Жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда дзюдодан Азия чемпионаты өтеді

Бұл туралы Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі хабарлады
Нұр-Сұлтанда дзюдодан Азия чемпионаты өтеді
Фото: inbusiness.kz 25.07.2022 17:05 2538

4-7 тамыз күндері Нұр-Сұлтан қаласы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында дзюдодан ерлер және әйелдер арасында Азия чемпионаты өтеді, – деп хабарлайды El.kz. 

Бұл туралы Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Төрт күнге жалғасатын құрлықтық додада татами шеберлері жекелей және аралас-командалық жарыс бойынша өзара мықтыны анықтайды. Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) күнтізбесіне сәйкес өткізілетін жарысқа Азияның 30 елінен 400-ге жуық  дзюдошы қатысады деп жоспарлануда. 

– Қазақстан дзюдодан әлемдік бәсекелерді өткізу бойынша мол тәжірибеге ие. Осы уақытқа дейін Халықаралық дзюдо федерациясы елімізге әлемдік лицензиялық Гран-при жарыстарынан бөлек, ересектер арасындағы әлем чемпионаты (2015, Нұр-Сұлтан) мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын (2019, Алматы) өткізуді сеніп тапсырған. 2017 жылдан бері Азия дзюдо одағының күнтізбесіне сәйкес жылда елімізде жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында дәстүрлі түрде екі рет Азия кубогі өткізіліп келе жатыр. Енді міне, биыл Азия чемпионатын өткізу құқығына ие болдық. Бұл тек спортшыларымыз үшін емес, отандық дзюдо отбасы, жанкүйерлер үшін тамаша жаңалық, – деді Қазақстан дзюдо федерациясы президентінің міндетін атқарушы.

Сондай-ақ ол мұндай ірі жарыстарды елімізде өткізу арқылы спортшыларымыздың тәжірибесін шыңдап қана қоймай, әлемдік аренада спорт державасы ретінде қалыптасқан имиджімізді нығайта түсетінін айтты.

– Елорда татамиіне Азия үздіктері бас қосады, жаңа есімдер шығады.  Кумирлеріне қарап бой түзеп келе жатқан жас буын үшін де бұл қуанышты жаңалық әрі керемет мүмкіндік деп ойлаймын. Өз кезегінде, бапкерлер қосынының шешімімен Қазақстан ерлер және әйелдер құрамасынан негізгі және қосалқы құрама спортшылары аралас қатысады. Ұлттық құрама сапындағы дзюдошылар үшін құрлықтық бәсеке жылдың басты додасы әлем чемпионатына дайындық болып табылса, құрама қатарына енді қосылған жас дзюдошылар үшін Азия чемпионатына қатысу ірі жарыстың атмосферасын сезініп, тәжірибе жинауға мүмкіндік береді, – дейді Қазақстан дзюдо федерациясы президентінің міндетін атқарушы Асхат Жіткеев. 

Айта кетерлігі, IJF ережесі бойынша, Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Олимпиадалық рейтингте ұпай сандары қосылады. Атап айтқанда, жеңімпаз 700 ұпайды еншілесе, 2 орын иегері 490, ал 3 орынға 350 ұпайдан үлестіріледі. 

Дзюдодан Азия чемпионаты отандық «Qazsport»арнасынан тікелей трансляцияланады. «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры жарыстың ресми бас серіктесі болып табылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға