Жаңалықтар

Мысырдағы Сұлтан Бейбарыс мешіті сәуірде қайта ашылады

Мысырдағы  Сұлтан Бейбарыс мешіті сәуірде қайта ашылады
Фото: Қазақстанның Мысырдағы Елшілігі 01.03.2023 10:37 1450

Қазақстанның Мысырдағы Елшілігі еріктілермен – Мысыр және Қазақстанның студент жастарымен бірлесе отырып, Жастар және спорт министрі доктор Ашраф Собхи мен Туризм және көне жәдігерлер министрі Ахмед Исаның тікелей қолдауымен Каир маңындағы «7 қыз» кешенінің аумағындағы тарихи орындарды қоқыстан тазарту бойынша қайырымдылық шарасын өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл іс-шараны өткізуге ірі тазалау компаниясы «Bio Energy Egypt», Hermes қаржылық холдингі, «Arab Contractors» халықаралық құрылыс компаниясы, «Edita» азық-түлік компаниясы, «EIPICO» фармацевтикалық компаниясы сияқты Елшіліктің мысырлық серіктестері өз үлестерін қосты.

Бұл қайырымдылық шарасының Қазақстан мен Мысыр арасындағы қарым-қатынастың өзіндік символына айналған Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойын тойлау қарсаңында өтіп жатқанын ерекше атап өткен жөн.

Мысыр мен Сирияның XIII ғасырдағы көрнекті билеушісі, қазақ даласының ұлы Сұлтан Бейбарыстың тарихи мұрасы тақырыбы екі елдің мәдениет саласындағы қарым-қатынасында ерекше орын алады. Екі елдің үкіметі де Бейбарыс мешіті кешенінің аумағындағы қалпына келтіру жұмыстарын аяқтауға көп күш жұмсады. 2007 жылы 20 қазанда қол қойылған Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіру бойынша ынтымақтастық туралы келісім аясында Қазақстан тарапы Мысыр тарапына 4,5 млн АҚШ долларын бөлді.

«Әмір Қорқамыш» кешені аумағында өткізілген қайырымдылық шарасы барысындағы құттықтау сөзінде Мысырдың көне жәдігерлері Жоғарғы Кеңесінің Бас хатшысы доктор Мұстафа Уазири мұндай шаралардың Мысыр және Қазақстан қоғамының ортақ игілігі үшін маңыздылығын атап өтіп, Қасиетті Рамазан айы мен Ораза айтынан кейін, яғни сәуір айының соңында Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешіті салтанатты түрде ашылатынын хабарлады.

Қазақстан Елшісі Қайрат Лама Шариф өз кезегінде Сұлтан Бейбарыс мешітінің ашылуы бауырлас екі халықтың мәдени өміріндегі ерекше оқиға болатынын, оның салтанатты ашылу рәсімі осы жылдың сәуір айында Ораза айт мерекесінен кейін Қазақстаннан келетін арнайы делегацияның қатысуымен өтетіндігін атап өтті. Сондай-ақ, Бейбарыстың мерейтойын тойлау жылында екі ел аумағында Мәдениет күндері, мәмлүктердің Мысырдағы билік ету дәуірі тақырыбында сурет көрмелері, ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдер сияқты ірі бірлескен іс-шаралар жоспарланып отырғанын айтты.

Осы айтулы күні мысырлық көрнекті мәмлүктанушы-тарихшылар, зиялы қауым өкілдері мен жастар да өз тілектерін білдірді. 250-ден астам қатысушының, оның ішінде екі елден 200 еріктінің басын қосқан іс-шара қос елдің тарих беттеріне бірлік, бауырластық және өзара құрмет рухында енді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға