішінінің жолын қатаң кесетін боламыз. Біздің қоғамда қазірдің өзінде қандай да бір радикалды үндеулер мен арандатушылыққа қарсы белгілі бір иммунитет қалыптасып үлгерді. Бірақ Қазақстан халқы Ассамблеясы қолын қашанда қоғамның тамыр соғысында ұстап, тиісті мемлекеттік органдармен бірге алдын алу шараларын қабылдауы керек. ҚХА үшін оның мемлекеттің ішкі саясатын жүзеге асыруға қатысуын қамтамасыз ететін, барлық этностарды жалпымемлекеттік міндеттер кешенін шешуге жұмылдыратын арнайы бағдарлама жасалатын болуы тиіс. Бізге Ассамблея туы астында «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық акциясын ұйымдастыру керек.

Жетінші. Халық Ассамблеясына біздің Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптестерімізбен мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды тереңдету бойынша жүйелі жұмыс тізбесін қалыптастыру қажет. ЕАЭО құру бастамасын біз көтергенбіз. Еуразиялық экономикалық одақ міндетті географиялық көршілестік қағидатын ұстанбайтындығымен қызықты. Тек біртұтас ережелер ғана міндетті. Мен ЕАЭО бейнесін кез келген басқа интеграциялық бірлестіктер, ойлап табуды қажет етпейтін велосипед түрінде, елестете алар едім. Егер ол қозғалмайтын болса, құлайды. Бұл әзірше төрт доңғалағын тең басқан, моторы мықты, алға қарай орнықты және сенімді келе жатқан жол талғамайтын көлік емес. Ал бұл қозғалысты сіз бен біз, біздің экономикалық одаққа енген және әлі енетін барлық елдердің халықтары қамтамасыз етуі тиіс. 

Қымбатты халқым!

Бақыт бағалай білгеннің ғана басында тұрады. Ең асыл қазынамыз – бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай білсек, барлық асулардан асамыз.

Мен халқымды Ассамблеяның алтын шаңырағын асқақтата түсуге үндеймін. Бірлік қағидасы – әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналсын! Жүрегімізде Ұлы Отан – Мәңгілік Елге деген махаббат оты маздасын! Баянды болашаққа бірге қадам басайық! Ырысымыз тасып, айбынымыз аса берсін!

Алға, Қазақстан!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға