Жаңалықтар

"Мызғымас бауырластық-2024": Бітімгерлік күштерінің командалық-штабтық оқу-жаттығуы аяқталды

"Мызғымас бауырластық-2024": Бітімгерлік күштерінің командалық-штабтық оқу-жаттығуы аяқталды
Фото: Қорғаныс министрлігі 05.10.2024 17:29 443

Бүгін Қазақстан Қарулы Күштерінің "Жағалау" полигонында "Мызғымас бауырластық-2024" оқу-жаттығуы аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерінің іс-қимылын Қазақстан Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов, ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары Таалатбек Масадықов және ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы генерал-полковник Андрей Сердюков бақылады.

Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық ету шеңберінде біздің еліміздің басымдықтарының бірі ретінде ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік жүйесі күш-құралдарының жоғары әзірлікте болу қажеттігін атап өтті. Бітімгерлік әлеуетті дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр, – деді Қорғаныс министрі.

Ұжымдық бітімгерлік күштер берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындады. Оқу-жаттығу барысында ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерінің бітімгерлік операциясына дайындығы және оны өткізу мәселелері пысықталды.

Оқу-жаттығу барысында ведомствоаралық және халықаралық өзара іс-қимылды сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін қорғаныс және басқа ведомстволар арасындағы іс-қимылды үйлестіруге ерекше назар аударылды.

"Мызғымас бауырластық-2024" командалық-штабтық оқу-жаттығуына БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларында тікелей тәжірибесі бар және дайындықтан өткен нұсқаушылар тартылды. Ұжымдық бітімгерлік күштерінің бөлімшелері бақылау-өткізу пункттерінде, босқындарды қабылдау пункттерінде бітімгерлік міндеттерді бірлесіп шешті, жергілікті жерді патрульдеуді жүзеге асырды және гуманитарлық көмек көрсетті.

Оқу-жаттығудың салтанатты жабылу рәсімінде Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қатысушылардың әрқайсысы өзінің далалық дағдылары мен кәсіби машығын арттырғанын, бейбітшілікті сақтау бойынша операция жүргізуде тәжірибе жинағанын, сондай-ақ көпұлтты күштердің іс-қимылдарын үйлестіруге дағдыланғанын атап өтті.

Еске салсақ, "Мызғымас бауырластық-2024" командалық-штабтық оқу-жаттығуы Қазақстанда 1–5 қазан аралығында Қарулы Күштердің "Жағалау" оқу-жаттығу полигонында өтті. Оған Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан бітімгерлік күштерінің ұлттық контингенттері, ҰҚШҰ Біріккен штабы мен Хатшылығының жедел топтары қатысты. Оқу-жаттығуға барлығы 2000-нан астам әскери қызметші, 500 бірлік бронды танк және автомобиль техникасы, Ми-17, Ми-35 тікұшақтары, Ил-76 және Си-295 ұшақтары, ұшқышсыз басқарылатын авиация тартылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға