Жаңалықтар

Нұрмат Мансұров: «Ақындық берілген қабілет емес, қасиет»

Айтыскер ақынмен сұхбат
Нұрмат Мансұров: «Ақындық берілген қабілет емес, қасиет»
Фото: © El.kz 31.07.2021 13:25 9814

 

Айтыссүйер қауым үшін Нұрмат Мансұровтың есімі қашан да ыстық. Ол өзінің жалынды жырларымен, өткір тілімен, байыпты болмысымен, салмақты сөз саптауымен көпшіліктің жүрегіне жол таба білген ақын. Ізденімпаздығының, еңбекқорлығының, табиғи дарынының арқасында талай шыңды бағындырып, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Айтыстың бас бәйгесімен 10 шақты темір тұлпарды тізгіндеген, талай облыстық, республикалық додаларда топ жарған. 2005 жылы «Шабыт» Халықаралық жастар фестивалінің Айтыс номинациясы бойынша Гран-при иегері. Қызылорда қаласының астана болғанына 80 жыл толуына байланысты өткен «Жырым сенсің, Қызылорда!» республикалық ақындар айтысының жүлделі І орын (2005), Қызылорда қаласында өткен Сыр сүлейі, ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдығына арналған «Тау тұлға – Тұрмағамбет» атты республикалық ақындар айтысының ІІІ орын (2007), Халық ақыны Манап Көкеновтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Манаптың бір өзі – бір театр» атты республикалық ақындар айтысының ІІ орын (2008), Қазақстанның халық жазушысы, ақын, драматург Әбділда Тәжібаевтың шығармашылығына арналған «Сырда туған жаңа Гейне мен болам…» атты республикалық ақындар айтысының ІІ орын (2008), «Тәуелсіздік – мәңгілік мұратымыз» атты республикалық ақындар айтысының І орын (2011), Сырдария ауданында өткен республикалық айтыстың Бас жүлде (2011), Жалағаш ауданында Бұхарбай батырдың 200 жылдық мерейтойына арналған республикалық айтыстың бас жүлде (2012) иегері. Белгілі айтыскер бүгінде өнерден қол үзбей, сол саланың қым-қуыт тіршілігімен біте қайнасып келеді.

 

Туған ағасы алты жасында халықтың алдына алып шыққан

 

Нұрмат Мансұров 1985 жылы 24 наурызда дүниеге келген. Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Сәкен Сейфуллин атындағы ауылдың тумасы. Ақын Бекарыс Шойбеков бір айтыс барысында сөз зергерінің туған жері туралы:

 

«Халықсың өнерге бай, өлеңге бай,

Айтуға тұрарлық та өрең де бай.

Саған дейін Сырдария боп келген өзен,

Жырдария боп келеді төмен қарай», - деп айтқан екен.

 

Сыр өңіріндегі Сырдария ауданы талай талантты түлеткен мекен, Қалтай Мұхамеджановтың, Асқар Тоқмағанбетовтың, Сәбира Майқанованың туған жері. Осындай дарабоздар ізін қалдырған өлкеде бүгінгі біздің кейіпкеріміз де дүниеге келген.

 

- Өз ауылыма неліктен Сәкен Сейфулиннің есімін берілгенін сұрастырғанымда, ақынның мерейтойы республикалық деңгейде атап өтілген кезде осындай тарихи оқиға орын алғанын білдім. Ауданымыздағы №137 мектептен білім алып, кейіннен қалаға қоныс аудардық. Заңгерлік саласы бойынша білім алдым. Студенттік жылдардан бастап айтысқа қатысып, көптің ықыласына бөлендік, содан бері өнер көшінде келе жатырмыз. Мұғалімдер отбасында дүниеге келгенмін. Жалпы, біздің әулетті «мұғалімдер әулеті» деп айтады. Атам Мансұр Сәкен ауылындағы мектептің іргесін қалауға ат салысқан. Сондай-ақ соғыстан кейін жылдары Арал ауданындағы Шижаға деген ауылға мектеп салып, соның алғаш директоры болған. Қолда бар мүмкіндікпен, сол кездегі балаларды сауаттандырып, сауапты іс жасаған. Мектеп ісін ұйымдастырған. Сол мектепте атам Мансұр Есназаровқа арналған бұрыш бар. Одан кейінгі жылдары өз ауылымызға келіп, зейнеткерлікке шыққанша сондағы мектепті басқарды. Отбасында алты ағайындымыз, мен үйдің кенжесімін. Өзімнің отбасым, төрт ұлым бар. Қазір отбасымда қарт анаммен бірге тұрамыз», - дейді кейіпкеріміз.

 

6-7 сынып оқып жүрген кезінде айтысқа деген ынтасы ашыла бастаған. Кейіпкеріміз ауылда жүріп, «Хабар-2» телеарнасынан айтыстың тұрақты көрермені болған кезін, қызықты сәттерімен қоса еске алады. Ол кезеңде ауылдарда электр жарығы жиі өшетін болған. Сондай кедергіге қарамастан, біріншіден, теледидары бар үй тауып, екінші жағы оны аккумулятор арқылы қосатын болған. Айтысты көруге, оны мәнін-маңызын түсінуге деген талпыныс бала Мансұрдың өнер жолына келуінің алғашқы баспалдақтары десек болады.

 

- Студенттік жылдардан бастап айтысқа қатыстым. Бірнеше жылдық ішкі дайындығым бабында болса керек, кейіннен үлкен айтысқа шықтым. Ақындық – қабілет емес, қасиет дер едім. Оны дүние-мүлік, мал беріп сатып ала алмайсың. Қан арқылы келетін қасиет. Атам Мансұр ақын кісі болған. Қым-қуыт, қиын уақытта дүние өмір сүрді, ақындықпен айналысатындай мүмкіндігі болмады. Алайда төте жазумен жазылған өлеңдері бар. Бір-екі буын алмастырып, қона беретін қасиет қой. Туған ағам Бағдат Есназаров та – поэзия ақыны. Облыстық деңгейдегі ақындар есімін жақсы біледі», - дейді Нұрмат Мансұров.

 

Өнерге жанашырлығы бар адамдардың назарына іліккенін атап өткен айтыскер алғашқы сахнаға шыққан сәттерін еске алды. Халықтық өнерді ұйымдастырған, өнердің қайраткер азаматы Шайтұрсын Әбдібаев студенттер айтысында қазылар алқасының төрағасы болған. Сол айтыстан кейін сахнаның сыртына келіп, телефон нөмірін беріп, талабы таудай Нұрмат Мансұровқа жолық дейді. Айтысқа тікелей ықпалы болмаса да, жалпы өнерге деген жанашырлығын танытып, кітаптарын беріп, «ана ақынға бар, мына ақынға бар» деп жөн сілтеген. Сол кездегі жас ақынға ұстаз болатын адамдарды тауып берген. Осылайша Нұрматтың қанатының қатаюына қазылар алқасының төрағасы болған Шайтұрсын Әбдібаевтың шарапаты тиген. Ал жалпы оны өлеңге құштар болуына, өнерге баулыған туған ағасы Бағдат Есназаров екен.

 

- Ағам Бағдат кішкентайымнан өлеңдер жаттатты. Осылайша, алты жасымда Қайрат Рысқұлбековтың Желтоқсан оқиғасындағы ұзақ толғауын ағамның аса ыждахаттылығымен жатқа оқыппын. Мені сол жаттағандарымды айту үшін сол жасымда халықтың алдына алып шыққан. Халықтың құрмет-қошеметі, баланың да көңілін қанаттандыратын болса керек, әрі қарай дастандар жаттауға, өлеңдер оқуға бағытталдық. Көркемсөз бойынша аудандық, облыстық бәйгелерге қатыстық. Ерте жастан өлең жаттағандықтан, өлең жазуға да машықтандық. Сәл қанатымыз қатайғасын өзіміз іздеп тапқан ағамыз Дүйсенбек Аяшұлы, Шәкизада Әбдікәрімов. Осы кісілердің көз алдында жетілдік. Айтыста айтатын ойымызды саралап, артық-кем жерімізге баға беріп, өсірді. Қазақ айтысын насихаттау барысында Өзбекстанда, Францияда өнер көрсеттім. Ал ел ішінде бір-екі облыста ғана болмаған шығармын, қала, аудандардың барлығында болдым», - деп атап өтті айтыскер ақын.

 

Нұрмат Мансұров белгілі айтыскерлердің біршамасымен сахнада жұптасып, халықтың жүрегіне қонымды айтыс жасай білді. Ол аға буын өкілдері Мұхамеджан Тазабеков, Мэлс Қосымбаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Оразалы Досбосынов секілді ақындарды кезіндегі айтыстың бақан-тірегі бола білді дейді. Бұлардың әрқайсысының мектебі қалыптасқанын айтады. Сондай-ақ бұл тізімге Аманжол Әлтаевты да қосқысы келеді. Мектебі қалыптаспағандардың, айрықша өз жолы бар деп санайды. Аға буын ақындарының 70 пайызымен, Рүстем Қайыртай, Ринат Зайытов сынды өз замандастарының барлығымен сахнада жұптасып, өнер көрсеткен. Мәселен, Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имашев, Серікзат Дүйсенғазы, Бекарыс Шойбеков, Маржан Есжанова, Ақмарал Леубаевамен айтысқан. Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағында 160-қа жуық айтыс ақындары бар болса, соның 60-қа жуығы белсенді көрінеді. Осы ақындармен өз кезеңінде толық айтысқан. Ақыннан қай сөз додасы ерекше есіңізде қалды деп сұрағанымызда былайша жауап берді.

 

«Халық бір жарым минут бойы тоқтамай қол соғыпты»

 

- Енді шығып жүрген кезімде, Сара Тоқтамысовамен айтыстым. Тұрмысқа шықпаған, Сараның сәні келіп тұрған шағы. Төгіліп жыр айтатын. Жұрт аузын ашып, көзін жұмып қарайтын аса талантты ақын. Сараға сахнада сөз салыппын, бұл жайды көрермен болған кісілердің бірі айтып берді. Ол маған: «Оңтүстіктің адамдары кәрі әке-шешесінің аяғын жудырады, мен ондайға көнбеймін. Мен Семейдің ерке қызымын», - деген екен. Сонда мен былай жауап қатыппын:

«Атты қыз, қыр көрсетті жай ауылға,

Сара қыз, қос бүйірін таянуда.

Шешесінің аяғын жудырады деп.

Сөзінің сөйлеп жатыр ояғында.

Сеніменен қатар туып мен де жуам.

Сол емес пе өмірдегі баяным да.

Мұсылманның баласы ек, Құранды ұққан,

Жәннат кілті – ананың аяғында».

Көрермен болған кісі осыны маған жатқа айтып берді. Халық осы шумақтан кейін бір жарым минут бойы үздіксіз қол соғыпты. Тағы бір көрермен көрген кезде мына шумақтарды еске түсірді. Байқоңыр қаласында бір ақынмен шыққан екенмін. Уақыт аяқталып, тоқтау керек болған жағдайда әділ-қазылар «тоқтатыңдар» деп ескерту беріпті. Қарсылас інішек «Тоқта дегенде, кет дегенде ит те кетеді ғой, кетейік» депті. Сонда мен айтыппын:

«Әр адам өз тағдырын таңдайды ғой,

Інішек сабаңа түс, болма дүлей.

Кет дегенге атып тұрып кете берсек,

Сенің иттен айырмаң қалмайды ғой».

Осы сәтте халық гу етіп көтеріліп, тұрып алып еді, - деп киелі сөз иесі сахнадағы сәттерін еске түсірді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Айтыскерлер қоғамның бүгінгі болмысын бүкпесіз ашып айту арқылы халық жүрегінен орын табады, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді жиі көтереді. Сол себепті айтыс өнерінің жыл сайын көрермені көбеймесе, кеміп жатқан жоқ. Айтыс демократиядан көрініс беретін өнер, қазақ халқы бір ауыз сөзге тоқтаған халықпыз. Ақынның айтуынша, Ұларбек Нұрғалым тоқталып өткендей болмысы мен сөзі үйлескен, сөздің мәдениетін қалыптастырған халық. Айтыстың үстінде қазақтың болмысы ашылады. Халық айтыстан өз болмысын көреді.

 

- «Ат сүрініп болғанша, ақыл тапқан дегендей», уәж тапқан, сөз тапқан, жол жіңішкеріп бара жатқанда жол тапқан халықпыз. Адамды арда тұтатын елміз. Қажеттілігі, мұң-мұқтажы, жоқ-жітігі айтылады. Кез келген ақын айтысқа елдің, қажеттілігін бір шумақ қылып айтса да мәселе етіп жеткізеді. Олардың барлығы елдің аманатын арқалайды. Ауылының жағдайын айтады. Алты Алаш түгел танитын Айбек Қалиев, Бекарыс Шойбеков, досым Мұхтар Ниязов әрқайсысы айтыстың алдындағы аманатын адал атқарып келе жатқан ақындар деп айта аламын, - дейді Нұрмат Мансұров.

 

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз қазақтың айтыс өнерін насихаттау мақсатында Түркия, Франция, Өзбекстан елдерінде өнер көрсетіпті. Ал бұл тарихи сәттер қайталана ма, жоқ па, бұл уақыттың еншісінде. Өнер керуенінің Кәрі құрлыққа дейін баруы айтыстың алдында жүрген қара нар Жүрсін Ерманның жанашырлығы, ақындарға, өнерге деген жанашырлығы деп есептейді. Шетелге шығуға бір адамның өзіне қаншама қаржыны талап етеді, ал мемлекеттен бір теңге алмай, жеке адамдардан қолдау тауып, айтыс керуенін сән-салтанатымен алып бару үлкен қайраткерлік іс екенін айтады.

 

- Жүрсін Ерманның қазақтың құндылығын әлемге дәріптеу шаруасы өлшеусіз іс. Айтыстың Кәрі құрлықтағы көрермені Еуропадағы қазақтар болды, сондай-ақ шетелдің адамдары да отырды. Ерекше естеліктерімен есте қалды. Сөзбен айтып жеткізе алмайтын әсер алдық. Керемет кездесулер, жүздесулер. Қазақты әлемге танытқан рухани шара болды. Сол жерлерге барғаннан кейін көңіліміз марқайып қалды. Түркияға барған сапарымызды Мұхамеджан Тазабеков ағамыз бастады. Түркиядағы Қазақ қауымдастығының арнайы шақыруымен бардық. Айтыс екі-үш жерде болды. Ол жердегі қазақтар Еуропаға қарағанда дінінен, өзегінен үзілмеген қазақтар, айтысты керемет, түсініп отырып көреді екен. Бірнеше туыс, жақын тауып қайттық. Түркияға барған сапарымызда танысқан Исмет сияқты ағаларымызбен әлі күнге дейін байланысып тұрамын. Сол айтыстан тапқан бауырларым. Түркиядағы, Еуропадағы айтыстар менің өмірімде өлшеусіз із қалдырды, - деп ағынан жарылды айтыскер.

 

Нұрмат Мансұров БАҚ саласының дамуына да өзіндік үлесін қосып, 7-8 жылдай осы салада жұмыс істеді. Қызылорда қаласындағы «Қоғам ТВ» арнасының құрылтайшысы, директоры Шәкизада Әбдікәрімов оны сахнасы кішкентай болғанмен, көрермені көп деп сол телеарнаға шақырған. «Сыр сандық» деген бағдарлама ашып, облыстағы өнер қайраткерлерін туралы хабар жасауына мүмкіндік берген.

 

- Бағдарламаны Сәкен Сейфуллиннің «Сыр сандық» деген өлеңінің алғашқы шумағымен бастайтынмын. Хабарды түйіндеуді Сыр өңіріне белгілі Оңталап Нұрмахан деген режиссермін ақылдастық. Хабарды эфирге шығару барысында ол кісі «Хабарды түйіндегенде әр адамнан қолтаңба алып қалсаң» деген ұсыныс айтты. Хабардың мазмұны өнер адамының шығармашылығына арналып, соңында сондай рәсіммен аяқтадық. Хабар 1-1,5 жылдай эфирге шықты. Қызығы, осыдан кейін Қазақстан ұлттық арнасында Болат Әбділманов жүргізген «Қолтаңба» деген хабар шықты. Дәл біздегі идея оларда да көрініс тапты. Плагиат деп қуған жоқпыз, бірақ Оңталап ағамыз айтқан кішкентай идея республикалық деңгейге жеткеніне қуандық. Кейіннен «Таным мен тағылым» атты республикалық газет шығардық. Атқарушы директор ретінде қызмет атқардым. Ол кезде негізгі жұмыстарым ұйымдастыру бағытында болды, - дейді кейіпкеріміз.

 

«Рейтинг телеарнаның да, радионың да жағдайын дел-сал қылды»

 

Нұрмат Мансұров 2014 жылы көктемде елордасы Нұр-Сұлтан қаласына көшіп, 2020 жылға дейін сонда тұрады. Телевизия майталманы Нұртілеу Иманғалиұлының себепші болуымен «Қазақ радиоларының» ішіндегі «Шалқар» радиосында табан аудармай, алты жыл қызмет етеді. Қазақ радиосында руханиятқа, өнерге, айтысқа, поэзияға қатысты бірнеше хабарларлардың авторы болып, жүргізушілікті қатар атқарған. Радиода жасаған материалдары республикалық, халықаралық жарыстарда жүлдегер атанады. Сонымен қатар теле-радио саласында тәжірибесі бар маман «Телевизия тіліне, радио тіліне көңіліңіз тола ма?» деген сауалымызға электронды ақпарат құралдарындағы рейтинг деген құбылыстың көп жерде кедергі келтіретінін ашып айтты.

 

-  Бүгінде телеарна мен радионы рейтинг деген түсініксіз дүниеге байлап қойды. Жалпы бұны көзалдарлық дер едім. Рейтинг кімге керек? Осы сұраққа жауап берерде көп адам жауапсыз қалады. Мұны жеке бір компаниялар, тәуелсіз компаниялар бағалайды. Ұлтқа қарсы институттар жұмыс істеп жатқандай көрінеді. Телеарна, радио басшыларының ұлтжандылығы осы тұста көрінуі керек. Рейтингтің ең бірінші құртқан дүниесі – тілдің көркемдігі. Мәселен, тілдің майын ағызын жасайтын бағдарламалар түкке керек емес. Өйткені ол тыңдалмайды деп санайды. «Көркем-бейнелі сөйлеп отырғаның кімге керек, саған қысқа әрі нақты айт» деген талап қойылады. Рейтинг мәселесін нақты бір адамдар қолға алса, мүмкін, телеарналар арасындағы бәсекелестікті қалыптастыруда дұрыс шығар. Алайда ұтылып жатқан тұстарымыз да бар. Рейтингке орай телеарнада жүргізуші ретінде әншілерді, әртістерді алады, кәсіби мамандар шетте қалып жатады. Олар экран алдында міндетті түрде қателік жібереді. «Алақандай ауылды ала тайдай бүлдірді» дегендей рейтинг телеарнаның да, радионың да жағдайын дел-сал қылды, - дейді жанашыр ақын.

 

Кітап оқитындар жандар бір орында тұралап қалмайды. Олар үнемі даму үстінде. Белгілі айтыскер соңғы рет Ұларбек Нұрғалымның «Дайағашшы» кітабын парақтапты. Сондай-ақ Асқар Сүлейменовтің кітаптары, Тынымбай Нұрмағанбетовтың жазғандары қолымнан түспейді дейді. Төлен Әбдік шығармаларын да қараусыз қалдырмайды.

 

- Кітап адамның досы, адамның сырласы. Жас буынның уақытын қалта телефондар ұрлап жатыр. Былай қарасаңыз, ондағы мәліметтің көбісі көбік. Тереңдеу үшін міндетті түрде кітапқа қайта оралу керек, - деген пікірдегі ақын, үлкендердің «кітап дүкенінің алдында кезекте тұратын едік» деп еске салатынын айта келе, сондай уақытты қалыптастырсақ, қоғамның инттелектісі өсер еді деп ойлайды. Кітап оқуға, газет қарауға және соны әдетке айналдыруға кеңес береді.

 

Айтыс аламанында жүргеніне биыл – 15 жыл

 

Белгілі айтыскер бір жылдан бері Қызылорда қалалық мәдениет бөліміне қарасты Мәдина Ералиева атындағы мәдениет үйінің директоры болып қызмет етеді. Жыл басында қабылданған жоспарға сәйкес жұмыстар жүйелі атқарылуда дейді. Бүгінде қазіргі ахуалға байланысты қазіргі шараларды онлайн форматта, рұқсат етілген жағдайда халықтың демалысын оңтайлы ұйымдастыру барысында алаңдарда аз көрерменмен өткізетіндіктеріне тоқталып өтті.

 

- Мәдина Ералиева атындағы мәдениет үйінде тоғыз үйірме бар. Мектеп оқушыларын өнерге баулимыз, үлкен өнерге тәрбиелейміз. Қазіргі жұмысымыз – үйірмелерге тұлғалардың атын беру. Тарихи тұлғалардың атын беру арқылы өнерді жаңғыртқымыз келеді, жастардың тәрбиесіне, танымына осылай әсер еткіміз келеді. «Балбұлақ» деп аталатын күй үйірмесін Домбыра күніне орай – әйгілі күйші Тасболат Ысқақов атындағы үйірме етіп қайта жасақтадық. Сол күні облыстық жасөспірім күйшілер арасында Тасболат Ысқақов атындағы байқау ұйымдастырдық. Аталған байқау нәтижесі бойынша облыстағы жас таланттарды іріктеп, «Күйші бала-2021» номинациясын тапсырамыз. Бұның арнайы жүлде қоры бар. Кәсіби мамандар қазылық етеді. Бізде жыр-терме, ән үйірмесі бар. Олардың әрқайсысының жеке-жеке бөлмелері бар. Бір жағы, есімі берілген адамдардың зерттеу орталығы секілді жұмыс істейді. Деректер жинақтайды, олардың күйін, ән қорын талдайды. Былтырдан бастап онлайн форматта жұмыс істегендіктен, әлеуметтік желілеріміз арқылы бірнеше айдар аштық. «Айтыстағы айшықты ойлар», «Парасатты поэзия» атты әнге, күйге жырға қатысты осындай айдарларымыз бар. Мәселен, «Парасатты поэзия» айдарында бір ақын өзінің өлеңін оқып, оның шығу тарихымен таныстырады. Жергілікті телеарналардың көмегімен таспалап, көрерменге ұсынып жатырмыз. Ақындардың ішкі толғанысы, шығару сәті көрермен үшін қызық болуы мүмкін. Көпшілігі күйдің тарихын білмейді. «Күй-керуен» айдарында күйді тартқызып, тарихына тереңінен бойлаймыз», - дейді Нұрмат Мансұров.

 

Міне, төл мәдениетіміздің дамуы үшін осындай іргелі істер қолға алынып жатқандығын айтты. «Сыр елі – жыр елі» бекер айтылмайды. Сонымен қатар, Сыр елі бүгінгі жас өнерпаздарымен мақтанады. Нұрмат Мансұровтан бүгінгі ізбасарларыңыз кімдер деп сұрағанымызда, іркілместен жас талантты ақындардың атын тізіп шықты. Бұл екі буынның ортасында байланыс барын, ағаның қамқорлығын, інінің ізеттілігін көрсететін көрініс деп қарауға болады.

 

- Бізден кейінгі толқында Мейірбек Сұлтанхан, Ержан Әміров деген ақындар бар, одан кейінгі аралдық Бексұлтан Орынбасаров, қармақшылық Сырым Әділбек, сырдариялық Мұхамеджан Мәнсұр қазір көптің көзіне түсіп жүр. Қалалық Асқар Тоқмағанбетов мәдениет үйіне қарасты «Қауырсын» деген жас ақындар үйірмесі жұмыс істейді. Онда белгілі ақын Мамыр Байдәулетов ұстаздық етеді, соның жетекшілігімен бірнеше ақындар шоғыры қалыптасты. Жамбыл Бақытәлі, Біржан Сандыбай, Ержан Қартбай жас таланттар айтыс өнеріне Сыр бойының атынан үлесін қосатын бірден-бір жеңімпаз, жүлдегер, олжалы ақындар деп болашағына үмітпен қараймыз. Бүгінгі ізбасарларымыз – осылар. Биыл осы Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының Қызылорда облысы бойынша филиалын аштық. Филиалға одақтың төрағасы Жүрсін Ерманның ұсынуымен жетекшісі болып белгілендім. «Ақ сөйле» деген бірлестігіміз бар еді, облыстық ішкі саясат басқармасымен бірге «Сыр дарыны» жобасын атқарып жатырмыз. Жазба ақындарды, айтысқа бейімі бар оқушыларды, шығармашыл жастарды тауып, шығармашыл орта қалыптастыруды ойлаймыз. Соның нәтижесінде 2021 жылы «Сыр дарынын» анықтаймыз», - дейді мәдениет қызметкері.

 

Айтыскер жас таланттардың өнерін шыңдау үшін өз мектебін қалыптастырған Аманжол Әлтаев, Бекарыс Шойбеков, Мұхамеджан Тазабеков сынды қадау-қадау ақындарды жас буынмен жолықтырып, олардың айтыстағы тәжірибесін алса деген ойда. Осылайша, аға буын мен кейінгі буын арасында алтын көпір жасағысы келеді. Талантты шыңдап отырмаса, тасада қалып қояды. Сондай-ақ оқушылар айтысын жасауды көздеп отырмыз дейді. Қазір Қызылорданың барлық аудандарында жас ақындарды тәрбиелейтін орта бар екендігін, олардың арасында бәсекелестікті орта қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

 

Бүгінгі біздің кейіпкеріміздің айтыс аламанында жүргеніне биыл – 15 жыл. Алдағы жоспарына соған сәйкес жасаған айтыстарын негізге алып, кітап шығаруды мақсат етіп отыр. Өзі қамынан бұрын, халықтың қамын бірінші орынға қойған ол аудиоантологиялар шығару жоспарлап жүргендерін айтты. «Мәдениет саласында қызмет ету – халықтың ертеңіне қызмет ету» деп бағалайды. Сондай-ақ ол сөз соңында мына тәмсілді еске салды:

 

- «Бір қолбасшы өз көмекшісінен сұрайды:

Мәдениетке қанша қаржы бөлінді? - деп. Сонда көмекшісі:

- Қазір соғыс болып жатыр, мәдениеті несі? - дегенде:

- Егер мәдениетті сақтамасақ, онда не үшін соғысып жатырмыз, - деген екен.

 

Ұлттың болмысын, тілін, мәдениетін дегеніміз – ұлттың тамырымен байланыстырған айтыскер бүгінгі айтыс өнері қазақ қоғамына өз миссиясын адал атқарып жатыр деген пікірде. Биылғы айтулы оқиға қазақ айтысының қара нары Жүрсін Ерманов – 70 жаста екенін айта келе, соны республикалық атап өту қажеттігін алға тартты. Жас таланттардың айтысқа ішкі дайындығының толысып келетіндігіне көңілі толатынын ашық айтты. Өз ойын айтыстың болашағы бүгінгіден де жарқын болады деген сеніммен түйіндеді.

 

Бөлісу:
(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға