Нұр-Сұлтанда Әзербайжан Мәмбетовтің мерейтойына арналған «TEАТРALL» фестивалі өтеді
Астанада Әзербайжан Мәмбетовтің 90 жылдық мерейтойын атап өту мақсатында «TЕАТРALL» фестивалі өтеді. Бұл туралы елорда әкімдігінде өткен брифингіде Нұр-Сұлтан қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Камзин мәлім етті, деп хабарлайды El.kz.
«Фестиваль 22-30 қазан аралығында өтеді. Оны қала әкімдігі ұйымдастырады. Шараға республикалық және шетелдік театрлардан 14 спектакль іріктеледі. Спектакльдерді тәуелсіз сарапшылар анықтайтын болады. Бүгінгі күні театрдың электронды поштасына 25-тен астам өтінім келіп түсті. Оның ішінде еліміздің әр өңірі мен Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясынан және Түркі мемлекеттерінің халықаралық ұйымынан өтінімдер қабылданды. Спектакльдерге қойылатын басты талап – олар Әзербайжан Мәмбетовтің қойған пьесалары болуы тиіс», - деді Нұран Камзин.
Оның айтуынша, қазылар алқасының құрамына Қазақстан, Ресей және Қырғызстанның белгілі театр қайраткерлері енеді. Сонымен қатар фестивальге шетелдік белгілі өнер адамдары шақырылады.