Жаңалықтар

Нұр-Сұлтанға жыл басынан бері 200 мың турист келген

Пандемиядан кейінгі туризм
Нұр-Сұлтанға жыл басынан бері 200 мың турист келген
Фото: El.kz 06.07.2022 17:14 2553

Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан 20 жылдан астам уақыт бойы әлемнің көптеген елінен турист келетін тартымды шаһарға айналды. Пандемиядан кейін де елордаға туристер ағыны 30%-ға артып, шетелдік туристер саны 23%-ға артты, – деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы Astana Invest компаниясымен бірлесіп туристік саланы дамытады және осы салада статистика мен талдау жүргізеді. Деректерге сәйкес, 2021 жылы сырттан келетін туристер саны 2020 жылмен салыстырғанда Ресейден 23%-ға, Түркиядан 36%-ға, Украинадан 24%-ға, Біріккен Араб Әмірліктерінен 10%-ға артқан.

Нұр-Сұлтаннан 27 елге тікелей рейс бар

Соңғы екі жылда бүкіл әлемде эпидемияға қарсы шаралар жасалып, туризм саласы айтарлықтай зардап шеккен еді. Статистика органдарының мәліметінше, туризм саласы қалпына келіп жатыр, 2021 жылы туристер саны 2020 жылмен салыстырғанда 88%-ға артқан.

Нұр-Сұлтанға 2021 жылы 751 123 мың турист келген, оның ішінде 78 023 шетелдік, 673 100 қазақстандық бар. Өз кезегінде, 2022 жылдың бірінші тоқсанында туристер саны 206 245 мың адамды құрады, оның ішінде 18 673 шетелдік, 187 572 өз азаматтарымыз бар. Соңғы мәліметтер бойынша, туристер саны 30%-ға артқан.

2021 жылы орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 75%-ға артты. 2021 жылы елордаға 4,8 млн адам ұшақпен келген, бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 48%-ға артты.

Сонымен бірге, 73 елмен визасыз режим қалпына келтірілді. Бұл көрсеткіш 2019 жылғы деңгейіне қайта оралды.

Нұр-Сұлтаннан әлемнің 27 еліне халықаралық тікелей рейстер ұшырылады: Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Грекия, Грузия, Египет, Үндістан, Иран, Италия, Катар, Кувейт, Қырғызстан, Мальдив, Моңғолия, Нидерланды, БАӘ, Польша, Ресей, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Чехия және Оңтүстік Кореяға аптасына 76 маршрут жүргізіледі.

Әкімдіктің хабарлауынша, әзірге Қытаймен тікелей рейстер ашылмады. Тікелей рейстердің қайта басталуы екі ел арасындағы келісімдерге тікелей байланысты.

Іс-шаралар туризмінің дамуы

Нұр-Сұлтан қаласы өзін MICE-индустрия бағытында дамытуда. Яғни, MICE – Meetings (келіссөздер, кездесулер), Incentives (бағдарламалар мен турлар, тимбилдингтер), Conferences (семинарлар, кеңестер, конференциялар), Exhibitions (имидждік іс-шаралар, көрмелер), түрлі корпоративтік шаралар өткізумен байланысты іскерлік туризм индустриясының бір саласы.

Жалпы іс-шаралар және бизнес-туризмді дамыту үшін шет тілдерін меңгерген мамандар даярлануы тиіс. Мұнда белгілі бір мәселелерді талқылау үшін жоғары лауазымды қонақтар, бизнесмендер және сала сарапшылары жиналады. Нұр-Сұлтанда іс-шаралар туризмін дамыту үшін үлкен перспективалар бар.

Биыл да елордада түрлі халықаралық форумдар, конференциялар, мамандандырылған кеңестер қайта жанданды. Мысалы, маусым айында «Астана» халықаралық қаржы орталығында дәстүрлі Astana finance days өтті. Бұл шараға 70-тен астам елдің өкілдері қатысты.

Ал қыркүйекте әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезін өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI Саммитіне дайындық жүріп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға