Жаңалықтар

Мысырда Мәмлүктер дәуірінен қалған 400-ден астам ескерткіштер бар – Қайрат Лама Шариф

Мысырда Мәмлүктер дәуірінен қалған 400-ден астам ескерткіштер бар – Қайрат Лама Шариф
Фото: qazaquni.kz 06.03.2023 11:49 2314

Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Қайрат Лама Шарифпен сұхбат.

3 наурызда Қазақстан Үкіметі Байбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойын мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Осы істің бастауында өзіңіз тұрғандықтан барлық ойлаған, жоспарлаған ұсыныстарыңыз іс-шаралар жоспарына енді ме?

– Әрине, бұл өте қуанышты жаңалық. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен комиссия Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойын арналған 500-ден астам іс-шара белгілеп, оның 50-ге жуығы халықаралық және ұлттық деңгейде өтеді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі және оның шет елдердегі елшіліктері халықаралық шараларды іс жүзіне асыратын болады.

«Тойдың болғанынан болары қызық» демекші, министрліктер және әкімдіктермен ақылдасып, алдағы уақытта бірігіп жұмыс істейтін боламыз.

Атап айтқанда, Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Көне қолжазбаларды жөндеу қазақ-мысыр шеберханасы ашу жоспарымызда бар. Мысырлық реставраторлар қазақ мамандарына жинақталған мол тәжірибелерімен бөлісе отырып, еліміздің әртүрлі қорларында ұзақ жылдар бойы сақтаулы 12 мыңнан астам қолжазбаларды зерттеп, каталогтарын жасап, жөндеуден өткен қолжазбалардың цифрлық көшірмелерін ғаламтор арқылы таратады. Осылайша, жас ғалымдар мен зерттеушілер ата-бабаларымыздың қалдырған асыл мұраларын зерттеуге толық мүмкіндік алады.

Сондай-ақ Атырау облысы әкімдігімен бірлесіп, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Қыпшақ мәмлүктерін зерттеу Орталығы мен мұражай ашылғанын маңызды деп санаймыз. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Сарайшықты көпшілікке насихаттау, ескерткішті сақтау мәселелерін қарастыру мақсатында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны алдағы сәуір айында өткізеді. Мысырлық мәмлүктанушылар «Мәмлүктер мемлекеті мен Алтын Орда мемлекеті арасындағы байланыстар» атты тақырыптарда баяндамалар жасауға дайын.

Осының барлығы 2021 жылдың 13 қаңтарында Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында өтеді.

Каир қаласындағы Байбарыс мешітін қайта қалпына келтіру ұзақ жылдарға созылды. Жөндеу жұмыстарының нәтижесі және оған еліміздің қосқан үлесі қандай?

– Мысырды үш ғасырға жуық мерзім ішінде билеген мәмлүк сұлтандарының ішіндегі ең белгілі де сыйлысы, моңғол шапқыншылығы мен крест жорығына тойтарыс берген атақты қолбасшы, күллі мұсылман әулетінің бетке ұстар мақтанышы, ұлы Мәмлүк мемлекетінің негізін қалаушы, билігі заманында Мысыр елінің гүлденуі мен өркендеуіне өзінің өшпес үлесін қосқан (1260-1277 жж.) даңкты Сұлтан әз-Захир Бейбарыс мешіті Мысыр астанасы Каир қаласының аты ежелгi бөлiгiндегi «Әз-Захир» ауданында орналасқан. Бұл тарихи әрі діни жәдігер Каирдің жүздеген мешіттерінің арасында мысырлықтардың айрықша қошеметі мен сүйiспеншiлiгiне бөленген.

Мысырда Мәмлүктер дәуірінен қалған 400-ден астам ескерткіштер бар – Қайрат Лама Шариф

2007 жылы Каирде Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтірудегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Мысырлық тарап жобаның құнын – 12 млн. АҚШ долларына бағалады. Қазақстандық тарап қайтарымсыз негізде 4,5 млн. АҚШ долларын бөлді.

Өкінішке орай, 2010 жылғы «Араб көктемі», одан кейін «Ағайынды мұсылмандар» қозғалысының көшбасшыларының билікке келуі кезінде мешітті жөндеу жұмыстары тоқтап қалды.

2018 жылдың 16 қазанда Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіру жұмыстары қайта басталды. 2019 жылы Мысыр үкіметі 181 млн. фунт (10,5 млн. АҚШ доллары) Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін жөндеуге жұмсады. Уақыптар министрлігі осы жобаны жедел іске асыру үшін өз бюджетінен қосымша 10 млн.фунт бөлді.

2022 жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Бейбарыс мешітіне зиярат жасады. Мысырға сапары барысында Сенат төрағасы Әл-Азхардың Бас имамы, шейх доктор Ахмед ат-Тайеб және Мысырдың Уақыптар министрі доктор Мұхамед Мұхтар Жұмамен кездесулер өткізді. Уақыптар министрі қазақ тарапына Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіруге қосымша 2 млн. АҚШ доллар қаржы бөлгенін мәлімдеді. Міне, Ораза айтынан кейін Бейбарыс мешіті, иншалла, салтанатты түрде ашылатын болады.

Байбарыс сұлтанның істерін ұлықтауға мысырлық тараптың қатысу деңгейі қандай?

– Әл-Азхар Ислам зерттеулер Академиясы Сұлтан Бейбарыстың мешіті салтанатты ашылғаннан кейін мерейтойға арналған халықаралық ғылыми конференциясын өткізеді. Осы орайда мысыр тарапы аталған іс-шараға қатысатын қазақстандық ғалымдардың баяндамаларын күні бұрын жіберуді сұрайды.

«Египет поштасы» «ҚазПоштамен» бірлесіп, Сұлтан Бейбарыстың мерейтойына арналған қазақ-мысыр пошта маркаларын шығарады.

Мансур университеті Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен бірлесіп, «Атлах-Талас шайқасынан Айн Жалұт шайқасына дейінгі кезең» атты ғылыми симпозиумын өткізбекші.

Сондай-ақ Мәмлүктер дәуірі туралы сыр шертетін Каирдің Ислам өнері музейі Еліміздің өңірлеріндегі мұражайларда жылжымалы көрмелер өткізуге дайындалып жатыр.

Мәмлүктанушы ғалымдар қазақ тарихшыларымен бірігіп, «Мысыр мен Шам елінің Билеушісі Сұлтан Бейбарыс ірге тасын қалаған Мәмлүктер Мемлекетінің энциклопедиясын» араб, қазақ тілдерінде басып шығаруды қолға алды.

Қазіргі уақытта Мысыр жерінде Мәмлүктер дәуірінен қалған 400-ден астам ескерткіштер бар. Жерінің 8 пайызы ғана 100 млн. астам халқына Ніл өзенінің бойында өмір сүруіне жарамды болып саналатындықтан, әрі жер тапшылығынан, Ұлы Дала елінен келген Мәмлүктердің көне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғап қалу мәселесі туындауда. Ол үшін тараптар Мәмлүктер дәуіріндегі тарихи және мәдени ескерткіштердің ортақ мемлекеттік тізімін жасап, оларды қамқорлыққа алу туралы Келісімге қол қою қажет.

Елшіліктің бастамасымен жақында жүзеге асқан тарихи орынды тазалау жұмыстарын мысырлық қоғам, медиакеңістік қалай қабыл алды?

– Өте жоғары бағалады. Көктемнің алғашқы күнінде, яғни Алғыс айту мерекесі шеңберінде өткен екі бауырлас елдің еріктілер жастары Каир маңындағы «Жеті қыз» кешенінің аумағындағы тарихи орындарды қоқыстан тазарту бойынша қайырымдылық шарасын өткізді. Бұл үрдіске Мысырдың Жастар және спорт министрлігі, Туризм және Көне жәдігерлер министрлігі қызметкерлері де белсене қатысты. Сонымен қатар ірі тазалау компаниясы «Bio Energy Egypt», Hermes қаржылық холдингі, «Arab Contractors» халықаралық құрылыс компаниясы, «Edita» азық-түлік компаниясы, «EIPICO» фармацевтикалық компаниясы демеушілік білдірді. Бірнеше телеарналар тікелей эфир арқылы Қазақстан Елшілігінің игі бастамалары туралы ақпараттар таратты.

«Әмір Қорқамыш» кешені аумағында өткізілген қайырымдылық шарасы барысындағы құттықтау сөзінде Мысырдың көне жәдігерлері Жоғарғы Кеңесінің Бас хатшысы доктор Мұстафа Уазири мұндай шаралардың Мысыр және Қазақстан қоғамының ортақ игілігі үшін маңыздылығын атап өтіп, өз алғысын да білдірді.

Екі ел арасындағы қарым-қатынастардың бүгінгі таңдағы жағдайы қандай?

– Қазақстан мен Мысыр арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығы ішінде бірлескен күш-жігермен Қазақстан-Мысыр достығының, өзара түсіністік пен жемісті ынтымақтастықтың берік іргетасы қаланды.

Екіжақты шарттық-құқықтық базаның ауқымы кеңейді. 50-ден астам құжатты қамтитын екі жақты қатынастардың құқықтық базасы дәйекті түрде одан әрі жетілдіріліп келеді.

Бірлескен күш-жігердің арқасында экономикалық байланыстар жүйелі түрде құрылды және нығайды, мәдени-гуманитарлық салада өзара іс-қимыл орнатылды. Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық үкіметаралық комиссия және «Қазақстан – Мысыр» Іскерлік Кеңесі сияқты тетіктер шеңберінде жүзеге асырылады.

Екі тарап сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейтуге және тереңдетуге ұмтылуда. Ағымдағы жылдың 7-8 маусымында Астана халықаралық форумаға 20-дан аса ірі компаниялар қатысуы жоспарлануда. Күш-жігер өзара сауданың тауарлық құрылымын кеңейтуге және жоғары өңделген өнім үлесін арттыруға бағытталған. Ауыл шаруашылығы, фармацевтика өнеркәсібі, құрылыс индустриясы және туризм салаларындағы ынтымақтастыққа басым көңіл бөлінеді. Қазақстан мен Мысыр мәдени-гуманитарлық және ғылыми-білім беру салаларындағы ынтымақтастықты қарқындатуға, екі елдің жетекші ғылыми мекемелері негізінде студенттік алмасу және бірлескен ғылыми зерттеулер практикасын кеңейтуге, халықтарымыздың бай тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға мүдделі.

Жыл сайын 150 мыңнан астам қазақстандық туристтер Египеттің Қызыл теңіз жағалауындағы курорттарда дем алуда. Air Astana мен SCAT әуекомпаниялары аптасына 20 рейспен жолаушыларды Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтөбеден Шарм аш-Шейх әуежайына дейін тасымалдауда. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға